Бүгінде аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері «Алмалы сай» демалыс орнында оқу жаттығу жиынын өткізуде. Спортшыларды физикалық тұрғыдан мығым , шымыр қылатын жаттығу жиынына бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып және еркін күрестен спорт шебері, Халықаралық жарыстардың жеңімпазы қошқар көтеруден рекордшы Акбар Елубайұлы арнайы келіп, жаттығу үстіндегі спортшылармен кездесті. Кездесу барысында жас спортшылар чемпион ағаларына өздерін толғандырған түрлі сұрақтарын қойып, чемпион болудың, спортта жетістікке жетудің жолдарын қызыға сұрады. Өз кезегінде Біржан Жақып, аянбай төккен тердің нәтижесі жеңіске жетудің тікелей жолы деді. Палуан Акбар Елубайұлы жас кезде аянбай жаттығу жасап, жаттықтырушылардың ақыл- кеңесін тыңдаңдар деген кеңесін берді. Ағалық ақылын айтқан Біржан Жақып жас боксшылардың жаттығу жиынына қатысып, жас спортшыларға рухани ерік пен жігер сыйлап, аталмыш спорттағы әдіс тәсілдерді дамытатын шеберлік сабағын өткізді.