Бүгін « Әзірет Сұлтан » мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейін 1500-ден аса балалар тамашалады.
1 мамыр – Халықаралық балаларды қорғау күні аясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тарихи орынның мол мұраларымен танысуға қазақстандық бүлдіршіндер ғана емес ата-аналарымен бірге Малайзиядан – 2, Ресейден – 6, Өзбекстан Республикасынан 14 бала және Қырғызстаннан 17 бүлдіршін келді.
Таңертеңнен кесенеге ағылған балғын балаларға арнайы экскурсия жүргізіліп, Тайқазан, Үлкен Ақсарай, кіші Ақсарай, асхана мен құдықхана бөлмелері және тарихи тұлғалар жайлы мәлімет беріліп, Рәбия Сұлтан Бегім ана, жерасты қылуеті мен шығыс моншалары таныстырылды.
Айта кетсек, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі – республикамыздағы іргелі музейлердің бірі ретінде мектеп туризмін дамыту, оқушылармен байланыс мәселелеріне де жете мән беріп келеді. Осы орайда орта және арнаулы орта білім беру мекемелерінде түрлі тақырыптарда лекция жүргізілсе, музейлердің экспозиция алаңдарында жас буын үшін түрлі тақырыптағы көрме ұйымдастырылып келеді. Көшпелі көрмелер еліміздің барлық облыстары және оңтүстік өңір аудандарын қамтуда.
Мектеп оқушыларының «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне жазғы және тоқсандық демалыс күндері тегін кіруі мүмкіндігі қарастырылған. Осы жылдың төрт айы ішінде музейге 61 343 оқушы тегін кірген болатын.
Қыркүйек айының біріне дейін кез-келген оқушы « Әзірет Сұлтан » қорық-музейіне тегін кіре алады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» жобасы негізінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде
шағын кинозал іске қосылып, музейге келген туристер мен бүлдіршіндер тарихи, деректі фильмдер мен анимациялық фильмдерді тегін тамашалауда.