Home Басты жаңалықтар БАУЫРЛАС ҚАЛАМГЕРЛЕРДІ БІРІКТІРГЕН БҰХАРА

БАУЫРЛАС ҚАЛАМГЕРЛЕРДІ БІРІКТІРГЕН БҰХАРА

« Түркістан » газетінің өткен санында «Орта Азия жауһары Бұхараға сапар» атты жолжазбамыз жарияланған болатын. Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкенттен басталған әдеби сапарымыздың басты себебі – Бұхара қаласында өтетін түркі мемлекеттері жас қаламгерінің халықаралық форумы болатын.

Еліміздің атынан төрт қақпалы Түркістаннан ақын досым Бауыржан Ерман екеуміз қатыстық. Сәуір айының 16-19 күндері бауырлас елдердің жас қаламгерлері бас қосқан жиын түркі дүниесінің бірлігін нығайтып, әдеби-шығармашылық байланысын жандандыруды көздеді. Түркі елдерінің тағдыры мен мәртебесі, кемелденуі мен келешегі, тұтастығы мен бірлігі турасында әдебиет өкілдері ойларын ортаға салып, ортақ мұрамызды төрткүл әлемге таныстыруға ұсыныстар білдірді.

Форумның алғашқы күні ашылу салтанатына ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев қатысты. Мінберде тұрып Қазақстанда болып жатқан табиғи апатқа байланысты бауырлас мемлекеттердің атынан көңіл айтып, түркі мемлекеттерін қолдау білдіруге шақырды. Байсалды болмыспен біртуған елдің жазушысы сөзінің соңында Мағжанның өлеңін оқып, бізге ғана емес, барша форум қатысушыларына рух сыйлады.

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты –

Қырандай күштi қанатты.

Мен жастарға сенемiн!

Көздерiнде от ойнар,

Сөздерiнде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемiн! – деп болашаққа зор сенім білдірген Мағжан ақынның бұл өлеңі форумның басты ұранына айналды. Салтанатты жиыннан соң Бұхара музыкалық драма театрында Сұлтан Раевтың Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романы негізінде жазылған «Найман ана» драмасының жабық көрсетілімін тамашаладық.

Алғашқы күннен-ақ бауырлас қаламгерлермен әңгімеміз жарасып, әр елдің әйгілі қаламгерлерін түгендеп шыққан едік. Форумның келесі күндері Бұхарадағы орталық кітапханада өткен келелі кеңес, мазмұнды жиындарға ұласты. «Көркем аударма – түркі халықтары әдебиетін жақындату құралы» тақырыбындағы шеберлік сабақтары мен шығармашылық кездесулер жиналған жастарға үлкен тәжірибе алаңы болды десем артық емес.

«Біздің міндет – әдебиет арқылы туыс елдерді бірлікке шақыру» деді Өзбекстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Батыржан Эргашев. Ақыл-кеңесін айтып жатқан әрбір тұлғаның мүддесі – бауырлас ұлттардың бірлігін нығайтып, әлемдік аренадағы ықпалын күшейту екенін аңғару қиын емес. Осындай ортақ мақсатқа ойысқан түркі әдебиетінің талай белесті бағындыратынына күмән жоқ. Айта кетейік, форум аясында өлеңдеріміз өзбек тіліне аударылып, алдағы уақытта Ташкент қаласынан жарық көретін әдеби журналда жарияланатын болды. Бұдан бөлек Түркиядан келген аркадаш ақын Фетиһ Сұлтан Йылмаз да өлеңдерімізді түрік тіліне аударып, Анкарадан шығатын әдеби журналда басылатынын айтып қуантып қойды. Қырғызстан мен Әзірбайжаннан келген қаламгерлермен де тығыз қарым-қатынас орнатып, түркі халықтары әдебиеті өкілдерінен ғаламат өлеңдер оқылып, әуезді әндер шырқалды. Айтулы Бұқар жыраудың «Еліңнің қамын же, Есіліп кеңес айт» дегеніндей, елдің атынан біз де көптен көкейімізде жүрген ойларды жеткіздік. Сонымен қатар, өз кезегімізде киелі шаһарымыздың жүз жылдық жылнамасын жазып келе жатқан «Түркістан» және «Туркистон» газеттерінде мәртебелі оқырмандар үшін өзбек, түрік, қырғыз, әзірбайжан ақындарының жырларын жариялауды мақсат етіп отырмыз. Газеттің алдағы нөмірлерінде аталған ақындардың өлеңдері тұрақты түрде жарияланатын болады.

Сонымен, «Мың күніме татиды, Бұхарада өткен бір күнім» дегендей тарихи шаһардағы түрлі мәдени орындарға барып, Бұхараның көрікті жерлерін тамашалап тауыса алмадық. Қайтар жолда Өзбекстанның бас қаласына барып, бес күндік саяхаттың соңғы күнін Ташкенттегі қаламдас бауырлармен өткіздік. Батыржан Эргашев бастаған ақындар бізді ұлттық саябақта орналасқан Өзбекстан Жазушылар одағының ғимаратына бастады. Ақын-жазушыларға қолдау көрсету, олардың шығармашылығы насихаттауға ықпал жасауда ала қалпақты ағайындардан үйренеріміз көп екен. Әсіресе, мұндағы 20 жастан енді асқан бозбала мен бойжеткендердің тырнақалды туындылары кітап боп басылып, кем дегенде 10 мың данамен күллі республикаға таралатыны қуантты. Сондай-ақ, жазушылар одағындағы қаламгерлерге арналған музейдің де ерекше компазициялармен кескінделгені келуші қаламгерлерге үлкен әсер сыйлады. Бұдан бөлек ұлттық саябақта орналасқан «қаламгерлер аллеясы» көрген кісіні тәнті қылмай қоймасы анық.

Саябақтың биігінде тұрған Әлішер Науаидың ескерткіші Өзбекстан тарихындағы барлық белгілі қаламгерлерге бағдар боп тұрғандай. Бұдан бөлек ұлттық саябақта қазақ оқырмандарына етене таныс Өзбекстанның халық ақыны Мұхаммад Юсуфтың ескерткіші «менмұндалап» тұр. Қонақжай елге құрметімізді білдіріп, Мұхаммад Юсуфтың ғашықтық тақырыбындағы ғазалын қазақ тілінде оқып бердім. Аталған аллеяда орналасқан әйгілі шайырлар шығармашылығымен егжей-тегжей таныстырған өзбек қаламгерлерінен туған тарихына, әдебиетіне деген махаббатты айқын аңғардық. Жалпы айтқанда, туысқан ел тағдыры мен тарихынан біраз тың мәліметтерді көзбен көріп, көңілге түйдік.

Осы сапарға мұрындық болып, түркі әдебиетінің бүгінгі аяқалысымен жақын танысуға мүмкіндік берген Қазақстан Жазушылар одағы екенін ескерте кетейік. Ташкент пен Бұхара қалаларындағы сапарымыздың сәні болған Өзбекстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, өзбек шайыры Батыржан Эргашевке, өлеңдерімді өзбек тіліне тәржімалаған ақын апамыз Лала Жүнісқызына және барша өзбек қаламгерлеріне алғыс айтамыз. Сөзіміздің соңын Бұхараны көргендегі алғашқы әсерден туған экспромт-өлеңмен қорытындылағанды жөн көрдік:

Бабаларым бақыт тапқан кешегі,

Беу, Бұхара,

Мыңжылдықтар мекені!

Тәубемді айттым,

Табан тіреп сендегі

Көріп мынау көркем, көне көшені.

Алшаң басқан алты Алаштың жауһары –

Алла берген аманатым осы еді.

Дүркіреген даңқты шаһар бұйырған,

Түркілердің маңдай бағы бес елі!

Дәурен ТІЛЕУХАН.