Home Басты жаңалықтар НАУРЫЗНАМА: ЖЫЛ БАСЫ ЖАҢА ФОРМАТТА ТОЙЛАНУДА

НАУРЫЗНАМА: ЖЫЛ БАСЫ ЖАҢА ФОРМАТТА ТОЙЛАНУДА

          Халқымыз үшін ең шуақты да шырайлы, маңызды мейрамның бірі – наурыз мерекесі. Күн мен түннің теңелетін табиғатты айрықша  күнін қазақ халқы жаңа жылдың бастауы деп ерекше атап өткен. Сан ғасырлық тарихы бар бұл мейрамның жыл өткен сайын мәні артып, сәні келісіп келеді. Естеріңізге сала кетейік, биылдан бастап елімізде Наурыз мейрамы жаңа форматта тойланады. Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өтетін Наурызнама онкүндігін жариялаған болатын. Бұл онкүндік төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға  бағытталып отыр. Сондай-ақ, әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, терең мазмұн-мәнге ие болмақ. Сонымен, Наурызнама бағдарламасы бойынша 14 наурыз күні – Көрісу күні-Амал мерекесі тойланады. Еліміздің батыс өңірлерінде сақталған бұл мерекені бүгінгі күні барлық аймақтарда тойлау ұсынылды. Бұл күні жасы үлкендерге арнайы сәлем беріп, құрмет көрсету, қонақ күту, мейраммен құттықтап, ізгі тілек жаудыру салты қалыптасқан.           Амал мерекесі  – Наурыздың алғашқы хабаршысы.  Осыған орай, киелі шаһар төрінде Көрісу күніне орай бірнеше іс-шара болып өтті. Тарқатып айтсақ, облыстық «Фараб» кітапханасында ұйымдастырылған «Жаңа өмір – Жаңа күн» атты мерекелік іс-шарада облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаева  және облыстық «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова құттықтау сөз сөйлеп, жиналған көпшілікке мерекенің маңызы мен негізі жайлы сөз қозғады.  Кітапхана оқырмандары, өнерпаздар өлең оқып, ән шырқап мерекенің көркін кіргізді. Қонақтар мерекенің сәні болған Наурызкөжеден дәм татса, кітапханашылардың сомдауында «Ұмай ана» көрінісі сахналанды.  Сонымен қатар, Этноауыл кешенінде де игі іс-шара өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Қала әкімдігінің қолдауымен Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылған ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдары көрмесіне жиналғандардың қарасы қалың. Әсем ән мен әсерлі тілектер айтылған жиынға этнос өкілдері мен шаһардағы 6 сектор тұрғындары түгел жиналды. Келушілер түркістандық шеберлердің бұйымдарын жоғары бағалап, «он саусағынан бал тамған» аспаздар даярлаған ұлттық тағамдардан дәм татты.

          Түркі халықтарының туристік астанасы атанған киелі шаһар Ұлыс күнін осылай қарсы алуда.  Қасиетті Рамазан айымен үйлескен мейрам бауырмалдық пен татулыққа, мейірбандық пен достыққа үндейді. Сондай-ақ, Ұлыстың ұлы күнінде жасалатын ұлттық әдет-ғұрыптардың ұрпаққа берер тәрбиесі мен тағылымы мол. Амал күні ақ сақалды аталардың батасы мен ақ самайлы әжелердің наурыз көжесі  мерекенің мәнін келтіретіні айтпаса да түсінікті. Он күн бойы тойланатын ұлттық мереке алдағы күндерде өз сипаты мен салтанатын арттыратыны сөзсіз. Айталық, 15 наурыз – Қайырымдылық күні қарсаңында қаламыздағы №21 кәсіпті колледжде «Күміс кереге» іс-шарасы және Түркістан жоғарғы көпсалалы колледжінде «Алтын шаңырақ» мерекелік кеші өтеді. Алдағы он күн бойы шаһар шырайын кіргізетін мәдени-рухани жиындардың бәрі Наурызнама онкүндігі аясында жүзеге аспақ.       Естеріңізге сала кетейік,  Мәдениет және ақпарат министрлігі Наурыздың бірегей логотипін бекітіп, әр күнге өзіндік атау берген болатын.  Наурызнама жоспары бойынша 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Ол күні қазақтың мәдениеті, өнері мен ұлттық құндылықтары кеңінен насихатталады. 17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар өтеді. 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Қазақтың ұлттық киімдерін насихаттауға арналған түрлі іс-шараларды өткізу ұсынылып отыр. Ал 19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру жүзеге асады. 20 наурыз – Ұлттық спорт күнінде еліміздің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады. 21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау болып табылады. 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.

Ал Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды қарсы алудың символы ретінде 23 наурыз – Тазару күні деп жарияланды. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.

Дәурен ТІЛЕУХАН.