Home Мәдениет ТҮРКІСТАН: ФАРАБ КІТАПХАНАСЫ – РУХАНИЯТ ШАМШЫРАҒЫ

ТҮРКІСТАН: ФАРАБ КІТАПХАНАСЫ – РУХАНИЯТ ШАМШЫРАҒЫ

«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік».

Ғабит Мүсірепов.

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының қасиетті «Әзіреті Сұлтан» кесенесінің тұсына қоныстанып, оқырмандарға есігін де, кең құшағын да айқара ашқанына үш жыл толыпты. Бұл мерзім бір қарасаң аз сияқты, бір қарасаң көп сияқты. Аз болатыны, әлі тәй-тәй басқан сәби жастағы руханият шаңырағының биіктерді бағындырар болашағы алда. Көп дегеніміз, небәрі үш-ақ жылдың ішінде «Фараб» тек жергілікті халықтың ғана емес, бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпірінен кітапхананы «құтхана» деп аңсап келетін әдебиет пен өнер өкілдерінің, зиялы қауымның рухани ордасына айналып үлгерді. «Фарабтың» қажырлы да ізденгіш, жаңалыққа жаны құмар кітапханашыларының дақпырты, өзгеге үлгі боларлық шығармашылық ізденістері қыр асып, тау асып, бүкіл елімізге тарап жатқанын күнбе-күн көріп те, естіп те жүрміз. Сондықтан да, білім мен ғылым нұры жан-жағына шуағын шашып тұрған киелі кітап шырақшыларына құтты мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын дейміз.

Кітапхана өміріндегі осы айтулы оқиғаға орай зиялы қауым өкілдері, кітапхананың тұрақты оқырман-дары, аудандық кітапханашылар қатысқан жиында «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының дирек-торы, ҚР Мәдениет саласының үз-дігі, Қазақстанның құрметті кітап-ханашысы Жанат Сәдібекқызы Шардарбекова толқи тұрып сөз бастағанда:

«Журналистердің ұстазы, өзі де журналист, ғалым, кітапханамыздың жанашыры Бекжігіт Сердәлі ағамыздың әлеуметтік желіге жазған «Біздің кітапхана» деген пікірін оқығанда, шынымды айтсам, көзімнен жас шығып кетті. Демек, біз осы уақыт ішінде өзіндік имиджімізді, брендімізді қалыптастырған екенбіз ғой деген ой келді. «Біздің» деген сөз – өте жақын адамға айтылады. «Біздің кітапхана» деген сөз біздің кітапхананың қызметі үшін берілген зор баға. Біздің ұжымда «жоқ» деген нәрсе жоқ. «Болмайды» деген сөз жоқ. Болмайтын нәрсені қалай болдыруымыз керек деп бастаймыз. Басшы қандай іскер, қайратты болса да, бірге жұмыс істейтін «командасымен» мықты. Осы үш жыл ішінде, ең бастысы, ауызбіршілігі мығым ұжым қалыптасты. Облыстың, қаланың зиялы қауым өкілдерімен тығыз байланыс орнаттық. Оқырмандар талабы мен көңілінен шығатын қызметтерімізді өз деңгейінде атқаруға тырыстық. Сондықтан да, жұдырықтай жұмылған ұжымыма рахмет! Осы үш жыл ішінде бізбен бірге қадам басып келе жатқан оқырмандарымызға мың алғыс!» – деп жүрекжарды тілегін ақтарыла айтқан еді.

Өз саласының ерекшеліктерін жетік білетін басшы айтса айтқандай, «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасы – облысымыздағы 399 кітапхананың әдістемелік орталығы. Тың идеяларға бастап, бағыт-бағдар беріп отыратын жүрегі. Бабалардан жеткен аманат – қазына-кітапты дәріптеуде орасан жұмыс атқарып отырған руханият жанашырлары. Сөз ретіне қарай айтып өтейін, Қ.А.Ясауи бабамыздың кесенесінде ұлы тұлғаларымыздың тәні жатса, киелі кітапханада дүние жүзіндегі адамзат баласының қасиетті қалам ұстаған ұлылары мен ойшылдары-ның маңдай тер еңбегі, бейнелері сақтаулы. Кейінгі толқын ұрпақты адаспайтын бағытқа бастаған шам-шырақтары болашаққа жол сілтеп тұр. Рухтары ауада қалқып тұр. Сон-дықтан да болар, кітапхана әлеміне кірген адам «бір жұтым таза ауа жұтқандай» ерекше бір таза сезімге бөленіп, пенделік дүниелерді ұмытып жүре береді. Жыласаң да, күлсең де, ақылға зәру болсаң да, осы киелі кітаптарды парақтап жұбаныш табасыз. Көңіліңізді демдейсіз. Толғандырған сұрақтарға жауапты да осы жерден табасыз. Жазда салқын, қыста жылы, жан-жақты жағдай жасалған, Қазақстан бойынша теңдесі жоқ заманауи кітапханаға бір кірсеңіз шыққыңыз келмейді. Шынында да, «Фараб» түркі әлемінің тұмары – Түркістанға құт болып келген руханият шаңырағы.

Түркістандықтардың жиі бас сұғатын, білім-ғылымнан сусындайтын, мәдени нәр алатын сүйікті орны. Бәрінен бұрын шығармашылық адамдарының, ақын-жазушылардың, суретшілердің, қолөнер шеберлерінің тағы басқа да өнер адамдарының құтты мекеніне айналып отыр. Тіпті, еліміздің жүрегі Астана, Алматы қалаларында тұратын қаламгерлердің осында келіп шығармашылық кештерін, кітаптарының тұсаукесерін өткізу де күн санап дәстүрге айналып келеді.

Бұл дегеніңіз, көне шаһар төріндегі кітапхана деңгейінің уақыт өткен сайын жоғарылап келе жатқандығынан хабардар етсе керек. Қазіргі таңда облыстық кітапханалар бойынша кітап қоры 6022627, оның ішінде мемлекеттік тілдегі кітап 3505495 дана. 2024 жылдың алты айлық есебі бойынша оқырман саны 254152-ге жеткен. 2021-жылы шілденің он тоғызында ашылған кітапхананың бүгінгі таңда едәуір жетістікке жеткендігін тәлімдік-тағылымдық мәні бар, түрлі бағытта өткізілген іс-шаралардан, кітапхана ұжымының республикалық, облыстық сайыстарда қанжығасына байлаған жүлделерден байқауға болады. Атап айтқанда, 2022 жылы Түркістанда өткен «Рухани қазына-2022» фестивалінде Әзілхан Нұршайықовтың 100-жылдығына орай тағайындалған арнайы номинацияны иеленіп, жүлде қоры 500 000 теңгелік сыйлықты жеңіп алды. Түркістан облысының мәдениет мекемелері арасында өткен сайыста «Жыл үздігі-2022» мәртебесіне ие болды. 2023 жылы Ұлттық академиялық кітапхананың бастамасымен республикалық кітапханалар арасында кәсіби бағытта өткізілген «Kitap-time» байқауында Түркістан облысына қарасты 398 кітапхана қатысып, жоғары нәтижеге қол жеткізгені үшін бас жүлдемен марапатталды. 2023-жылы өткізілген «Рухани қазына-2023» байқауында да «Үздік облыстық маңызы бар кітапхана» номинациясы бойынша әріптестерінен қара үзіп шығып биіктен көрінді. Кітапхана басшысы Ж.Шардарбекованың кеудесінде жарқыраған «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі де осында атқарылған риясыз еңбекке берілген жоғары баға. Мұнда шынында да ізденіс көп. Кітапханаға оқырман тарту мақсатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен, облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың қолдауымен, «Фараб» кітапханасының ұйымдастыруымен қалалық, аудандық кітапханалар жанынан, Ашық әкімдіктерден, мешіттерден, сауда орындарынан, оңалту және жастар орталықтарынан, ардагерлер үйінен, жалпы халық көп шоғырланатын орындардан отыз кітапхана ашылып, оқырмандармен тығыз жұмыс жасалуда. Өткен жылдың жарты жылдық көрсеткішімен салыстырғанда, биыл оқырман саны 8,5 пайызға артып, 9888-ге жетті. Жалпы кітап қоры – 220726, оның ішінде мемлекеттік тілдегі кітап 85790 дана. Оқырман тарту мақсатында «12 айда – 12 кітап», «Бір ел – бір кітап» акциясы, мектеп оқушылары арасында «Ақ әжемнің ертегілері», «Мульти-Арт», «Қуыршақ театры», «Оқырман іздеймін» , көзі әлсіз көретін жандарға арналған «Тең мүмкіндіктер әлемі» атты арнайы жобалар жүзеге асырылып, оң нәтижелерін беріп жүр. Сондай-ақ, облыстық кітапханалар арасында «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте», «Қазыналы керуен», жобалары мен «Әлемді кітап арқылы танимын», «Ақылдыммен ақылдымын» акциялары өткізілуде.

Бұдан шығатын қорытынды, қарыштап дамыған қазіргі қоғамымызда адамзат баласының қол жеткізген игілігі – білім қазынасы. Кітап оқудың ұлт болашағы үшін маңызы өте зор. Өйткені, қай халықтың болсын өсу деңгейі, қоғамдағы орны, дамуы, мәдениеті мен білімі, сауаты кітапқа, осы алтын қазына кітаптарды көзінің қарашығындай сақтайтын кітапханаларға байланысты. Себебі, білімсіз қоғамның өрге басуы екіталай. Кітапхана ұжымының қуанышына ортақтаса келген көпшілік осындай келелі мәселелерді тілге тиек етіп, ұжым еңбегін жоғары бағалады. Алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Аталмыш кітапхана директоры Жанат Сәдібекқызы балалар бөлімінің тұрақты оқырманы №23 Ж.Ташенов атындағы ІТ мектеп-лицейінің 4-сынып оқушысы Айдосқызы Айзереге, ғылыми-зерттеу бөлімінен ақын Шаяхмет Қожахметовке, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінен Рауан Абайға кітапты ең көп оқыған тұрақты оқырман деп бағалап, «Алғыс хат» пен сый-сыяпат тапсырды. Өз жұмысына, кәсібіне адал, еңбекқор кітапханашылардың еңбегі де «Алғыс хаттармен», сыйлықтармен атап өтілді.

Осы салтанатты сәтті тамашалай отырып, сөрелерде қаз-қатар жиналған кітаптарға қарап терең ойға берілдім. Осы білімнің көзі – кітап біздің өмірімізге қай кезде енді екен? Әлеуметтік желілерде жарияланған кейбір дереккөздерге сүйенсек, кітаптың алғашқы түрлері ежелгі Шығыс елдерінде, Грекияда, Римде қыш текшелеріне, тақта тастарға сына жазуымен жазылса керек. Біздің заманымыздан бұрынғы ХХV-ғасырда Мысырда қыш текшелердің орнына қамыс (папирус) қолданылған. Біздің заманымыздан бұрынғы VII-ғасырда қамысқа кітап жазу ісі Грекия мен Римде өріс алған. Қамыстың орнына тері жарғақ қолланыла бастаған уақыттар да болса керек. 105-жылы қытай шебері Цай Лунь қағазды ойлап тауып, XIX-ғасырда қағаз шығару өнері шығыстан батысқа тарай бастаған көрінеді. Осыған орай Еуропада қолжазба кітап қауырт өркендеп, түрліше әріптер, бас тақырыптар, айдарлар қолданыла бастаған. Кітап – мерзімсіз баспасөз басылымы, көркем-әдеби, қоғамдық-саяси, ғылыми-практикалық мазмұндағы туынды. Кітапнама (немесе Библиография) көне грекше (biblion-кітап және grapho-жазу) – баспа өнімдері жөнінде ақпараттан мағлұмат беріп, оларды жүйелі насихаттайтын ғылыми-практикалық мазмұндағы туынды – деп түсінік береді кейбір дереккөздер. Ал, Берлин қаласында кітаптарға арналған әдемі ескерткіш те бар екен. Қорыта келе айтарым, тарихты тарихқа жалғап келе жатқан сан ғасырлық ақыл-ойдың кені, білімнің алтын көмбесі – кітапты кім, қашан ойлап тапса да, адамзат баласының игілігіне қызмет ететін қазына-кітапты көзінің қарашығындай сақтап отырған руханият шырақшылары – кітапханашыларға мың алғыс!

Роза НАРЫМБЕТОВА.