1989 жылы құрылған «Қазақ тілі» қоғамы тәуелсіздігімізге толайым жол салғандай болады да тұрады. Өйткені, қоғам бірден-ақ қанатын кең жайып, Қазақстанның барлық өңірінде өзінің жергілікті ұйымдарын құра бастады. 19 облыстық, 200-ден аса аудандық, мыңдаған бастауыш ұйымдар құрылды. Қалалық, облыстық, аудандық, ауылдық ұйымдармен бірге ірі мекемелерде біріккен комитеттер ұйымдастырылды. Ел арасында тіліміздің өрісін кеңейту жолдарын тынымсыз насихаттады. Осындай нақты іс-әрекеттер нәтижесінде қоғам ел алдында бедел алып, халықтық қозғалысқа айналды. Әсіресе, Тіл туралы заң мен Мемлекеттік бағдарламаның іске қосылуына қоғам қосқан үлес өлшеусіз. Қоғамның ІІ құрылтайында сөз сөйлеген белгілі ғалым, профессор Кеңесбай Мұсаевтың пікірін келтіргенді жөн көріп отырмын. Ол: «Осы уақыт ішінде қоғамның тындырған ең үлкен жетістіктері не дегенде қоғам қазақтың қазақтығын дамытатын қоғам екенін дәлелдеуі дер едім. Екіншіден, қоғам қазақтардың ертеңге сенімін арттырды. Үшіншіден, ұлтшылдық қорқынышынан құтқарды, соны әлсіретуге көп көмектесті» деп пікір білдірген еді. Бұл пікірдің орындылығын уақыттың өзі көрсетіп отыр ғой деп ойлаймын. Елдің санасын оятуда, ұлттық рухты көтеруде баспасөздің ерекше маңызға ие екендігі белгілі. Осыған байланысты біздің де әуелгі қолға алғанымыз баспасөз болды. 1990 жылғы наурыздың 22-сінде республикалық «Қазақ тілі» қоғамының үні ретінде өмірге келген «Ана тілі» атты үнқағазымыз содан бергі аралықта республикамыздағы таралу мөлшері көп беделді басылымдардың қатарына шықты. Тіл тағдырын ту етіп отырған бұл басылымды кешегі Ахмет Байтұрсынов шығарған «Қазақ» газетінің рухани жалғасы деп айтуға әбден болады. Бұдан бөлек, «Қазақ тілі» қоғамының жер-жердегі ұйымдары мен бөлімшелері шығарған мерзімдік ақпарат құралдарының саны 30-дан асып кетеді. Бұлардың бәрі де қоғамдық пікір қалыптастыруда, ұлттық жадымызды жаңғыртуда елеулі қызметтер атқарғаны ақиқат. Жалпы, қазақ тілінің 1989 жылы мемлекеттік тіл мәртебесін алуы, «Қазақ тілі» қоғамының құрылуы қоғамдық пікірге айрықша ықпал беріп, ұлттық сананың дүр сілкінуі ел тәуелсіздігіне алып келді десек, артық айтқандық болмайды деп білеміз. Дүние жүзі қазақтарының Құрылтайын өткізу идеясын көтергендердің бірі – «Қазақ тілі» қоғамы болатын. Өзге қоғамдық ұйымдармен бірге мұны ұйымдастырудың басы-қасында «Қазақ тілі» қоғамы жүрді. Сол кезеңдерден бері толассыз жүргізіліп келе жатқан тіл майданы әлі тоқтаған жоқ. Тілге байланысты қабылданған әрбір құжаттың астарында осындай күрестер ізі жатыр. Өйткені, тәуелсіздіктің басты шарттарының бірі – тіл тәуелсіздігі еді. Қоғам қызметінің алғашқы жылдары ерекше қарқынды әрі қызу болды. Еліміздің бүкіл аймақтарын, тіпті, шалғайдағы ауылдардың өзін де қамтыды. Көптеген өндірістік кәсіпорындар да бұл елдік істен шет қалмады. Қазақ халқы бұл қоғамға айрықша үміт артты. Тәуелсіздіктің тірегіндей көрді. Қауымдасып мүше болды, тілеулестік танытты, демеушілік көрсетті. Өз беттерінше бастама көтеріп, жергілікті ұйымдар мен бөлімшелерді ашты. Сондай-ақ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын мемлекеттік деңгейдегі аса ауқымды істі қолға алған іргелі, көп тармақты қоғамдық ұйым деуге де болатыны анық. Өйткені, қоғамның жарғысын алғаш Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы бекітті. Бастапқы жылдары, атап айтқанда, 1993 жылға дейін мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылып келді. Қоғамға Тіл туралы заң мен мемлекеттік бағдарламаны іске асыру міндеті артылды. Алайда, қоғам арнайы ресми мемлекеттік мекеме болмағандықтан, бұл міндетті ойдағыдай атқаруы мүмкін емес еді. Бұл іс кейіннен қоғамның ұсынысы бойынша құрылған Тіл комитетіне жүктелді. Тіл комитеті ашылғаннан кейін барлық облыста тіл басқармалары құрылды. Бұл шаралар мемлекеттік тіл саясатының пәрменді жүргізілуіне айтарлықтай серпін беріп отырғанын ашып айтуға тиіспіз. Қоғам тәуелсіздік жылдарында тілге қатысты салалардың бәріне араласып, өзінің тіл жоқшысы, бірден-бір қамқоршысы екенін үнемі дәлелдеп отырды. Бір айтарлық жай, біз 1989 жылы «Қазақ тілі» қоғамын құрайық деп жатқанда, «Эстон тілі» қоғамы өзінің 70 жылдығын атап өтіп жатты. Ал Ататүрік негізін қалаған «Түрік тілі» қоғамы әлі күнге қызмет етіп, Түркия мемлекетінің ұлттық идеологиясының ошағына айналып отыр. Биыл құрылғанына 25 жыл толып отырған «Қазақ тілі» қоғамы қажет пе, қажет емес пе деген мәселенің күн тәртібіне қойылуы әлі ерте деп білемін. Сондай-ақ, елімізде осыншалық уақыт қызметін жалғастырып келе жатқан қоғамдық ұйым жоқтың қасы. «Қазақ тілі» қоғамының осы уақыт аралығында бағдарынан ауытқымай, өз қызметін қалыпты түрде жалғастырып келе жатуы ұстанған бағыты мен іс-әрекетінің оң екендігін тағы да бір дәлелдей түспей ме?! Нақтырақ айтатын болсақ, үкіметтік емес ұйымдардың міндеті қоғамда қордаланып қалған мәселелерге жұртшылықтың, тиісті органдардың назарын аударту, қозғау салу, қоғамдық пікір қалыптастыру, ұсыныстар беру, мемлекеттік мекемелердің қызметіне қоғамдық бақылау орнату. Осыған орай «Қазақ тілі» қоғамы да өз Жарғысында көзделген міндеттерін тиісінше атқарып келеді. Ал енді, әсіресе, тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінің өрісін кеңейту жолындағы мемлекетіміздің атқарып келе жатқан істеріне көз жұмып қарасақ, мұнымыз «көрмес түйені де көрместің» керін келтіргендік болар еді. Сондықтан да әрбір іске, әрқандай әрекетке баға бергенде, әділеттің ақ жолынан ауытқымағанымыз орынды. Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту үшін егемен еліміз не атқарып келе жатыр дегенге келсек, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тілінің мәселесі Елбасының назарынан ешқашан тыс қалып көрген жоқ. Мысалы, ана тілімізді ардақтау мақсатында 25 жылдың ішінде Елбасы 5 Жарлық, 3 Өкімге қол қойса, Үкімет мемлекеттік тілді өркендету тұрғысында 22 қаулы қабылдапты. Арнайы заң, Мемлекеттік бағдарлама бар. Тіл комитеті, облыстық тіл басқармалары қызмет етуде. Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде елімізде жүздеген қазақ мектебі ашылыпты. Аралас мектептерді санамағанда, еліміздегі барлығы 7 721 мектептің ішіндегі 4 мыңдай мектеп таза қазақ тілінде білім береді екен. 2005 жылы мемлекеттік тілді дамытуға бөлінген қаржы мен бүгінгі қаржыны салыстырып қарасақ, арасы жер мен көктей. Мұның бәрін айтып отырғаным – қалай болғанда да ілгерілеушіліктердің бар екендігін көрсету.