Home Мәдениет ТҮРКІСТАН: МУЗЕЙДЕ ТЕМУРИДТЕР АҚШАСЫ САҚТАУЛЫ ТҰР

ТҮРКІСТАН: МУЗЕЙДЕ ТЕМУРИДТЕР АҚШАСЫ САҚТАУЛЫ ТҰР

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің нумизматикалық жәдігерлер қорында 7 ақшалар көмбесі сақтаулы.

Олардың бесеуі археологиялық қазба жұмыстары кезінде, екеуі кездейсоқ табылған. Кездейсоқ табылған көмбелердің бірі, 2012 жылы Түркістан маңындағы Ораңғай елдімекенінде орналасқан жекеменшік жер телімінде жүргізілген құрылыс жұмыстары кезінде табылса, екіншісі, 2002 жылы Қарашық өзенінің бойында орналасқан қалалық қорымда мола қазу барысында анықталған.
Көмбе бастапқыда 6200 данадан тұрған. 2004 жылы көмбе зарттеліп болған соң музей қорына 4072 данасы қайтарылған. Музей қорындағы нумизматикалық жәдігерлердің кейбірі Р.З.Бурнашеваның мақалалары мен монографияларында жарық көрген [Бурнашева және басқалар., 2006, с. 38–53; Бурнашева, 2006].
Қарашық көмбесі толықтай дерлік XV ғасырдың екінші жартысына тән темуридтердің мыс ақшаларынан тұрады. Көмбе құрамының басым бөлігін 832 х.ж. (1428-1429 ж.) Ұлықбек жүргізген ақша реформасының тұсында Бұхарада соғылған анонимді мыс ақшаларын құрайды. Көмбеде Бұхара ақшаларынан бөлек Андиган, Балх, Херат, Карши, Кашғар, Самарқанд, Термез, Хутталян, Орду және Шахрухийя ақша сарайларының өнімдері де аз көлемде болса да кездеседі.

Р.З.Бурнашева көмбе құрамындағы бір тиынның бетінен 832 х.ж. соғылған Дженд ақша сарайының атауын оқиды. Алайда, жіті зерттеу барысында жазбаның Дженд емес, Шахрухийа атауының бұрмаланып жазылған түрі екендігі анықталды [Бурнашева, 2006, 35 б.].

Көмбе ақшаларының біраз бөлігінің беттеріне шаршы және алты бұрышты үстінен қайта шекімелер түсірілген. Көмбенің 724 тиыннан тұратын бөлігі Р.З.Бурнашева тарапынан зерттеліп, жарияланған [Бурнашева, 2006].