Оқу жылы аяқталысымен мектеп оқушылары жазғы лагерлерге баруға асығады. Өңірімізде балалардың демалысы қызықты өтуі үшін барлық жағдай жасалған. Сондай мекеменің бірі Төлеби ауданы Қасқасу ауылдық округіндегі «Көктөбе» жазғы сауықтыру лагерінің ашылу салтанаты өтті. Табиғат аясындағы демалыстарын асыға күткен балалар лагердегі күндерін жақсы көңіл-күймен бастап кетті.


Салтанатты кешке аудан әкімі Бауыржан Омарбеков қатысып: « Баланың бұл лагерде өткізетін әр күнін қызықты, әрі жан-жақты пайдалы өткізу мақсатында түрлі спорттық және мәдени іс-шаралар жоспарланған. Мұнда патриоттық тәрбие мен салауатты өмір салтын насихаттау бағытында қызықты, танымдық шараларға басымдық беріледі. Барлықтарыңызды бүгінгі жарқын күнмен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, балалық балғын шақтарыңыздың қызықты болуын тілеймін. Аспандарыңыз ашық, өмірлеріңіз мәнді де сәнді болсын » – деп балаларды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Табиғаты тамаша Төлеби ауданында балалар демалып, денсаулығын шыңдау мақсатында жазғы кезеңде қала сыртындағы лагерлерде былтырғы жылы жалпы 3244 бала демалса, биыл 3676 бала демалатын болады. Сауықтыру орнында Төлеби ауданының балаларынан бөлек басқа аудандардан келген оқушылар да демалысын өткізуде.
Солардың бірі Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округі, Қияжол ауылының №44 Сырдария жалпы орта мектебінің оқушысы Балтабай Ақбота Ерболқызы. Ол лагерде достарды арттырып жатқанын, табиғаты, тамақ-асы, жататын орын жайы, лагердегі апайларының өте керемет екенін, барлығы ұнап жатқанын айтып, ризашылығын білдірді.
Айта кетсек лагерде аудан мектептерінде оқитын 1645 оқушы 7 маусымда демалатын болады. Балалардың 550-і «Жалпыға бірдей міндетті білім беру» қорынан бөлінген 15 млн қаражат есебінен жазғы сауықтыруға мүмкіндік алды.
Барлық 7 маусымда 30 қызметкер (5 асхана қызметкері, 2 медик, 2 техникалық қызметкер, 14 тәрбиеші) және 2 тәртіп сақшысы жұмыс атқарады. Демалыс кезінде құқық бұзушылық фактілерінің алдын алу мақсатында аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерінен кезекшілік құрылып, оқушылардың тәртібіне қадағалау жасалады