Home Басты жаңалықтар М.ОТАРБАЕВ КҮЙ КЕШІНЕ ЕРЕКШЕ БАҒА БЕРДІ

М.ОТАРБАЕВ КҮЙ КЕШІНЕ ЕРЕКШЕ БАҒА БЕРДІ

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың « Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру » бағдарламасы мен « Ұлы даланың жеті қыры » атты мақаласы аясында « Күй құдіреті » атты Сүгір Əліұлы күйлерінің кеші өтті.


Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мəдениет сарайындағы күй күмбірі төгілген салтанатты кеш ҚР мəдениет жəне өнер қызметкерлерінің кəсіби мерекесіне арналды.


Жиында облыс əкімінің орынбасары М.Отарбаев: « Біз ҚР Мəдениет жəне өнер қызметкерлері күні аясында керемет күй кешінде бас қосып отырмыз. Бұл кеш қазақтың ғана емес, бүкіл түркі жұртының мақтанышы, күйші, сазгер, композитор Сүгір Əліұлына арналып отыр. 1882 жылы Түркістан облысы, Созақ ауданында дүниеге келген атақты күйші жайлы айтылып та, жазылып та келеді. Тіпті, ол туралы « Тел қоңыр », « Күйші », « Сүгір », « Наз қоңыр » сынды поэма мен пъесалар да жарық көрді. Сонымен қатар, қазақ басылымдарында көптеген зерттеулерге де көз жеткіздік.

Бұл тұста М.Байдəулетовтың, Ж.Жүзбаевтың, С.Ақмолданың еңбектері ерен. Олардың шаң басқан архивті ақтаруы арқылы жұрт бұрын соңды естімеген ерекше мəліметтерге қанықты. Оның бір ерекшелігі, домбыраны оң бұраумен қатар теріс бұраған. Ол төкпе күй мен шертпе күйлердің үздік шебері болған, – деген мəліметтермен бөлісіп, жылы лебізін білдірді.


Ұлт руханиятын ұлы тұлғаларымыз бен ұлттық өнеріміз арқылы жаңғырып отыруын көздеген талантты жандар рухтың биіктігін, ойдың тереңдігін, көңілдің кеңдігін қасиетті аспаптардың үнімен ұғындыра білді.
Көркемдік жетекші Өмірбек Қонысбеков жəне бас дирижер, Халықаралық байқаулардың лауреаты Ерлан Дəуренбеков бастаған оркестр кеш бойы Сүгір Əліұлы, Төлеген Момбеков, Жаппас Қаламбаев, Бөрі Иса, Əлімбек Қонысбеков, Қасымбек Сарымбетов, Батырхан Рыспанбетов сынды композиторлардың шығармаларын күмбірлете шырқады.
Қазақтың мəдени қазыналарының бірі – күй өнері десек, адам жанына рухани демеу, азық сыйлаған құдіретті күй – көпшілікке ерекше əсер қалдырды. Түрлі іс-шараларда өнер көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген танымал оркестр жақында Ақтөбе қаласында өткен « Жұбановтар əуені » байқауында жүлделі I орынға ие болып, облысымыздың мерейін асырып, мəдени дамуына үлес қоса білді. Бұл тұста, Сүгірдің еңбектерін халық арасында насихаттап жүрген өнерпаздардың еңбегі орасан зор.


  Домбыра үнін қобыз үніне жақындатып, Ықыластың көптеген күйлерін домбыраға түсіргендіктен Сүгір күйлерінде қобыз үнінің басым келетіні де сондықтан. Оның күйлерін насихаттаушылар Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров сынды күй жанашырларының арқасында С.Əліұлының күйлері 1964 жылы тұңғыш рет халық аспаптар оркестрінде орындалып, 1968-1969 жылдары нотаға түсірілген. Оның « Тел қоңыр », « Шалқыма », « Амангелдіге арнау », « Аққу » секілді туындылары көпшілік арасында кеңінен таралған.
  « Сүгірдің күйлері Түркі жұртына насихатталады жəне насихатталуына бар күш-жігерімізді жұмсаймыз », – деген М.Нұржанұлы, өзінің өмір сүрген заманының үнін домбыраның қос ішегімен кейінгі ұрпаққа жеткізген құдіретті күй иесі Сүгірдің таңғажайып дүниелерін тыңдауға келген өнер жанашырларына алғысын білдірді. Ал, кеш соңында өңір басшысы Ө.Шөкеевтің атынан ықылас гүлі тарту етілді.