Өңірде су мәселесі маңызды салалардың қатарына жатады. Жалпы еліміз бойынша су тапшылығы мен қажеттілігіне қарай Түркістан облысы алдыңғы орындарда тұр. Осы орайда, облыс тұрғындарына ақпараттық түсіндіру мақсатында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиевтың мақаласын ұсынамыз. Президент тапсырмасы бойынша, жерасты суларын пайдалану аясы кеңейтілмек. Ұлттық гидрологиялық қызмет құрылмақшы. Олар жерасты суларына мониторинг жүргізіп, іздестіру-барлау, гидрологиялық ұңғымаларды жоюмен айналысады. Отыз жылдан бері лас су ішіп келген шардаралықтар жерасты суларын зерттеудің нәтижесінде сапалы ауызсумен қамтылады. Сол сияқты Ұлттық гидрологиялық қызмет өз ісін сапалы атқарса, тұзды және шамадан тыс минералды судан бөлек, жер астынан таза су табады деген сенімдеміз. Сол сияқты Президент тапсырмасымен Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты құрылады. Бұл да үлкен жаңалық. Ал су саласындағы кадрлық тапшылықты шешу үшін Қазақстанда гидротехникалық құрылыс және гидромелиорация мамандарын даярлайтын ЖОО қажет-ақ. Бір гектар жоңышқаның өзін суғару – үлкен өнер. Ауқымды жобалар үшін жоғары білімді мамандар өте-мөте керек.
Еліміздегі 14 мың шақырым канал күрделі жөндеуден өтеді деп күтілуде. Ауыл шаруашылығымен көбірек айналысатын Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облысына қарасты 3 500 шақырым су жүйесін цифрландыру басталды. Су үнемдеу технологиясы бойынша Түркістан облысында «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы басталды. Оның аясында 10 мың гектардай алқапта су екі есе үнемделді. Тамшылатып суғару әдісі кең тараған. Қауын, қарбыз, мақта да бұрынғыдай суғарылмайды. Негізі, мәжбүрлік адамның жаңа мүмкіндіктерін ашады. Сайрам ауданында егін егетін жер аздық еткенде, тастақты жерде израильдік тәсілмен қызанақ өсірілген еді. Демек, қандай жерде тұрса да, ебін тапқан екі асайды екен. Жылыжайлардың дені Сарыағаш ауданында болатын, енді өзге де аудандарда жылыжай көкөнісін өсірушілер көбейіп келеді. Жылыжайларды ұстап тұру да оңай емес. Мемлекеттің демеуіне мұқтаж. Жылыжайлар мен мақташылар, сондай-ақ бірқатар ауылдардың каналдарын жөндеу бойынша жолдаған депутаттық сауалдарымның Үкіметтен біршама қолдау тапқаны қуантады. Жалпы, елімізде арктикалық та, африкалық та атмосфера сақталып тұра бермейтіндіктен, әр өңірдің географиялық ландшафтына қарай ауыл шаруашылығын икемдеу керек деп есептеймін.
Ауыл шаруашылығымен айналысуға мүмкіндігі жоқ елдер шаруашылыққа қажетті техника шығаруда. Олардың құрастырған техникалары біздің қажетімізге жарап жатыр. Президенттің бір тапсырмасы лизингке техника алу жолдарын ашу болатын. Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша, шаруалар 40 млрд теңгеге 1 053 комбайн мен трактор сатып алды. Сонымен қатар 2,8 мың бірлік мал азығын жинау техникасын сатып алуға 20 млрд теңге бөлінген. Мал азығын жинау да үлкен шаруа. Бір қызығы бізден экспортталған арпа, бидай, сұлы, жүгері, өзімізге малға жем болып импортталады. Бұл біздің мал азығын әзірлеудегі әлеуетіміздің төмендігін көрсетеді. Десе де, жекелеген шаруалар әрекетсіз емес. Әркім өз бетінше техника құрастырып, ең болмағанда шөп турайтын түрлерін ойлап табуда. Бұл да талпыныстың көрінісі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылған роботехникалық мектептерден техниканың тілін біліп қоймай, Қытай, Германия, Голландия, Италиядан озатын заманауи техникалар құрастыратын жастар шығады.
«Кооперативтер егістіктен дүкен сөресіне дейін өнімді тікелей жеткізуші болады. Тиімсіз делдалдардан арыламыз», – делінген Президенттің сайлауалды бағдарламасында. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру бойынша кең ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. Жоғарыда атап өткендей, кооператив төрағалары мен мүшелері арасында түсініспеушілік туындамаса екен. Кооператив атынан субсидияны алып алып, құрамындағы қожалықтарға бөліп бермейтіндер де бар. Соның салдарынан аракідік дау-дамай шығып жатады. Тура сол сияқты үлес, пай бөлуде де күмәнді істер көп. Сондықтан кооператив, шаруа қожалықтарының төрағаларының жауапкершілігін артыру керек. Сонда Президент тапсырмасының игілігін тең көретін болады. АҚШ-та шаруашылықтар арнайы ауыл шаруашылығы жолақтарында орналастырылады. Ондай тәсіл Еуропада да қолданылады. Мысалы, біздің Солтүстіктің бидай белдері сияқты, ол жақта да жүгері, мақта қырлары мен мал жаятын жайлаулары біркелкі болады. Міне, бізге де әлемнің озық әрі тез өсу үлгісін пайдалана аламыз.
Ешбір өндіріс көзі жоқ болса, ауыл шаруашылығымен айналыспағанда немен айналысасыз? Бір сүт пен еттің өзінен бірнеше өнім шығаруға болады. Ал малды тек етке жарататын болсақ, өңдеу ісін қалай алға жылжытамыз? Ішкі нарықты өз өнімдерімізден қамтамасыз етіп, артылғанын экспортқа шығару керек. Мұның бәрін Үкімет жүйелеуге тиіс.
Министрліктің мәліметінше, елімізде 13 мыңнан аса су шаруашылығы нысаны бар. Оның 352-сы – су қоймасы, қалғаны – су тораптары, бөгеттері мен тоғандар. 6 629 нысан – республикалық, 6 007 – коммуналдық, 528 – нысан жекеменшікте болса, қалған тоғызы егесіз екен. Осы тұста, негізінен су көздерін жекеменшікке беруден сақ болу керек. Өйткені ауыл маңдарындағы өзен, көл, құдықтарды иеленіп алғандар жергілікті жұртшылықты тіршілік нәрінен қасақана тарықтырады. Мұндай жағдайда су ортақ қазына болғандықтан, жекеменшікке берілген ортақ нысандарды мемлекет қарамағына қайтару қажет деп есептеймін. Айдың-күннің аманында суға талас болмау керек.
Оңтүстік облыстарда бос жатқан жер жетерлік. Себеп – топырақ тұзды не құмды. Жалағаштан бастап жер жалаңаштанып қалған. Күрежолдардың бойынан көлеңкелейтін тал таппайсың. Бәлкім, біздің ғалымдарға да сахараны көгертіп жатқан арабтар сияқты жаңа технологиялар ойлап тауып, жарамсыз жерлерді кәдеге жарататын әдістерді енгізетін кез келген шығар. Су жоқ деп ну ормансыз отыра берген жарамас. Ауыл шаруашылығы алқаптарында суды үнемдеу үшін жаппай тиімді технологияға көшіріледі. Ол үшін тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарына арналған шығындарды субсидиялау 50 пайыздан 80 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Тамшылатып және жаңбырлатып суғару арқылы 1,5 мың текше шақырымға дейін су үнемдеуге болады. «Судың да сұрауы бар» дегендей, пайдаланылған судың ақысын төлеу керек. Бұл жүйеден егістіктер де шет қалмауға тиіс. Суға төлем бүкіл әлемде жасалады.
Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша бір жыл ішінде көптеген жұмыс істелді. Басымдық берілген бағыттар қатарында: етті мал шаруашылығы, жеміс сақтау қоймаларын, жеміс-жидек бақтарын, жылыжай кешендерін, балық өсіру, жүн және теріні тереңдетіп өңдеу бар. Мемлекет басшысы қойған міндеттердің ішінде алдымен ішкі сұранысты қағаттандырып, азық-түлік импортын азайтып, экспортын арттыру. Елімізде жыл сайын 24 млн гектар алқаптан орта есеппен 17-20 млн тоннаға дейін астық жиналады. Оның 7 млн тоннасы ішкі нарыққа, 10 млн-дай тоннасы экспортқа шығарылады. Өңірлерде астықты ірітіп-шірітпей сақтайтын қоймалар бой көтеріп келеді.
Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі бойынша жоспарланған 20 жобаның оны жүзеге асырылды. Ауыл шаруашылығы тауарларының көлемі 1 трлн теңгеден асты. 2023 жылы бұл салаға 88,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Егістікті әртараптандыру жұмыстарының нәтижесінде 3,3 млн тонна көкөніс, бақша өнімдері жиналған. Отандық өнімдер шығаратын 22 кәсіпорын іске қосылып, 400-дей адам жұмыспен қамтылған.
Қазір ауылшаруашылық құрылымдарының саны 250 мыңға да жетпейді. 17 облыста 23 тәжірибе стансасы өсімдік пен мал шаруашылығы бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп жатыр.
8 млн гектар пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылды. Әлі де малға жайылым, егінге алқап таппай жатқан ауылдар жетерлік. Жұртқа да қайтарылған жерлердің қай маңда екені қызық боп, кездесу сайын сұрайды. Мал баққанға да, егін салғанға да жер керек. Мемлекет басшысы бұл іске аса мән береді.
2023 жылы республикалық бюджеттен 17 мың шағын несие беру үшін 100 млрд теңге бөлінді. Соның арқасында ауылдық жерлерде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінде Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында қаражат толығымен игеріліп, басқа өңірлерде жұмыстар жалғасуда. Елдің су шаруашылығы жүйесін жаңғырту аясында 2025 жылға дейін Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында сыйымдылығы 1 700 млн м3 болатын жаңа 9, ал екінші кезеңде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 705 млн м3 астам суға арналған 11 су қоймасы салынады. Бұдан бөлек, суармалы алқаптардың жалпы көлемін 1,8 млн гектардан 2,5 млн гектарға дейін кеңейту көзделген. Қолда бар 15 су қоймасы мен 3,5 мың шақырым суару желілерін күрделі жөндеу, сондай-ақ 212 каналдың суды пайдалану мөлшерін есепке алу үшін цифрландыру жүйесіне көшірілмекші. Цифрландыру ашықтыққа жол ашады. Цифрландыруға көшкен кәсіпорындардың басы дауға қалмайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел игілігіне арналған бастамаларының жер-жерде жүзеге асырылуына атқарушы билік те, жергілікті халық та атсалысуы керек.