Home Мәдениет ТҮРКІСТАН: АҚСҮМБЕДЕГІ АЛАМАН АЙТЫС

ТҮРКІСТАН: АҚСҮМБЕДЕГІ АЛАМАН АЙТЫС

Биыл қазақтың арда перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл. Осыған орай қазыналы Қаратаудың бауырындағы сырлы Созақ ауданында Алаш қайраткерінің мерейтойына арналған мазмұнды іс-шаралар бастау алған болатын. Атап айтсақ, жуырда ғана аудан орталығындағы «Мыңжылқы» мәдениет үйінде  Сұлтанбек Қожановтың  130  жылдығына  арналған  «Ұлтын  сүйген  ұлы  тұлға»  атты  Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция  өтті. Тұлғаның өнегелі өмірі мен еліне арнаған игілікті істерін халқына жеткізіп, келбетін таныту мақсатында ұйымдастырылған конференцияда облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев құттықтау сөз сөйлеп, ғалымдар тың деректер мен ғұмырнамалық зерттеулер топтасқан маңызды мәліметтерді ортаға салды.  Сонымен қатар, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков те айтулы тұлғаның 130 жылдығына арналған республикалық ғылыми – тәжірибелік конференцияның ашылуымен құттықтады. Салтанатты шарадан соң құрметті қонақтар арнайы дайындалған ақ дастарханда бас қосты. Онда зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары ізгі тілектерін арнап, арнайы құран бағышталды. Мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист Сұлтанбек Қожановтың өнегелі өмірін насихаттауды мақсат еткен іс-шарада «Қожановтану әлемі» кітабы мен «Рух» атты көркем-публицистикалық журналдың тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартқанын айта кеткен жөн. Осылайша, екі күнге жоспарланған ауқымды мерейтойда Созақ ауданы әкімдігі мен біртуар тұлғаның ұрпақтары  ұйытқы болып, арнайы дайындалған концерттер, гүл шоғын қою рәсімі, ақындар айтысы секілді іс-шаралар ұйымдастырылды.

Елді думанға бөлеген мерейтойдың екінші күні Созақ жұртшылығының мерейін тасытты. Дәлірек айтсақ, тау тұлғаның кіндік қаны тамып, туып-өскен аядай ғана Ақсүмбе ауылының төрінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен, Сұлтанбек Қожановтың бауырларының қолдауымен  «Ақсүмбеден ұшқан ақсұңқар» атты ақындардың аламан айтысы өтті. Тағылымды іс-шара барысында құрметті қонақтар мен зиялы қауым өкілдері қоғам қайраткерінің ескерткішіне гүл-шоқтарын қойды. Дүбірлі жыр додасының ашылуында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін арнады.

– Сұлтанбек Қожанов түрлі салада сан қырлы сауаттылығымен жарқырай көрінді. Ол – көрнекті мемлекет қайраткері, ол – ғалым, ол – қаламы қарымды қаламгер, ақын, аудармашы, ауылшаруашылығының білгір маманы, руханияттың нағыз жоқтаушысы, қолдаушысы ретінде танылды. Осынау аядай ғана Ақсүмбенің төрінде ұйымдастырылған мәдени іс-шара жас ұрпаққа Сұлтанбек Қожановтың өмір жолы мен төл өнерімізді насихаттап, тәлім – тәрбие беру арқылы ұлттық сана сезімінің өршіл болып қалыптасуына ерекше ықпал етері сөзсіз, – деп, мерейтойдың өтуіне айрықша атсалысқан азаматтарды алғыс хатпен марапаттады. 

Ал аламанға еліміздің ең таңдаулы ақындары қатысып, төл өнеріміз төрге озды. Айтыстың арыстаны, «Құрмет» ордені мен алтын домбыра иегері Бекарыс Шойбеков, ақ Жайықтың мақтанышы Жансая Мусина, айтыстың ақтаңгері Еркебұлан Қайназаров, Қаратаудың ақын ұлы Қалижан Білдәшов, шашасына шаң жұқпас жыр жүйріктері Нұрмат Мансұр, Нұрлан Есенқұлов, Біржан Байтуов, Мейіржан Жарылқап, Нұрдаулет Өмірбеков пен Исламхан Мұхаметхандар Сұлтанбек атамызға жырдан мүсін тұрғызды десек артық емес.

Текті өнерді төрге оздырып, ұлт мұрасы ұлықталған жыр додасында мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист С. Қожановтың өнегелі өмірі, ізгі амалдары көрініс тапты. Жыр додасына айтыскер ақын, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Мәдениет саласының үздігі» Әбілхаир Әбілпаттаұлы, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ доценті, ф.ғ. к, ауданның Құрметті азаматы Нариман Нұрпейісов, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі, «Қазық жұрт» жыр жинағының авторы Бекмұрат Анарбаев және жас ақын Ибадулла Жанарыс қазылық етті. «Кіл мықтыдан кім мықты» дегендей, көрермен көпшіліктің көңілінен шыққан ақындар Созақ төрінде көсіле шапты. Жыр бәйгесін «айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағының» Түркістан облысы филиалының төрағасы, ақын Тұрар Тілеулиев жүргізді.   Алдымен айтыстың алғашқы жұбы Еркебұлан Қайназар мен Нұрлан Есенқұл жұбының айтысын ақсүмбелік ағайын 1 сағатқа жуық тамашалады. Сөз барымтасында Сұлтанбектей біртуар тұлғаның, Созақ даласының қасиетін жырға қосқан Нұрлан ақын:

Дүбірлі той болуда ғажап бүгін,

Сұлтанбегін еске алды Созақ бүгін.

Қайраткердің  есімі ел есінде

Желбіретсем деп кеткен Қазақ туын.

Қылышынан қан тамған Сталиннің

Атамыз басып берген тез аптығын

«Шығыстың Шыңғысханы» деп Сталин

Байқапты басқалардан озат қырын

Қазақ деген атауды қайтарғанын,

Жарысып тарихшылар жазад бүгін.

Ел үшін жанын қиды ер Сұлтанбек

Көрді де нешетүрлі азап түрін,

Осы күнді біздерге сыйлап кетті,

Бейбіт ғұмыр кешуде қазақ бүгін.

Көзбенен көріп жүрген біз бақытты

Атамның аңсап кеткен азаттығын.

Сұлтанбек аспандағы алтын жұлдыз,

Жұлдызды бағдар етіп жортып жүрміз.

Әлі де айтылмаған ақиқат бар,

Біз қазір бетін ғана қалқып жүрміз.

Халық жауы деді де атты бәрін,

Азабын әлі күнге тартып жүрміз.

Жан-жарын азаптады аз болғандай,

Еске алсақ көздің жасын сарқып жүрміз.

Зиба, Нұрлан Арыстан ұрпақтары

Сұлтанбектен туылған жарқын жұлдыз

Тектіден текті туар деген қазақ,

Әкесіне ұқсауға талпынды ұл-қыз.

Менімен аттас ұлы Нұрлан еді,

Дәріптей алмадық-ау бәлкім бұл біз.

Халық жауы ұлы деп оқуға да,

Қабылдамай қойғанын айтып жүрміз.

Ұлы отан соғысында мерт болыпты,

Ойлағанда булығып толқып жүрміз.

Ол Нұрлан мен бұл Нұрлан жер мен көктей,

Біз бақытты заманда балқып жүрміз.

Олар халық жауы боп өліп кетті,

Біз халықтың ұлы боп шалқып жүрміз.

Қырықтың бірін қазақ қыдыр дескен,

Желке емес, өкпелесе жібін кескен.

Алдына басын иіп келер болса,

Ел едік атасының құнын кешкен.

Ақсүмбенің халқына ризамын,

Ешқашан шығармапсың ұлыңды естен.

Сталиндер ысқырып тұрған шақта,

Сүлтанбектің басынан дүбір көшкен,

Бір жағдайды баяндап берейінші,

Ағайын шығармаңдар жырымды естен.

Ахмет Байтұрсынұлы 50 жасқа

Толғанда «ұлтым» дескен, «тілім» дескен,

Атап өту тоқталып Орынборда,

Күрес жүріп жатады білінбестен.

Болшевиктер Ахаңа қарсы тұрып,

Жоспарға қалады екен ілінбестен.

Сол кезде Ташкенттен Ер Сұлтанбек,

Шешімін қабылдайды мүдірсместен,

Ахаңның 50 жасын атап өтіп,

Арысқа құрмет жасап күлімдескен.

Міне, ағайын өжеттік, қайсарлық та

Қыран ғой Қаратаудың шыңында өскен.

Тік тұрып бауырына құрмет қылған,

Дұшпанының алдында бүгілместен,

Қазағым, нар бабаңа тартып тусаң,

Шығар, қане, булығып үніңді өшкен.

Сұлтанбектің мінезі керек бізге,

Ешкімге жалтақтамай ғұмыр кешкен. Азаттық жолында антынан айнымаған асқақ тұлға туралы толғаған Нұрлан Есенқұловтың сөзіне Еркебұлан Қайназаров:

«Киргизді» қазақ қылу былай тұрсын,

Қазақты қазақ қыла алмай жүрміз – деп бір қайырды.

Әрине, ел мен жердің мәселесіне келгенде Сұлтанбек Қожановтың қайбір ісі де ерлікке тең.

Ас беріп, перзентін ардақтаған Ақсүмбе ауылының азаматтарын, оның ішінде біртуар тұлғаның ұрпақтарын арқау еткен ақындар жыры ел еңсесін көтеріп тастағады. Айтыстың соңғы жұбында Нүрдаулет Өмірбектің де:

Дүние ұшып кетер тозаң екен,

Артта қалар бір ауыз сөз-ақ екен.

Кешегі Керей, Жәнібек хандық құрып,

Созақты Орда қылған кез-ақ екен.

Шашылған ел мен рудың басын қосып,

Депті ғой біртұтас ел қазақ етем.

Ал кешегі Кеңестің дәуірінде,

Сол хандық әжептеуір тозады екен.

Атымызды өзгертіп «киргиздар» деп,

Қазаққа көрсеткені мазақ екен.

Сол кезде сенде туған Сұлтанбектер,

Ел десе делебесі қозады екен.

Қазақты өз атымен атаңдар деп,

Мойынын Сталинге созады екен.

Қысқасы ең алғаш рет хандық құрып,

Қазақ деп ат қойған жер Созақ екен.

Сол қазақ деген атты қайтарған да,

Сенде туған Сұлтанбек Қожан екен, – деген сөзі айтыстың шырайын ашып, тақырыпқа тұздық болды. Халық ықыласы артып, айтыс қыза түскенде ақын Біржан Байтуов та орамды ой айтты. Тектіліктің талбесігіндей тарихи мекен топырағына тағзым етіп, Ақсүмбені сұлу сөзбен дәріптеген Біржан:

Құдайым аулық қылсын кесірін де,

Жеткізген сансыз шүкір осы күнге.

Ақсүмбенің көтерген мәртебесін,

Жаратқанның бір мән бар шешімінде.

Сұлтанбек осы ауылда туылғасын,

Бұрылды керуеннің көші мүлде.

Ақсүмбе, асқақтай бер күллі Алаш,

Жұртының рухы бар есіміңде.

Жеңгелер оншақтыдан бала тауып,

Жыл сайын арта берсін өсімің де.

Ақсүмбеде тұратын тұрғындардың,

Құдайым көптеу қылсын несібін де.

Бақыт деген жалғыз сөз әрқайсыңның,

Жазылсын екі дүние есігіңде.

Сұлтанбек Қожановтай ұлтқа тұтқа,

Әр үйдің ұл тербелсін бесігінде – деп жырға қосты.

Жыр бәйгесінің бас жүлдесін алған айтыстың арыстаны Бекарыс Шойбеков:

Әркімге жалтақтайсың жоқ іздесең,

Жаңылмайсың тегіңе негіздесең.

Ленинді 70 жылдай көсем дедің,

Алданып неше түрлі лебізге сен.

Керісінше Ленинмен тең сөйлескен,

Сұлтанбекті жарасар аңыз десең.

Бұл қоғам орыстарға борышты емес,

Атылған арыстарға қарыз десем.

Ұлт болып Сұлтанбекті ұлықтайық,

Әділетті орнату парыз десең.

Қаратаудың табасың қатпарынан,

Алты алашқа жанашыр жан іздесең.

Айдай әлем ақыры мойындады,

Ақсүмбеден шыққанын нағыз көсем.

Сталин тамағы тоқ, көк көйлекті,

Көпіріп Сұлтанбекке көп сөйлепті.

Байқауымша білімің таяз екен,

Сенің елің білімнен шет қой депті.

Ал оған тосылатын Сұлтанбек пе,

Кідірместен жауабын ептей кетті.

Стеке, астам сөйлеп тасығанша,

Сен менің деңгейіме жетсей депті.

Мұғалімдер семинариясын бітіргенмін,

Дипломым, білімім де тоқ қой депті.

Менде соның бәрі бар, сен жазғанда,

Осының екеуі де жоқ қой депті.

Өзгеден ойымызбен озалық та,

Тарихты туралықпен жазалық та,

Бүгінде мұндай тұлға табу қиын,

Тақ тұрған әділет пен тазалыққа.

Сұлтанбектің жолына адал болсақ,

Сол кезде айналамыз ғажап ұлтқа.

Екі күн теріскейді дүбірлеттік,

Арнайы тағзым қылып әз алыпқа.

Күнде құрмет қылсақ та жарасады,

Қазақты қазақ қылған Қожановқа – деп төгілтті. Жадың берік болса жаттап алатын арыстан ақынның жауһар жыр, орамды ойлары осы айтысқа өзгеше өрнек берді.

Созақ ауданы әкімдігінің, Сұлтанбек атамыздың бауырларының ұйымдастыруымен өткен жыр додасында айтылған маржан жырлар мол болды. Мұхтар Әуезовше айтсақ, «дала театры» саналған өнер додасында дарынды ақындар сырлы Созақ еліне рухани азық сыйлады. Бұл айтыстың мақсаты – айтулы тұлғаның өмірі мен өнегелі жолын насихаттау екенін айта кеткен жөн. Осы орайда ел жадында қалатын елеулі жырларға себеп болған азаматтар шынымен де құрметке лайық. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, Ақсүмбе төріндегі айтыс – арысын ардақтайтын ұрпаққа үлгі болды десек артық емес. Қатар-қатар тізілген ақшаңқан үйлер мен ми қайнатар ыстықта төрт сағат тапжылмай тамашалаған айтыстан-ақ ақсүмбелік ағайынның бірлігін байқау қиын емес. Жасы мен жасамысы жұмыла кіріскен жауапты да сауапты істер  Сұлтанбектей тау тұлғаны тереңірек тануға себеп болғаны анық.

Сонымен, төрт сағатқа созылған сөз барымтасының қорытынды сәтінде қазылар алқасының мүшелері мен аудан басшысы, өнер жанашыры Мұхит Тұрысбеков жүлдегерлер мен жеңімпаздарды марапаттап, қаржылай сыйлықтар табыстады. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Бекарыс Шойбеков, жүлделі І орынды Жансая Мусина, ІІ орынды Еркебұлан Қайназаров иеленіп, Нұрмат Мансұров пен Нұрлан
Есенқұлов жүлделі ІІІ орынға тұрақтады. Сондай-ақ,  Нұрдаулет Өмірбек Созақ ауданы әкімінің арнайы жүлдесімен, Исламхан Мұхаметхан Құлжабай Төлеуұлы атындағы арнайы жүлдемен марапатталса, Қалижан Білдашев Құлыншақ Кемелұлы атындағы арнайы жүлдеге, Мейіржан Жарылқап Әселхан Қалыбекова атындағы арнайы жүлдеге, ал Біржан Байтуов Мәдениет және туризм басқармасының арнайы жүлдесімен марапатталды.

Дәурен ТІЛЕУХАН.