Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрында « Желіккен жастар » атты екі перделі комедия көрерменге жол тартты. Тұп-тура уақытында басталған комедия жастардың қоғамдағы роліне қатысты тақырыпты қозғады. Бойдақтық өмірден бой алғысы келмей, жалындап жүрген үш жігіттің басындағы жағдайлар суреттелген. Бос уақыттарын жаман әдеттермен өткізіп, өздері опық жеп қалған жігіттер арасындағы әзіл-шыны аралас әңгімелерден өмірдің астарлы тұстарын айқын көруге болады.⠀Әсіресе, бүгінгі қоғамда дендеп тұрған ажырасу мәселесін де алға тартып, ішімдік пен темекінің зиян екендігін комедияның соңында көркем көрініспен дәлелдеді.⠀Бұл қойылым жастарға – достыққа адалдықты, уәдеге беріктікті, ер азаматтың қадірін білуді ұғындырғандай. Қарапайым өмір шындығында ерлі-зайыптылар арасында әйел адам бірнеше саты төмен тұратындығын тағы бір ұғындырды. Карантин талаптарын сақтай отырып көрген көрерменнің аздығы қойылымның сәтті шығуына кедергі келтірмеді. Керісінше, шын жүректен көрсетілген қошемет театр әртістерін шабыттандыра түскендей. Енді комедияға үлес қосқан еңбегі ерен азаматтарды атап өтсем, қоюшы режиссері Ғазиз Арынов, қоюшы суретшісі Қанат Шериев, композиторы Қанат Жұмабаев, хореграф Жангүл Ерсұлтанова, режиссердің ассистенті Мұрат Құрманбеков болса ал, театрдың көркемдік жетекшісі Айдар Наурызбаев.
Ақмарал Ғаниқызы.