Home Мәдениет ТҮРКІСТАН: МӘСКЕУДЕН НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ КІТАПТАРЫ ӘКЕЛІНДІ

ТҮРКІСТАН: МӘСКЕУДЕН НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ КІТАПТАРЫ ӘКЕЛІНДІ

Түркістан қаласында орналасқан «Ұлы дала елі» орталығына қарасты Нұртас Оңдасынов музейі құнды жәдігерлермен толықты. Өзі тұтынған заттары музейге табысталды. Бұл біртуар тұлғаның 120 жылдығына орай үлкен сый болды.

Музейге Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері Әбуислам Тұрсынбаев, Мәскеудегі «Мұрагер» қазақ әндерін насихаттаушы бөлімнің жетекшісі, дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Абылайхан Оспанов, Ресейдегі қазақ диаспорасы өкілі Оспан Мырзатаев, журналист, сазгер, профессер Бекжігіт Сердәлі арнайы келді. Олар құнды жәдігерлерді табыстап, музейдегі жәдігерлерді тамашалады. Естелік суреттерге түсіп, есті әндер шырқалды. Нұртас Оңдасынов жайлы ой-толғаныстарымен бөлісті.

«Мәскеу қазақтары диаспорасының өкілдерімен бірге Нұртас Оңдасынов музейіне арнайы ат басын бұрып, Мәскеуде тұратын 80-нан асқан қария Полат Жамалов ақсақал көзінің қарашығындай сандығында сақтап, аманаттап беріп жіберген Нұртас ағамыздың көзі тірісінде тұтынған заттарын музей қорына тапсырдық. Нұртас Оңдасыновтың қазақ жерінде білім-ғылымды көркейтіп, жоғары оқу орындарын ашуға қосқан үлесі өз алдына, тау тұлғасы мен ел дамуы жолындағы ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды» – дейді музей қонақтары.

Айта кетейік, тапсырылған тарихи жәдігерлердің арасында Нұртас Оңдасыновтың оқалы зер шапаны, жеке кітапханасынан кітаптар, атап айтқанда 1969-1974 жылы жарық көрген «Арабша-қазақша», «парсыша-қазақша» түсіндірме сөздік кітабы, ғұмырбаяндық хикаяттар, маңызды құжаттар мен материалдар жинағы, қолтаңбалы кітаптары т.б. бірқатар құнды заттар бар. Қазіргі таңда музей қорында 2586 жәдігер бар, оның 1600-і тікелей қайраткердің өзі тұтынған заттары.

Осы орайда ұлт қайраткері жайлы аз-кем мағлұматты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937-38 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!».  Бұл – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Үкіметін 13 жыл басқарған Нұртас Оңдасыновтың ағынан жарылып айтқан сөзі.Нұртас Оңдасынов (1904-1989) – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Үкімет басына келісімен бірінші кезекте елде жүріп жатқан сауатсыздықты жоюды қолға алып, оны сәтті аяқтайды. Шалғай аудандарда мұғалімдер дайындайтын курстар, училище, облыс орталықтарында Мұғалімдер институн ашып, Орталық  Комитеттің саясатының жүзеге асуына күш салады. Қазақстан Орталық Комитетінің бюро мүшесі ретінде ол мәдениет мәселелеріне жауапты болды. Н.Оңдасынов соғыс жылдарының  ауыртпалығына қарамай Абайдың 95 және 100 жылдық мерейтойын аса биік дәрежеде атап өту жөнінде Үкімет қаулысын шығарып, комиссияның төрағасы өзі болып өткізген. Қыздар педагогикалық институты, Ұлттық Консерватория, Дене шынықтыру институты, Политехникалық, Технологиялық институттар ашу және медицина, шет тілдер институттарына көптеген жаңа факультеттер қосу, сол кісінің тұсында істелінген істер. Опера және балет театры құрылысының жедел аяқталуын тікелей бақылап, облыстарда театрлардың ашылып, филармония, ән-би ансамбльдерінің ұйымдасуына да ұйытқы болған. КСРО Ғылым академиясының дербес құрылуына бірден-бір  атсалысқан адам. Соғыстың жүріп жатқанына қарамай жаңа ғимараттың салынуына қаражат қарастырып, оның іргесі қаланғанда ырымдап: «Қазақ ғылымы күмістей таза болсын» деп, күміс ақша шашқаны мәлім. Осы Ғылым академиясының басына Қаныш Сәтбаевтың келуіне де себепші болды. Қ.Сәтбаевтың газетке шыққан мақаласындағы болашақ ғалымның сөз саптасы ұнап, жаңа ойларын білуге, танысуға Мәскеуге шақырады. Кездесіп, сөйлескеннен кейін КСРО  Ғылым Академиясының президенті В.Л.Комаровқа алып барып: «Қазақтың Ғылым Академиясының президенті» — деп, бірден таныстырады. 1942 жылдың басында Кенді Алтай, Лениногорға іссапарға келген Оңдасынов білімді, байсалды Дінмұхаммед Қонаевты кездестіреді. Кейіннен Алматыға келіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Скворцовпен ақылдасып, өзіне орынбасарлыққа шақырттырады.

Д.А.Қонаев 10 жыл бойы Оңдасыновтың орынбасары болады. Нұртас Дәндібайұлы 1954-1955 жылдары Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының төрағасы, сосын Гурьев (Атырау) облыстық атқару комитетінің төрағасы және осы облыстың партия ұйымын басқарды. «Жауапты қызметте жүріп, шығармашылықтан қол үзбейтін. Арап, парсы тілдеріне жүйрік еді. 1962 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін шығармашылықпен шындап айналысқан.1969 жылы

Ол арнайы ғылым док­торы, кандидат деген атақ-дәрежесі болмағанымен, зейнеткерлікке шыққаннан кейін тапжылмай жиырма бес жыл арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздік жазып, бір ғылыми институттың істейтін жұмысын жалғыз өзі атқарып тастаған азамат. «Арабша- қазақша түсіндірме сөздігі», 1974 жылы «Парсыша- қазақша түсіндірме сөздігі» жарық көріп, қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленді» дейді Д.А.Қонаев өзінің «Өтті дәурен осылай» кітабында. Алматыдағы Абай ескерткішінің авторы Хакімжан Наурызбаевты да Қостанайға барған іссапарында байқап, Алматыға алып келіп, оқытып, ат бағушыдан қазақтың тұңғыш мүсіншісін жасаған осы кісі.

Шынында, Нұртас Оңдасынов пішімі бөлек, бітімі бөлек ерен тұлға болғанына еш дау жоқ. Ол, әрине, еліміздің Тәуелсіздік алғанын көрген жоқ. Бірақ ол оптимист еді, болашаққа үлкен үмітпен, сеніммен қараған, алда жарқын болашақ бар екеніне, қазақ тілінің өркендеп, тарих сахнасынан өз орнын табатынына еш күмән келтірген емес. Қазақ тілінің маңдайы жарқырайтын күнінің алда екеніне нақ сенген.

Нұртас Оңдасынов үш рет Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медальдармен, Құрмет грамоталарымен наградталды.Енді Нұртас Оңдасыновтың қазақ елі үшін жасаған ерен еңбектеріне тоқтала кетсек:

Н.Оңдасынов – елімізде білімнің де дамуына ерекше назар аударған азамат. Әсіресе, оның қазақ қыздарының білім алуына айрықша ден қоюы, қазақтың қыздар институтының ашылуына жасаған еңбегі зор еді. Ол кезде барлық мәселені Мәскеу шешетін еді. Басшылық тарапынан « тек қыздар оқитын институт ашу деген не сұмдық» деп қарсы шыққанда, оларға қазақтың кең байтақ даласында орналасқан ауыл аймағының шалғайда жатқандығын дәлелдеп, ақыры өз дегеніне жетіп, 1944-1945 оқу жылында ауылдық жерлерге мұғалімдер дайындайтын институттың ашылуына қол жеткізді. Оқитын қыздарды тегін тамақпен, жатын орынмен, киіммен қамтамасыз етуді сұрап жазған хаттары  мұрағаттан табылды. Тағы бір айта кетерлік жай, қазақ  елінде алғаш консерватория ашу жөнінде үкімет атынан хат дайындап, КСРО Министрлер Кеңесінің мәдениет жөніндегі орынбасары К.Е.Ворошиловқа барады. Ол кісі «Қазақтай халыққа консерваторияны баяғыда ашуымыз керек еді. Өнерлі, бәрі әнші, бәрі композитор халық қой. Мен М.Әуезовтың «Абай» романын оқып, енді ғана түсінгендеймін»,- деп, рұқсатын беріпті.

Орталық Комитеттің қаулысына сәйкес бюро мүшелеріне өнердің әрбір саласы бекітілгенде, ең кенже қалған кино саласына қамқорлық жасауды Н.Оңдасыновқа жүктепті. Ол Мәскеу, Ленинград қалаларының киноөнер мамандарымен, басшыларымен келісе отырып, М.Левиннің режиссерлығымен «Амангелді» фильмін тұңғыш рет жарыққа шығарды. Сосын М.Әуезовтың сценарииі бойынша түсірілген «Райхан» фильмі жарық көреді.  Соғыс жылдары «Мосфильм», «Ленфильмдер» Қазақстанға үкімет шақыруымен келеді. Оларға жағдай жасаудың нәтижесінде елімізде кино саласы дамып, қазақтың өз «Қазақфильмі» ашылды.

Н. Оңдасынов бар ақыл-парасатымен ұлттық салт-дәстүрдің озық үлгісін өшірмеу, өлтірмеу керектігін өмір бойы айтып, дәлелдеп қана қоймай, іс жүзіне асырып өткен бірден-бір басшы.