Home Қоғам ТҮРКІСТАН: ТІЛ МӘСЕЛЕСІНДЕ ТҮРЛІ ЖОБАЛАР АТҚАРЫЛУДА

ТҮРКІСТАН: ТІЛ МӘСЕЛЕСІНДЕ ТҮРЛІ ЖОБАЛАР АТҚАРЫЛУДА

Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Берік Әбдіғали жұртшылықпен жүздескен еді. Біз депутатқа бірер сауалдарымызды қойғанбыз.

– Берік аға, «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы өтіп, өзіңіз аталған ұйымның төрағасы болып сайланғанда қуанған едік. Қазақ руханиятына жақын азамат тіл шаруасын өрістетуге келді ғой, деп. Тіл мәселесінде қандай игі шаруалар атқарылып, жағымды жаңалықтар болып жатыр?

– «Қазақ тілі қоғам» тек тіл мәселесімен ғана айналыспайды. Тілге байланысты, тарихқа байланысты жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. «Рухани жаңғыру» мемелекеттік бағдарламасы қабылданғанын, білесіздер. «Қазақ тілі» қоғамы міне сол бағдарламаны тіл жағынан қолдайды. Қазақ тілін дамыту дегеніміз, қазақ руханиятын дамыту. Тіл төңірегінде көптеген қордаланған мәселелер бар, рет-ретімен көп мәселені қолға алып жатырмыз. Ең бастысы мемлекеттің көзқарасы түзу, қолдауы бар. Қазіргі таңда Мемлекеттік тіл туралы бөлек заң жобасын әзірлеу жұмысы жүріп жатыр. Бұйыртса, көп мәселе осы заң қабылданғанда жүзеге асатын болады.

Қараша айында ҚР «Көрнекі ақпарат» туралы заңын қабылдадық, қаңтар айынан күшіне енді. Заң құзыреті қазақ тілінің мәртебесіне сай сауатты, дұрыс жазылуын қадағалайды. Елді-мекендердің аты бұдан былай тек мемлекеттік тілде жазылатын болды. Бұрынғысынша орыс тілінде транскрипциясы жасалмайды. Сол сияқты маңдайшалар да тек мемлекеттік тілде жазылады, қажетті деп табылған жағдайда ғана орыс тілінде жазылады. Міндетті емес. Кәсіпкер енді «дүкен-магазин», «дәмхана-кафе» деп немесе өніміндегі орау қағазында өнім атауын екі тілде бере ме, тек мемлекеттік тілде бере ме өзі шешеді. Субтитрлер, арнайы аудармалар, аудармалардағы қателіктер туралы, маңдайшалар, көшедегі көрнекі жарнамаларға байланысты мәселелер бойынша, қазақ тілін білу талабы, мемлекеттік қызметке қабылданатын, түрлі деңгейдегі депутаттыққа сайлауға түсуде қазақ тілін білу талабы, «Қаз тест» емтиханын тапсырудың аясын кеңейту секілді жобалар әзірленіп жатыр. Мұның жиынтығы ретінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты дайындаған тұжырымдасында көрінеді. Жуырда тұжырымда дайындалып, өндіріске енді.

– Жаңа жүйе енгенде депутаттыққа бірыңғай партиялық тізіммен емес, можариторлық жүйемен сайлануға басымдық беріледі деп жатыр, бұл құптарлық. Енді Парламенттік партадан «бейтаныс» адамдарды көрмейтініміз қуантады, әрине. Алайда, Сенатта Ассамблеялық квота бұрынғыша сақталатын болыпты. Қазақстан Халықтар Ассамблеясының маңызы қалай? Жалпы, Ассамблеяға көзқарасыңыз қалай? Қоғамда «осының қажеті қанша» дегенге саятын пікірлер де жоқ емес.

– Кеңес кезінде халықымыздың үлес салмағы 40 пайызға жетер жетпес еді. Сол кезеңде біз расында кіші (аз) ұлт сияқты болатынбыз. Мысалы, өткен ғасырдың 80-жылдарында Теміртау қаласында қазақтар 10 пайызға да жетпейтін, Қоғамда аз ұлттарда қашанда комплекс (тартыну) болады. Жалпы, аз ұлттарға мемлекеттің қамқорлық көрсетуі БҰҰ-ның концепциясында бар дүние. Әлемдік тәжірибеде «Позитивті дискриминация» деген ұғым бар. Бұл белгілі бір аз ұлтттарға мемлекеттің қамқорлық көрсетуін айтады. Оның мәні шағын ұлттардың жойылып кетпеуі, ұлт ретінде дербес дамуына жағдай жасау. Мұны айтуымның себебі: біз тәуелсіз ел болдық, қазақтың саны шүкір, 70 пайыздан асты. Біз қазір аға ұлтпыз, мемлекет құраушы көшбасшы ұлтпыз. Сол себепті елдегі басқа шағын ұлттарға ағалық қамқорлық көрсетуіміз керек. Бұдан шошудың, үркудің қажеті жоқ. Аз ұлттар Ассамблеяға шығып, өз тілінде сөйлеп, өзінің әнін айтып, салтын көрсетіп жатса, қазақ халқына ризашылығын, құрметін танытып жатса еш сөкеттгі жоқ. «Кең болсаң кем болмайсың», – дегенді айтқан дана халқымыз. (Иә, бұл бұрын көбіне шоу, жарнама ретінде өтті. Сол себепті кішкене жасандылау болған шығар). Бірақ бұл керек саяси құрылым. Ассамблея «Қазақтану» деген керемет жобаны қолға алды, солармен бірігіп қазақ тілін үйретуді, насихаттауды, тарихымызды құрметтеуді жолға қойып жатырмыз. Тілді насихаттауда, елдің тұтастығын сақтауда біз Ассамблеяны пайдалануымыз керек. Қазақ тілінде сайрап тұрған өзге ұлт өкілін өзгелерге үлгі етеміз.

– Берік аға, көптің көкейінде жүрген сұрақ. Ақыры өзгеріс енгізгелі жатыр екенбіз. Ата заңның 7-баптың 2-тармағындағы «…орыс тілі ресми түрде қазақ тілі мен қатар қолданылады» деген нұсқаны неге өзгеріссіз қалдырдық?

– Қазақ тілінің өрісін өзге тілді шектеу арқылы дамыта алмаймыз. Тілді өз мүмкіндігімізбен, бәсекелестікті дамыта отырып өрістетуіміз керек. Қайткенде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтеміз? Қайткенде қазақ тілі ғылым тілі, инновация тіліне айналады? Осы төңіректе бас қатыруымыз керек.

Кейінгі кезде қазақ тілді отбасында сәбилердің тілі орыс тілінде шығып, орыс тілді балалар легі өсіп келеді. Балалар гаджет, смартфон арқылы, күнделікті қарап отырған мультфилм арқылы орысша сөйлеп кететін жағдайлар көп. Көбі «Алдар көсені» көрмейді, «Маша мен аюды» қарайды. «Балапанды» көрмейді. Бұл өкінішті, әрине. Баланың тілі ана тілінде емес, орыс тілінде қалыптасып жатыр. Ата-ананың баланы тәрбиелеуге уақыты жоқ. Смартфонды баланың қолына бере салады, құлағым тыныш болса болды деген пиғылмен. Сонымен баланың тілі орысша шығады. Бұл үлкен қауіп. Бұған кім кінәлі? «Маша мен аюды» түсіріп таратып отырған ресейліктер ме, орыстар ма? Мәселе өзімізде болып тұр ғой. «Маша мен аюдың» деңгейінде мультфильм түсіре алмаған өзіміз кінәліміз. Балалар контенті, мультфильмдеріміз бәсекеге қабілетті емес. Осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Мемлекет арнайы қаражат бөліп Nictlodeon, TiJi секілді әлемдік балалар телеарнасы контенттерін қазақшалауды қолға алып жатыр. Қыруар қаржы бөлініп жатыр мемлекеттен. Қазақ тілінің мәселесі аталған бапты алып тастау, не қалдыруда болып тұрған жоқ. Өзімізде болып тұр. Әр отбасындағы тәрбиеге, ата-ананың өзіне байланысты. Тілді сақтау, тілді дамыту өзімізге байланысты. Өте күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Елдің бірлігі мен тұрақтылығы ең маңызды жәйт. Қазақтың өзі екіге жарылып тұр. Әуелі бізге өз бірлігіміз керек, жалпы елдің тұтастығы керек. Сондықтан, әзірше Конституциядағы әлгі бапты алып тастау туралы мәселе қозғалмай, сол күйінде қалдырылды. Күзде «Көрнекі ақпарат туралы» заң қабылдаған кезде қоғамда үлкен резонанс туды. «Орыс тілінің аясын тарылту, қысым көрсету» дегендер, қол жинап петицияға шақырған белсенді әлеумет көп болды. Елдегі саяси реформалар ойдағыдай жүзеге асып, қоғамда тұрақтылық орнағанда, уақыт сәтімен бұл да жүзеге асады деп ойлаймын. Бұл тарапта асығыстық танытуға болмайды.

– Түркістан, Түркістан руханияты туралы пікіріңізді білсек…

– Қаншама хандарға орда болған, Алтай мен Атыраудың арасын жайлаған, Ұлытауын ұлықтаған, құс қанатын талдырған қазақ даласы, қазақ елі үшін Түркістанның орны бөлек. Облыс орталығы болғалы қала көріктеніп жаңа тұрпатта дамып келеді. Түркістанды ірі туристік қалаға, туристік мәдени орталыққа айналдыру жобасы сәтті жүріп жатыр. Қуаныштымыз, әлбетте.

Түркістан – түркі әлемінің рухани бесігі. Киелі топырақ, құт қонған мекен. Қожа Ахмет Ясауи әулие бабамыз мәңгіге дамыл тапқан күллі түркінің рухани бесігі. Алайда, түркі дүниесінің кіндігі, Түркістан өркениеті үлкен ұғым, зор жауапкершілік. Сіз бен Біз осы жауапты келбетке, сол мәртебеге лайық болуымыз керек деп ойлаймын.

– Әңгіме сұхбатыңызға рахмет, табыс тілеймін.

Әтіргүл ТӘШІМ,

журналист.