Home Басты жаңалықтар ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСТАР ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫН ЖАҚСЫ ЖАҢАЛЫҚПЕН БАСТАМАҚ

ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСТАР ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫН ЖАҚСЫ ЖАҢАЛЫҚПЕН БАСТАМАҚ

Түркістан облысы Түлкібас ауданына қарасты Састөбе кентінің жастары жаңа оқу жылын жақсы жаңалықпен қарсы алмақ. Себебі бүгін спорт күні мерекесіне орай кент орталығынан 240 адамға есептелген «Ер Жәнібек» атындағы су жаңа шынықтыру-сауықтыру спорт кешені пайдалануға берілді.

454 миллион теңгеге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде Түлкібас ауданының әкімдігі мен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мен «ТұранСпортГруп» ЖШС-нің үш жақты келісімінің аясында соғылған спорт кешенінде бокс, дзюдо, үстел тенисі, баскетбол, еркін күрес және тағы да басқа сияқты спорт түрлерімен айналысуға болады. Келушілердің ыңғайлылығы үшін киім ауыстыруға, душ қабылдауға арналған арнайы бөлмелер және бапкерлер мен медбикелерге арналған бөлмелермен де қамтылған.

Салтанатты жиынның ашылуында алғаш сөз алған аудан әкімі Н.Тұрашбеков барша жиналған қауымды спорт күні мерекесімен және кент тұрғындарын жаңа ғимараттарымен құттықтап, ауданда спорт саласын дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

Сонымен қатар, салтанатты жиынға арнайы ат басын бұрып келген дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Қауысбекұлы, Түркістан облысы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Болат Наурызбайұлы, КСРО-ның спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Махамбет Баймырзаұлы кент тұрғындарын жаңа ғимараттарымен құттықтап, ыстық лебіздерін білдірді.

Салтанатты жиын барысында Түркістан облысы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Болат Қырықбаев аталмыш спорт кешенін соққан «ТұранСпортГруп» ЖШС-нің директоры Есбол Әуесбекұлының иығына шапан жауып, облыс әкімдігінің тарапынан алғысхат табыстады.

Салтанатты жиын соңында дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Қауысбекұлы мен КСРО-ның спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Махамбет Баймырзаұлы арнайы спорт кешенінің ашылу салтанатына орай ұйымдастырылған бокстан облыс біріншілігінің жеңімпаздарын марапаттады.

Бүгінгі таңда ауданда 4 мемлекеттік спорт мектептері және 1 спорт клубы халыққа қызмет көрсетеді. Оның ішінде 1 облыстық, 3 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектептері және 1 спорт клубы спорттың 16 түрінен 14 ауылдық округтердегі үш мыңға жуық жастарды қамтиды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев Қазақстан халқының тұрақты түрде спортпен шұғылдануы 2020 жылға дейін 30 % пайызға жеткізу керектігін айтқан болатын. Қазіргі таңда ауданда тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны 29,7 % пайызға жетті. Жыл соңына дейін аудан жастары мен тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа баулу арқылы аудандағы тұрақты спортпен шұғылданушылар санын 30 %-дан асыру жоспарда бар.