Home Басты жаңалықтар Р.СЕЙТМЕТОВ ТЕАТРЫ МЕН  «МҰЗ САРАЙЫ» АРАСЫНДА МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Р.СЕЙТМЕТОВ ТЕАТРЫ МЕН  «МҰЗ САРАЙЫ» АРАСЫНДА МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Бүгін Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театры Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының «Қысқы спорт түрлерінен Түркістан спорт клубы» МКҚК өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

«Облыс орталығындағы мұз айдынында театрландырылған думанды қойылым жыл соңында көрермен назарына ұсынылмақ. Жаз айларында театр әртістері мұз үстінде конькиді еркін тебуді меңгеріп, бірнеше ай дайындық жүргізеді. Бірегей жобаға айналатын мұндай думанды еліміздегі театр актерлары бұрын-соңды жасамаған» дейді театр басшысы Арман Алиев.

Кешен басшысы Данияр Исабаев бұл келісімнің екі тарапқа да зор септігі тиетінін баяндады.

 «Біз үшін тиімді жоба. Сондықтан ұсынысты бірден қабыл алдық. Мұздағы сырғанау мәдениеті елімізде енді қалыптастып келе жатыр. Біз жаттығулардан бөлек, арнайы түскі уақытта театр әртістерінің тыңғылықты дайындық жүргізуіне келісім бердік. Бұл қала тұрғындарын ғана емес, келуші туристерді де қызықтыратын жоба болады деп ойлаймын» деген мемеке басшысы БАҚ өкілдерін спорт нысанымен таныстырды.

Екі қабатты кешенде қысқы спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Бұдан бөлек түркістандық жасөспірімдер спорт нысанында шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей секілді спорт түрлерінен жаттыға алады. 1200 орындық «Мұз сарайы» 2 га аумақта орналасқан.

Айта кетейік, қойылым жиырмасыншы желтоқсан мен он үшінші қаңтар аралығында көптің назарына ұсынылады. Енді актерлар қарым-қабілетін шыңдап, театр сахнасымен қатар, мұз айдынында бағын сынап көреді.  Бүгін алғаш рет байқап көрген олар оңайға соқпағанымен, нәтижесі қуантарлық болатынына сенімді. Алдағы айдан бастап мұз үстінде толық құрам дайындыққа кіріседі.