Home Басты жаңалықтар КҮЛКІГЕ ҚАРЫҚ ҚЫЛҒАН «ӘН- ӘЗІЛ» КЕШІ

КҮЛКІГЕ ҚАРЫҚ ҚЫЛҒАН «ӘН- ӘЗІЛ» КЕШІ

Бүгін, 1 сәуір –  күлкі күні. Түркістан қаласындағы Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды- драма театрында  Халықаралық » Алаш » әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы, ақын, сатирик Мұхтар Шерімнің шығармашылығына 50  жыл толуына орай «Ән- әзіл» атты  кеш болып өтті.

Кеште   Мұхтар Шерімнің  «Құдағи құшақтай береді» шығармасынан үзінді келтіріліп, сахна төріне «Мистер Мұхтар» әзіл- сықақ театрының директоры Мұхтар Шерім шақырылды.

Шығармашылығына жарты ғасыр толып отырған сатирик ізгі ниетін қысқаша білдіріп, көрермен қауымға «Астанада сиыр жүр» сықағын оқып берді. Белгілі әнші Ералхан Әбіш әннен шашу шашты.

Шымқаладан арнайы келген атақты қаламгерлер Момбек Әбдіәкімұлы, Захардин Қыстаубаев ағаларымыз да қатысып, қызықты кешті  тамашалады.

«Кешіріңіз, сіз есек емессіз!», «Талтайып тұрғым келеді», «Ымбап- па- а», «Быт-шытыңды шығарамын!» деген атаулармен аталған төрт томдық шығармалар авторы, тілі уытты, кейде ойнақы,  кейде ашы сарказмға толы көрнекті сатирик Мұхтар Шеріммен кездесуге келген көпшілік «күлкі керуенінің» керуенбасын асыға күтті. «Ән-әзіл» кешіне келген көрермен, ұлағатты ұстаз Несіпкүл Өтебаева бізбен әңгімесінде:

– Мен өзім  Мұхтар Шерімнің шығармаларын жақсы көремін. Оның әрбір шығармасының астарында бір мағына тұрады. Қоғамда болып жатқан кемшіліктерді астарлап , әзілмен жеткізеді. Күліп отырып, өмірдің ащы шындығын көзбен көргендей боласың, – дейді ағынан жарылып.

Бұл күнгі кеш  түркістандықтар үшін күлкі күніне  шынайы күлкі сыйлаған кеш болды. Шығармашылық кеш барысында Р.Сейтметов атындағы музыкалық-сазды драма театрының әртістері Шәкен Амантұров пен Нұржан Ізтаевты көрермен зор қошеметпен қарсы алды. Р. Сейтметов театрының жанынан құрылған «Тарлан» вокалды- инструменталды ансамблі де өнер көрсетті. Кеш әсем сазды әндермен өрнектеліп отырды.

Роза НАРЫМБЕТОВА.