Home Мәдениет ТҮРКІ ЖАСТАРЫ ТҮРКІСТАНДА БАС ҚОСЫП ЖАТЫР

ТҮРКІ ЖАСТАРЫ ТҮРКІСТАНДА БАС ҚОСЫП ЖАТЫР

Бұрын хабарлағанымыздай, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті 2019 – 2020 жылдар аралығында Түркі университеттері одағының Бас ассамблеясына төрағалық ететіні белгілі. Осыған байланысты жоғары білім саласында өзара ынтымақтастықты қамтамасыз ету және түркі тілдес мемлекеттерде білім кеңістігін құру мақсатында 23-25 сәуір аралығында Түркістандағы университет базасында үш күн бойы түрлі іс-шаралар өткелі отыр.
Алдымен Түркі одағының хатшылығымен бірлесе отырып, Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің қолдауымен, қызмет ететін Түркі университеттері одағының ректорларының қатысуымен ректораттың Сенат залында IV Бас ассамблеясы өтеді. Мұнда « Түркі мемлекеттерінің тарихы » біріңғай оқулығын шығару, бірыңғай желілік білім беру кеңістігін құруға мүмкіндік беретін « Түркістан процесі » жобасын бекіту, жалпытүркілік аккредитациялау агенттігі мен ғылыми зерттеулер қорын құру, « Орхун » студент алмасу бағдарламасын жетілдіру мәселелері талқыға түспек. Одан соң іс-шара түркі университеттері одағы кеңесінің отырысымен жалғасады. Түркі әлемі жастарының мәдениет және өнер фестивалі форумның нағыз мейрамына айналмақ. ІІ Түрік кеңесі жас көшбасшылар форумы да маңызды шаралардың бірі. Фестиваль аясында фольклор, ұлттық ән және би өнері, айтыс (айтыс-батл), түркі әлемінің эстрадалық музыкасы конкурстары өтетін болады. Мұндай мәдени ынтымақтастық пен байланыс студент жастардың баршаға ортақ, тамыры терең түркі мәдениетінің құндылықтарын сезінуіне оң ықпалын тигізетіні даусыз. Форум аясында түркі тілдес мемлекеттер жастарының өкілдері ынтымақтастық пен өзара әрекет етуді дамыту мәселелерін талқылап, жастар саясаты саласында өз тәжірибелерімен бөлісетін болады.

Б. СЕРДӘЛІ