Home Қоғам ТҮРКІСТАН: ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – ТАУСЫЛМАС ТАБЫС КӨЗІ

ТҮРКІСТАН: ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – ТАУСЫЛМАС ТАБЫС КӨЗІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу»,-деп айтқан болатын.

Жылыжай шаруашылықтарын қарқынды дамыту тұрғысынан алғанда Түркістан облысы елімізде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Оны республикадағы жылыжайлардың 71 пайызы осы облыстың үлесінде екенінен және оның жалпы аумағы 1569 гектарды құрайтынынан-ақ аңғаруға болады. Бұл тұрғыда облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы аталған салаға жасалатын қолдауды күшейтіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруды тапсырған.

Оның үстіне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу міндетін алға қойға болатын. Мұндағы басты мақсат – ауыл шаруашылығы субьектілерін, бизнес өкілдерін қолдай отырып, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету десек, қателеспейміз.

Осы орайда, біршама уақыт бұрын Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында Түркістан өңірінде ерте пісетін көкөністерді өзге облыстар мен қалаларға жөнелтуге форвардтық келісімшарт жасақтау жөнінде көшпелі жиын өткен. Тиісінше, аталған келісімдер арқылы көкөністер тиімді бағада саудаланды.

Көшпелі жиналыста ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік депарментінің мелиорация басқармасының басшысы, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, облыс және облыстық маңызы бар қала әкімдіктерінің салалық орынбасарлары, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары, қаржы мекемелері, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, ірі сауда желілерінің басшылары және кәсіпкерлер қатысты. Жиында Түркістан облысының ауыл шаруашылығын дамытуда еліміздегі ең қолайлы өңір екені айтылып, мүмкіндіктері сараланды.

Жиында белгілі болғандай, Түркістан өңірінде көкөністер басқа өңірлерге қарағанда 1,5-2 ай бұрын жиналатыны айтылды. Жылдық тұтыну нормасына сәйкес, облыс халқы картоп, сәбізбен 1,5 есе, пиязбен 4,4 есе және қырыққабатпен 6,6 есе қамтамасыз етіледі екен. Демек, Түркістан облысы диқандарының республика халқын әлеуметтік маңызы бар ерте мезгілдік картоп, пияз, сәбіз өнімдерімен қамтуға толық мүмкіндігі бар деген сөз.

Тиісінше, биыл Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру аясында ерте пісетін картопты 9,02 мың гектарға, пиязды 2 мың гектарға, сәбізді 1,24 мың гектарға және қырыққабатты 7,54 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Нәтижесінде 186,3 мың тонна картоп, 55,5 мың тонна пияз, 30,4 мың тонна сәбіз және 187,2 мың тонна қырыққабат өнімін жинау межеленген. Осы ретте, көшпелі мәжіліс барысында Түркістан облысы әкімдігі мен облыс және облыстық маңызы бар қала әкімдіктері арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен бірге, облыс әкімдігі тарапынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне көктемгі дала жұмыстарына берілетін жеңілдетілген несие көлемін ұлғайту жөнінде ұсыныстар енгізілді.

Жылыжайдың ерекшелігі – күн сәулесі және арнайы тігілген көрпешелер арқылы өсіріледі. Мәселен, аудан аумағында ауа температурасы -15 шамасында болса, жылыжай ішіндегі ауа температурасы + 4,4 градусты ұстап тұр. Осы арқылы қыс мезгілінде жылытуға шығын жасамай, жылыжайда құлпынай өсіруге болатынын дәлелдеуде. Қазіргі таңда, отырғызылған 240000 түп көшеттен ақпан-наурыз айларында 72,0 тонна өнім жинау жоспарланып отыр. Сонымен қатар ауыл тұрғындарын тұрақты және мезгілді жұмыспен қамтамасыз етуде.

Күнгей өңірде қарашаның қара суығына дейін дала өнімдерін тұтынуға мүмкіндік бар. Жерге қырау қатқаннан жылыжай көкөністеріне сұраныс артады. Осы сұранысты қанағаттандыру мақсатында қала аумағындағы жылыжай кешендерінде жұмыс қарқыны артқан. Жалпы жылыжайда көкөніс екі кезең негізінде егіледі. Алғашқы кезең үшін диқандар шілде мен тамыз айларында көкөніс көшетін отырғызса, қысқа қарай өнім бере бастайды. Ал, ерте көктемде өнім алу үшін шаруалар көшет жетілдіруді қаңтардан бастайды. Дәл қазіргі сәтте базарларда шеттен келген ауыл шаруашылығы өнімдері көбейгені жасырын емес. Нарық заманында сырттан әкелінген өнімдер бағасының арзандығынан отандық көкөністердің бәсекеге төтеп бере алмай жатқан жайы бар. Өйткені, жылыжайдағы өнімді өндіруге жұмсалған отынның шығыны біздегі көкөніс бағасына әсер етіп жатыр. Диқандар өнімдерін қала нарығына емес солтүстік өңірлер мен Ресейге тасымалдаған кезде ғана өз шығындарын өтей алады. Мәселен, көрші Өзбекстан мен Түркіменстанда электр қуаты мен табиғи газдың тарифі бізге қарағанда әлдеқайда төмен. Осы мәселені ескеріп, ҚР Ауыл шаруашылығы министріне жылыжай кешендеріне жұмсалатын отын шығынын субсидиялау ұсынысын жеткіздік. Бұл мәселе шешімін тапса, қыс мезгілінде көкөніс бағасының қолжетімді болуымен бірге, жылыжайда түрлі цитрустар мен орамжапырақтар, аскөк және қауын, қарбыз секілді өнімдерді өсіруге мүмкіндік туады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – қазір мемлекет сауатты түрде тірлік істеймін деген адамның бәріне бірдей қолдау көрсетіп жатыр. Тек шаруалар қандай да болсын құжатпен жіті танысып, өз мүмкіндіктерін анық біліп алса болғаны. Одан бөлек, субсидияға қызықпас бұрын, бастайтын жұмыстың ұңғыл-шұңғылына үңіліп, теориялық және практикалық білімді жетілдіріп алған жөн. Сонда ғана азаматтар тиісті қолдауларды талап етіп, өз пайдасына кәдеге жарата алады. Ең бастысы – жылыжай ісін далада да, қаладада да жүргізуге болады.

Жылыжай шаруашылығымен тұрақты айналысушы ірі кәсіп иелерінің негізді талап-тілектері, проблема етіп көтеруі нәтижесінде бұл мән-жайға бүгінде ерек­ше мемлекеттік маңыз беріліп отыр. Қазіргі таңда, 2024 жылдың бірінші айналымына көшет отырғызу жұмыстары атқарылуда. Жылыжай иелері мен жылыжай салуға ниеттеніп отырған азаматтарды қуантқан тағы бір жаңалық – 2024 жылдан бастап Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтарына қосымша 150 мың тонна Шұбаркөл көмірінің жеткізілетіндігі. Жылыжай шаруашылықтарын бір орталықтан көмір отынымен қамтамасыз ету үшін арнайы мекеме құрылып («Түркістан Ресурс» ЖШС), көмір өндіруші «Шұбаркөл көмір» АҚ-нан тікелей қаңтар айынан бастап 150 мың тонна көмір отынын тасымалдау келісілді. Бүгінгі таңда, жылыжай шаруашылықтары нарықтан 97,6 мың тонна көмір отынын сатып алып, пайдалануда. Жалпы құлпынай күй талғамайтын, яғни кез келген жерде өсе беретін және климатқа онша тәуелді емес жидек. «Виктория» сұрыптысының биіктігі 30-35 сантиметрге жетеді. Жапырақтары үшқұлақты қалың болып келеді. 100 грамм құлпынайда 36,9 ккал калория бар. Сондықтан да ол диеталық тағам түріне кіреді. Құлпынай дәмді жидек қана емес, тамаша десерт әрі емдік тағам болып саналады. Оны жеген адамның асқа деген тәбеті ашылады. Ас қорыту жүйесі жақсарады. Құлпынай сонымен бірге тер шығаратын, несеп айдайтын қасиетке де ие. Сол үшін құлпынай өсіру ауыл шаруашылығындағы табысты кәсіптің біріне жатады. Қазақстанда бұл жидектің «Елизавета ханшайым», «Зенга Зенгана», «Русановка», «Источник», «Эверест» және «Фестивальная» сұрыптары өсіріледі. Олардың ішінде «Виктория» да бар. Бұл сұрыптардың барлығының да түсімділігі жоғары. Және зиянкестерге төзімді боп келеді. Агрономдар құлпынайдан жақсы өнім алу алдымен сұрпына, содан соң күтіміне байланысты екенін айтады.

Негізі жылыжай шаруашылығымен айналысам деушілерге мемлекет тарапынан көмек беріледі. Мәселен жылыжай тұрғызуға жұмсалған шығынның 30 пайызын, көкөністерді сақтауға жұмсалатын шығынының 20 пайызын мемлекет субсидиялайды. Сонымен қоса жылыжай шаруашылығын қолдау мақсатында өсіру шығынына ретінде 500 мыңнан 5,5 млн теңгеге дейін қаржылай қолдау көрсетіледі. Одан бөлек тыңайтқыштарға, гербицидтерге, әр түрлі аурулармен күресетін биогенттерге де мемлекеттен субсидия бөлінеді.

Мамандардың айтуынша, жылыжайда өскен ауыл шаруашылығы дақылдарының біршама артықшылығы бар. Атап айтар болсақ, өнімге қоршаған ортаның зияны тимейді. Ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдардың маңыздылығы еш жойылмайды.    

Осы ретте айта кету керек, әлем бойынша жылыжай салу жөнінен Қытай алдыңғы орында тұр. Бұл елдің жылыжай алқабы шамамен 1,5 млн. гектарды құрайды. Бұл салада  АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Ресей сынды мемлекеттер де жетекші мемлекеттер болып табылады.

Жылына бірнеше мәрте өнім беретін жылыжай шаруашылығы қай жағынан алсақ та  өте тиімді. Шағын жылыжай бір отбасыны ғана емес, кішігірім бір ауылды да асырауға қауқарлы. Тек істің көзін таба білсеңіз болғаны.