Салауатты өмірдің басты бағыты – сан салалы спорт. Кейінгі жылдары аймақта спортпен шұғылданатындардың саны артып келеді. Бұқаралық спортты басты бағытқа балаған Түркістан облысы республика бойынша оқ бойы озық келеді. Бұған дейіін өңір спортындағы соны серпілістерді атап кеткен болатынбыз. Бүгінгі мақаламыздың баяны Түркістандағы су спортының жай-күйі мен жарқын жетістіктері туралы болмақ. Киелі шаһарда орналасқан «Орталық су-спорт кешенінің» құрылысы осыдан 10 жыл бұрын аяқталып, ел игілігіне берілген болатын. Айта кетейік, аталған кешен 2018 жылы Түркістан облысы құрылуына байланысты облыстық «Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен» бөлініп, облыс әкімдігінің 2019 жылғы қаулысымен «Орталық су-спорт кешені» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны болып өзгертілген болатын. Қалалық мәслихат депутаты Ғалымжан Худияров басшылық жасайтын, су спортының сайыпқырандарын байтайтын бұл кешенге келушілер қарасы қысы-жазы үзілмейтінін байқау қиын емес. Мамандардың айтуынша, бассейн суы жыл бойы қалыпты температурада болады. Судың температурасы +24-26 градус аралығында. Ұзындығы 25 метрді, ал ені 11 метрді құрайтын бассейннің тереңдігі 1,8-2 метр. Бассейнде белгіленген 4 жүзу жолағы бар. Сыйымдылығы сағатына 40 адамды қамтуға қауқарлы кешен негізгі құрылғылармен толықтай қамтамасыз етілген. Бір қуантарлығы спорт кешені кәсіби жүзушілерге ғана емес, таңғы 8-ден кешкі 10-ға дейін халық игілігіне де қызмет етеді. Бұл өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға, қала халқының жүзу спортымен шұғылдануына септігін тигізуде. Байқағанымыздай, жас талаптардың жан-жақты бейімін арттыру үшін кешен аумағында футбол, баскетбол алаңдары орналасқан.
Қазіргі таңда мұнда 5 жаттықтырушы жұмыс жасайды. Сондай-ақ, 177 оқушы жаттығады. Он үш топқа бөлінген оқу-жаттығу процесіне 110 ер бала және 67 қыз бала қатысып жатыр. Келешегі кемел кешеннің ауыз толтырып айтарлық нәтижесі де аз емес. Мәселен, 2020 жылдан бастап су-спорт кешенінің спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда жетістіктерге жетіп келеді.
Талантты ұстаз талапты шәкірт тәрбиелейді
Қиындығы мен қызығы қатар жүретін бапкерлік өнердің нәтижесі бір күнде көрінбейтіні анық. Тынымсыз жаттығу мен талмас жігердің арқасында оқушылары оқ бойы озық жүрген спорт кешенінің жаттықтырушылары тәжірибе мен біліктілікті басты орынға қоятынын жасырмады. Аз-кем әңгіме арасында жаттықтырушылардың бірі Қуанышбек Бақбергеннің жұмыс барысымен таныстық. Күнделікті жаттығуларын қарқынды бастаған бүлдіршіндердің көптігін көріп, бұл спорттың қаламызда қаншалықты дамып келе жатқанына көз жеткіздік. Қуанышбек жаттықтыратын 6-12 жас аралығындағы балалар «Орталық су спорт» кешеніне жаттығуға әрісі 1 жыл бұрын, берісі 12 күн бұрын қабылданған. Әрине, талай жеңіс ұстаздың тыңғылықты тәлімінің нәтижесінде болатыны сөзсіз. Оның үстіне мұндай жауапты жұмысқа жастардың жұмылуы су спортының келешегіне деген сенімімізді арттыра түседі. Жаттықтырушылардың алдағы 5-6 жылда осы бүлдіршіндер Түркістан абыройын асқақтатып, ел мерейін өсіретініне сенімі мол. Талапшыл жаттықтырушылар шыңдайтын талантты түркістандықтар бірнеше белесті бағындырып та үлгерген, Тарқатып айтсақ, 2022 жылы Ақтөбе қаласында жастар арасында тірек-қимыл аппараты зақымданған және қөру қабілеті төмен спортшылар арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Рахманберді Сәулет еркін жүзуден 50 метрлік қашықтықта I орын, еркін жүзуден 100 метрлік қашықтықта IІ орын, шалқалай жүзуден 100 метрлік қашықтықта IІ орынды иеленген. Сондай-ақ, Сәулет Бауыржанұлы былтыр ғана Тараз қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында брасс әдісімен жүзуден 50 метрлік қашықтықта I орын, шалқалай жүзуден 50 метрлік қашықтықта І орын және еркін жүзуден 50 метрлік қашықтықта І орын олжалаған болатын. Мұнынмен қоса былтыр өткен ҚР-ның VI параолимпиада ойындарында екі спортшы үлкен жетістіктерге жетті. Мәселен, Рахманберді Сәулет 200 метрлік қашықтықта кешенді жүзуден және 100 метрлік қашықтықта брасс әдісімен және шалқалай жүзуден І орынды қанжығалап, жерлестердің үлкен ықыласына бөленген болатын. «Орталық су-спорт» кешенінінң тағы бір мақтанышы Бекасыл Қасымбек те кешенді жүзуден 200 метрлік қашықтықта І орын, брасс әдісімен жүзуден 100 метрлік қашықтықта І орын және еркін жүзу 50 метрлік қашықтықта ІІ орын иеленген еді. Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері Сейділла Мадияр, Тілеубай Нұрғиса, Ирисметов Жамшит, Божбанбай Нұрасыл сынды таланттар да болашақта ел байрағын биікке көтеретін күн алыс емес. Мұның бәрі тынымсыз еңбекпен келген тәжірибенің арқасы. Шағын кешен атынан шығып, республика үздіктеріне айналған спортшылардың артында бірінші кезекте білікті бапкерлердің барын ұмытпағанымыз абзал.
Көпфункциялы кешен көпке үлгі
Қазіргі таңда қала халқының бұқаралық спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы ретте «Орталық су-спорт кешенінің» тұрғындар мен қала қонақтарына қолжетімді бағада қызмет көрсететінін атап өткен жөн. Балалар мен жасөспірімдерді ақысыз түрде жүзу спорт түріне баулуға бағытталған бұл кешен жаз мезгілінде сауықтыру жұмыстарын жүргізіп отырған жалғыз орын. Кешенде қарттар мен мүгедектерге аталған спорт түрімен шұғылдануға жағдай жасалған. Дәлірек айтсақ, зейнеткерлік жастағыларға, мүгедектер мен Семей полигонында болған азаматтарға, спорт және еңбек ардагерлеріне тегін қызмет көрсетіледі. Бұдан бөлек жоғарыда атап өткен спорт алаңдары балалардың дене тәрбиесіне бейімін арттыратыны анық. Сондықтан болар шаһар жұртшылығы аталған кешенге үлкен ықыласпен, құрметпен қарайды.
Спорт – қай заманда да, қай қоғамда да шекарасы шектеусіз, ел мен елді, ұлт пен ұлтты жақындастыратын бейбітшілік бәйгесі. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауларында бұқаралық спортқа, оның ішінде жасөспірімдер спортына көп көңіл бөлу керек екенін үнемі назардан тыс қалдырған емес.
– Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет. Бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және әрине, балаларға басымдық беру керек. Қазіргі заманғы шындық балалар үшін соншалықты қауіпті, сондықтан олардың энергиясы мен қызығушылығын дұрыс бағытқа бағыттау керек. Өйткені, балалар – біздің мемлекетіміздің болашағы – деді Қ.Тоқаев. Бұл өте қуантарлық жайт. Спорт саласына енді келіп, енді айналысып жатқан жастарды үлкен мүмкіндік пен жарқын болашақ күтіп тұр. Болашақта еліміздің атын әлемге әйгілеп, байрақты бәсекелерде Түркістанның атынан топ жаратын спортшылар қатары көбейгені көңілге қуаныш ұялатады. Денсаулығы мықты адам мемлекет байлығы екенін ескерсек, денсаулықты сақтаудың бірден-бір жолы – спортпен шұғылдану. «Спорт – үлкен тәрбие мектебі» деп бекер айтпаса керек. Адам өміріндегі ең бағалы дүние болғандықтан, бүгінгі таңда қаладағы спорт саласына баса назар аударылып, дене шынықтырумен шұғылданатын азаматтарға барлық жағдай жасалып жатқаны сөзімізге дәлел. Осы жауапты жұмысқа белсене кіріскен азаматтарға толағай табыстар тілейміз!
Дәурен ТІЛЕУХАН.