Home Мәдениет ТҮРКІСТАН: БАТУХАН БАЙМЕННІҢ «NOMADS» АТТЫ КӨРМЕСІ ӨТЕДІ

ТҮРКІСТАН: БАТУХАН БАЙМЕННІҢ «NOMADS» АТТЫ КӨРМЕСІ ӨТЕДІ

Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі аясында 22 наурыз күні Түлкібас ауданы, Т.Рысқұлов ауылы, «Жеті қазына» аллеясында елімізге белгілі суретші, жерлесіміз Батухан Байменнің «NOMADS» тақырыбында көрмесі қойылады. Көрмеге суретшінің 70-ке жуық графикалық жұмыстары мен соңғы он жылдағы таңдаулы туындылары ұсынылады. Батухан Баймен – отандық графиканың дамуына зор үлес қосқан, Қазақстанның ең ірі заманауи график – суретшілерінің бірі, линогравюраның новаторы. Суретші шығармашылығында заманауи бейнелеу өнеріндегі жаңа тенденцияларды ұстана отырып, ата-бабаларымыздың көшпелі мәдениетінің баға жетпес мұрасын дамытуда. Оның графикалық туындылары ауқымдылығымен, ойының кемелділігімен, бірегей дала бояуымен ерекшеленеді.Баймен Батухан Әбдікерімұлы 1955 жылы 17 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы Абай ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Шымкент педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін тәмамдады. Өз еңбек жолын Ә. Қастеев атындағы көркемсурет колледжінде мұғалім болып бастап, бүгінде Оңтүстік Қазақтан өңірінде түрлі лауазымды қызметтер атқарып, жемісті еңбек етіп келеді. 1989 жылдан КСРО Суретшілер одағының мүшесі. Ол көптеген республикалық, одақтық, халықаралық көрмелердің қатысушы. Суретшінің жеке көрмелері еліміздің ірі қалаларында, сонымен қатар Германия, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Кипр мемлекеттерінде өтті.