Келес ауданына қарасты №47 Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Сүндетқұл Кәусар Қалмырзақызы кішкентай кезінен бастап еңбекқор болып өсуде. Көп балалы өнерлі отбасында дүниеге келген Кәусар атасына көмектесіп домбыра, қобыз, ұлттық жәдігерлер мен қолөнер бұйымдарын жасайды.
— Менің атам жиырма жылдан бері қолөнермен айналысады. Ес білгелі атамның қасында жүріп, оның жасаған заттарына ұлттық оюды бедерлеп, кейде өзім де біртіндеп түрлі бұйымдар жасауға машықтана бастадым. Маған бұл кәсіп қатты ұнайды. Сабақтан кейін үйге қарай асығамын, бос уақытымды тиімді өткізгім келеді. Мені мектепте өтетін көркем еңбек пәні қатты қызықтырады,-дейді өнерлі оқушы.
Айта кету керек, Кәусардың әкесі шаштаразшы, ал анасы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Атасы мен немересінің бірігіп жасаған қолөнер бұйымдары, соның ішінде домбыралары түрлі көрмелерге қойылған. Ауыл тұрғындары арасында да үлкен сұранысқа ие. Жас шәкірт оқуда озат, түрлі деңгейдегі байқауларда жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Сабағымен қатар өнерден де қол үзбей жүрген Кәусарды өз қатарластары да үлгі тұтады.
Қазақ халқының төл өнері жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен домбыра еске түседі. Домбыра – қазақ халқының асыл қазынасы. Қос ішекті қара домбыраның үнінде Ұлы даланың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі бар
Қазақ ежелден қуаныш пен қайғыны, жақсылық пен жамандықты қара домбыраның үнімен жеткізген. Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі « Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра » деп жырлаған ішекті аспап жайлы толығырақ оқыңыз.
« Домбыра » атауының шығу төркініне қатысты талас-тартыс көп.
Түркі тілдес халықтарда домбыра тектес шертпелі аспаптарды қазақ, ноғай, өзбек, башқұрт – домбыра, тәжік – домбурак, бурят – домбро, монғол – домбор, түрік – томбра, телеуіт – комыс, шор – қобус, қырғыз – қомуз, қырым татарлары – қобуз, хақас – хомус, алтай – топшур, тува – топшулур, түркімен, қарақалпақ, ұйғыр – дутар деп айтады.
Кей деректерге сүйенсек, « домбыра » сөзі көне шумерден аударғанда « кішкене садақ » деген мағынаны білдіреді. Ал академик Ахмет Жұбановтың айтуынша, « домбыра » сөзі « қозы құйрық » сөзімен байланысты « дунбаһ » және « бурра » деген қос араб сөздерінен шыққан. Ғалым шамасы домбыраның шанағының сүйірленіп барып, қозы құйыршықтанып бітетінін негізге алған болуы керек.
Белгілі зерттеуші Хайролла Жүзбасовтың пікірінше, домбыра сөзі « дөп бұра », « дәл бұра », « дем бұра » деген сөздердің тізбегінен жасалған.
Тағы бір деректерде « домбыра » атауы « дом+бұра » деген сөздерінен шыққан делінеді. « Дом » сөзі қазір « домығып, ісініп кету » мағынасында қолданылып жүр. Ал « бұра » « күйге келтір » дегенге саяды.
Домбыра тарихы
Түрлі зерттеулерге сүйенсек, домбыра мен өзге халықтардың осы тектес аспаптары сонау орта ғасырларда белгілі болған. Мысалы, әл-Фарабидің еңбектерін оқысаңыз, тамбур аспабы жайлы кездеседі. Өзбектердің домбыраға ұқсас екі ішекті дутары алғаш рет әл-Хусейнидің « Музыкалық канон » трактатында айтылды.
Археологиялық қазба жұмыстары, тасқа түскен ескерткіштер домбыраның ежелгі түркі дәуірінде пайда болғанын көрсетеді. Алғаш домбыраның шыққан жері түркі халықтарының алтын бесігі Алтай тауы болып саналады.
Белгілі түркітанушы ғалым Сартқожа Қаржаубайұлының зерттеу дерегі бойынша Монғол Алтай тауының сілеміндегі Жарғалант-Қайырқан жотасының бір үңгірінен табылған домбыра тектес көне саз аспабы екі ішекті, тоғыз пернелі. Әрі саз аспабының мойнында ежелгі түріктің руна жазуы бар. Шанағына бұғының, бұланның бейнелері ойылып салынған, пернелері ағаштың қабығынан таспаланып тілініп жапсырылған, басы бұғы мен бұланның басына ұқсас және ол тас бетіндегі ежелгі түрік ескерткіштерінен көп айырмашылығы жоқ. Табылған саз аспабының пішіні бүгінгі күнгі алтай домбырасына ұқсас. Зерттеуші-ғалым бұл жәдігерді б. з. 5-6 ғасырына жатқызады.
Домбыраның басына үкі тағылған. Ал домбыраға үкі тағу әдеті бізге күні бүгінге дейін жеткені баршаға мәлім. Белгілі археолог, тарих ғылымының докторы Кемел Ақышев бастаған бір топ ғалым тасқа қашалған осы суретті зерттеп, бұл сурет кем дегенде неолит (б.д.д. 4000 жыл) дәуірінде бейнеленген деп тапқан.
Қазақтың қара домбырасы жайлы аңыз-ертегі жетерлік. Соның бірі музыкалық аспаптың жоғарғы тиегінің қалай пайда болғаны жайында.
Жаумен шайқасып, одан соң алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолда демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерге жайғасады. Талдың бір шыбығын сындырып, оған жылқы қылын керіп байлап, дыбыс шығармақ болады. Бірақ ешқандай үн шықпайды. Батыр оны қасына тастай салады да, өзі ұйықтап кетеді. Бір кезде жанынан шығып жатқан дыбыстан оянады. Қараса, манағы өзі жасаған аспаптың мойын тұсына әлдекім титтей ағаш тиек орнатып қойған. Батыр « е, бұл сайтанның ісі болды ғой » деп ойлайды. Бәлкім, содан қалған сөз болса керек, халық арасында домбыраның жоғарғы тиегін « шайтан тиек » деп атайды. Ішекті жылқының қылынан тағу, жоғарғы тиектің болмауы көне аспаптарға тән.
Домбыраның шығу тарихы туралы тағы бір аңыз елдің шығыс өңірінде тараған.
Тарбағатайлық күйші Бағаналы Саятөлековтың айтуынша, « Ерте заманда тауқұдірет деген құс болған екен. Домбырада жалғыз ғана ішек, тауқұдіретте жалғыз ғана қанат болыпты. Тауқұдіреттің жалғыз қанаты еркегінің оң жағына, ұрғашысының сол жағына бітеді екен. Домбыраны жасаған шебер жалғыз ішекпен көсілтіп күй тарта алмайды. Ал жалғыз қанатты тауқұдірет қалықтап ұша алмайды. Домбырашы не істерін білмей іштен тынады. Тауқұдірет болса күндіз-түні Тәңірге мұңын шағып, қалықтап ұша алатын қос қанат сұрап жалбарынады. Күндердің бір күнінде тауқұдіреттің аталығына Тәңір ой салады: « Бүйтіп зарлап жүре бергенше, талпынып тірлік етіп көріңдер » – дейді. Содан аталық тауқұдірет пен аналық тауқұдірет қолдасып ұшуды ойлайды. Бірінде – оң қанат, екіншісінде – сол қанат, екі тауқұдірет бір-бірімен қолдасып, қанаттарын кере серпеді. Сол кезде жерден бауырлары көтеріліп, қалықтай ұшып жөнеледі. Көңілі шаттанған қос тауқұдірет қуанышын жасыра алмай Тәңірге ризашылығын білдіріпті. Кейін бұл тауқұдіреттен туған балапандарға тәңір қос қанат дарытты дейді. Осы оқиғаға куә болған домбырашы « қос қанат бірігіп еді – ұшты, егер домбырада қос ішек болса қалай? » – дейді де, екінші ішек тағады. Содан кейін қос ішекті домбырасын тартса, ғажайып үн шығады. Домбырашының қуанышында шек болмайды. Тіптен, риза болғандығы сонша, ең алғашқы күйін тауқұдіретке арнайды ».
Домбыра әр өңірде жергілікті халықтың тұрмысына, салт-дәстүріне, ән-жыр, күй мектебі мен өнерпаздардың орындаушылық мәнеріне, шеберлердің ісмерлігіне байланысты әртүрлі пішінде дамып, өзгеріп отырған.
Мәселен, ән-жыр айтуға арналған домбыраның пернелері 8-9, әрі кеткенде 14-15-ке жетсе, күй домбырасында 20-дан астам перне болады. Олардың құлақ бұрауы да қажетіне қарай (кварта, квинта) өзгертіледі.
Домбыра, негізінен, екі ішекті, кейде үш ішекті болып келеді.
Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрі бар.