Home Мәдениет Киіз үйдің кереметі

Киіз үйдің кереметі

Киіз үй қола дәуірден (б.з.б. 3 мың жыл) бері қолданыста бар баспана. Оны Гоби Алтайындағы, Сібір Баяр тасындағы, Қырымдағы табылған тасқа қашалған суреттерден көре аламыз. Дегенмен қадір-қасиетіне қарай киіз үйлердің түр-түрге бөлінетіні тағы бар. Мәселен сыртқы киіз жабысына сәйкес үзікті, көтерме туырлықты, ал ағашының уақ-ірілігіне орай – алтын орда, ақ отау, ақ орда, ұранқай, қара лашық, қараша үй, абылайша, жолым үй деп аталады.Киіз үйдің негізгі бөлшектері – кереге, уық, сықырлауық, шаңырақ болып келеді. Бұлардың бірігуіне таспаның қызметі көп. Таспа – мейлінше түйенің мойын терісінен жасалады. Керегені қабықты талды кептіріп, морға төсеп балқытады. Сөйтіп ырғақта қатырып, жұмырлайды, жылғалап, жосалайды. Көк өткізетін орынды дақтап, үскілеп, таспамен көктейді. Осыдан кейін барлық жабдықты жиыстырып, құрастыруға көшеді.Кезінде ең үлкен киіз үй 30 қанатқа дейін барған деседі. Шаңырақты ат үстінде тұрып, бақанмен көтерген екен. Еңселі үйде той, қызықты думан өткізілген. Өздеріңізге белгілі, мұндай үйге қаншама адам сыйып, қаншама адам дем алатыны айтпаса да түсінікті. Бүгінгі дамыған сәулет өнерінде, мейлінше шығыс ансамбліндегі күмбез кескіні осы киіз үйдің формасынан алған және әліге дейін қолданады.Киіз үйдің шығу тарихы, қандай шебердің өнімі туралы ешбір дерек жоқ. Алайда тұтастай ғылым мен философия тұнған қасиеті зерттеушілерге таңырқау туғызуда. Мысалы шаңырақты ұстайтын 60 уық бірліктің символындай. Бұл бір шатырдың астында тату-тәтті өмір сүргенде ғана шаңырақ шайқалмайды деген мағына береді.Қазақ халқын көшпелі, дала кезген ұлт санады. Жер бетіндегі кез келген Еуропа тектес байыған ел алдымен зәулім сарай тұрғызып, дүниесін осымен даралады. Ал ұлттың ұлылығын, философиясының күштілігін, рухани жетістігін қазақ киіз үйімен-ақ жеткізді. Өйткені уақытша баспана – өткінші, жалған өмірді бейнелейді. Дүние де дөңгелек, киіз үй де дөңгелек дегеннің нақ өзі.Ертеректе орыс саяхатшысының күнделігін оқыған едім. Сондағы ел кезбесінің есі ауған естелігі киіз үй болыпты.– Керегесінің күлдіреуішіне дейін тұнып тұрған өнертапқыштық. Кереге құс қанатынан аумайды. Жайылмалы, жиналмалы етіп жасау арқылы пәлен қанатты, түген қанатты деп бөлген, – депті ол.Шындығында құрылысы жағынан өнертапқыштық болса, тұлғасы тап-таза ашылған жаңа жаңалық. Бұл кәдуілгі Туполев пен Королевке қанат бітірген, аэрогидродинамикалық құбыр іспетті.Сүт пісірім уақытта құруға немесе жинап алуға арналған киіз үй көшпелі тұрмыс кешкен халыққа тек баспана емес, сонымен қатар ыңғайлы обсерватория. Мұны Еуропа, орыс ғалымдары толық мойындады. Қазіргі уақытта астрономия саласында қолданатын аспанның жылжымалы картасы киіз үйдің шеңберлік өлшеміне сәйкес келеді. Шаңырақ арқылы наурыз және сәуір айларында аспан әлемінің солтүстік жарты шарындағы жұлдыздар мен шоқжұлдыздар ерекше көрінеді. Ал уықтар аспанның жарты шарын градусқа бөлуге ыңғайлы. Осы бойынша уақыт өлшемдерін, сондай-ақ Айдың өзгермелі фазаларын ажыратуға болады.Кейінгі кездері киіз үйдің алты қанаттысы тұрмыста көп қолданылады. Бұны да жыл мезгілдерінің негізгі тұтқасы деп алуға тұрарлық. Мысалы, бір жылды яғни алты қанатқа бөлгенде екі маусымды (6 ай жаз, 6 ай қыс) қамтиды. Сондай-ақ киіз үйдің есігі де қомақты қызмет атқарады. Жыл санатынан тыс қосылатын « бес қонақ » күндерінің мөлшерін білдіріп, жыл көлемі 365 күн екенін айқындайды.Әрине, тұнып тұрған ғылыми қағиданы қауымдастырған киіз үйдің бұдан да басқа кереметтері көп болуы мүмкін. Бір анығы, ата-бабамыздың ойшыл, өнертапқыш зеректігін, шеберлігін шынайы көрсеткен киіз үй бүгінге дейін құнын жоғалтқан жоқ. Ал оны көбейту, тіршілікке пайдалану жақтары бізде кемшін. Бір кездері Жаңақорған ауданы Қандөз ауылында киіз үй жасайтын цех қолға алынған еді. Өтпелі кезеңде ол тоқтады. Беріректе оған тағы жан бітіру жайы қозғалды. Алайда киіз үйдің сүйегіне ағаш табу қиынға соқты.Қызылдың құмының Шобанқазған ауылында әрбір үй есік алдына бір-бір киіз үй тігеді. Керемет. Жазды сонда өткізеді. Қарақалпақтың Тақтакөпір ауданында киіз үй жасаушылар бар. Қазір солардың өнімі өтімді болып тұр.
Қ.Құрбан