1 наурыз – Алғыс айту күніне орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі «Ұстаздарға мың алғыс» іс-шарасын ұйымдастырды.
Жиынның мақсаты – бүкіл әлемді шарпыған пандемия кезінде де ауыртпашылығы мен жауапкершілігі мол ұстаздық міндетін табандылықпен атқарып жүрген ұлағатты ұстаздар қауымына музей тарапынан шынайы ыстық ықыласты білдіру, құрмет көрсету.
Іс-шараға Түркістан қаласындағы жалпы білім беретін барлық орта мектептің басшылары қатысты.
Басқосу барысында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов саналы ұрпаққа сапалы білім беріп, ел болашағы жастардың тәрбиесіне сіңірген елеулі еңбектері үшін білім ұяларының басшыларын құттықтап, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешовтің алғыс хатын табыстады.
Осы орайда, А.Байтұрсынов атындағы №1 мектеп-лицейінің директоры Д.Құдайбергенов іс-шараны ұйымдастырған қорық-музей ұжымына алғыс білдірді.
Марапаттау шарасы аясында ұлағатты ұстаздар «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Қожа Ахмет Ясауи, Есім хан, Рабия Сұлтан бегім кесенелеріне зиярат етіп, экскурсия жасады.