Home Қоғам ТҮРКІСТАН: ИНТЕРНЕТТЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ АУҚЫМЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

ТҮРКІСТАН: ИНТЕРНЕТТЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ АУҚЫМЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Қазақтың интернетке деген сұранысы артып келеді. Бірнеше жыл бұрын тек қалаға жақын елді мекендер ғана интернетті тұтынатын еді десек, бүгінде интернетке ел халқының 62 пайызы еркін кіре алатыны белгілі болды. Әлеуметтік желілердің тұрақты тұтынушысы атанып, күн сайын ақпаратты вертуалды әлемнен алып отырғанымызды ешкім жоққа шығара алмайды. Соңғы деректерге жүгінсек, елімізде әрбір азаматтың 4 аккаунты бар. Яғни, Қазақстан халқы бүгінде әлеуметтік желілердің шынайы пайдаланушыларына айналып отыр. Жасыратыны жоқ, теледидар, газет сынды БАҚ құралдарын да интернет басып озды.

Еліміздегі тұрғындардың басым көпшілігі теледидарға үңіліп, ақпарат іздеп, шарқ ұрмайды. Есесіне, әр секунд сайын жаңаратын ақпараттық порталдар арқылы жер-жаһандағы соңғы ақпараттардан құлағдар болып отырады. Тіпті, елімізде сексеннің сеңгіріне шықса да, жаңа технологияларды еркін меңгеретін азаматтардың саны күн сайын артып келеді. Бұл – қазақстандықтардың замана ағымынан қалмай, көшке ілесіп, жаңа медиаға қарай ойысқандығының айқын дәлелі.

Егер министрдің пайыздық көрсеткішін ескерсек, елімізде 11 миллионға жуық халық интернетті пайдаланады деген сөз. Ал, интернеттің шалғайдағы ауыл халқына жетпегенін, ол ауылдардың негізгі тұрғындары қазақ екенін есепке алсақ, аталмыш көрсеткіштің басым бөлігі орыстілді азаматтар болғандықтан, орыстілді сайттарды пайдаланатыны белгілі. Сол себепті, сайтты жасаушылар халықтың осы бөлігін ғана (орыстілділерді) негізге алып, орысша сайттарды жасайды. Соңғы көрсеткіш бойынша Қазақстандағы қазақтілді сайттар ағылшынша сайттардың санынан да төмен болғаны белгілі. Ал орыстілді сайттар 70%-дан астам. Сондықтан қазақтілді интернет қолданушылар әлі де болса орыс тілінің құрсауынан шыға алмай жүр. Халқымыздың 62%-дан астам интернет қолданушысы қазақтілді интернет жүйесін дамытуды барынша тездетуді талап етеді.

Мемлекеттік тіл мәселесінің барған сайын шиелене түсуі осындай жағдаяттардан туады. Ел тұрғындарының интернеттен ақпарат алу белсенділігі артқанын біле тұра, қазақтілді интернет жүйесіне сауысқандай сақтық танытпасақ, мемлекеттік тілімізді дамыта алмаймыз. Еліміздегі тіл саясаты өте пассивті жүзеге асып жатқаны көпшілікке мәлім. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанымен, оның шынайы өмірде саяси тіл функциясын, мәселен, құжаттық-ресми тіл міндетін атқаруында бірқатар кедергілер барын есепке алып, оны ең құрығанда вертуалды әлемде дамыта алсақ, мемлекеттік тілдің мәселесін біршама жөнге келтірген болар едік.

Сондай-ақ, мектепке баратын оқушылар санының жылдан-жылға артып келе жатқаны демографиялық және әлеуметтік жағдайымыздың түзелгенін көрсетсе керек. Сондықтан бұл қуанарлық жайт.

Ал енді ата-ана алдында маңызды міндет тұр. Яғни ел ертеңі болатын сол бүлдіршінді әке-шешесі қай мектепке жетелейді? Қазақ мектебіне ме, әлде… ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 7649 мектеп бар, оның 7307-сі – жалпы білім беретін күндізгі мектеп. Мектептердің үштен екісі – 3796-сы қазақ тілінде, 1349-ы орыс тілінде оқытады. Байқап отырсақ, орыс тілінде оқытатын мектептер саны әлі күнге дейін азая қоймаған. Бүгінгі күннің статистикасы қазақ балаларының 35 пайызы орыс мектебіне баратынын көрсетіп отыр. Кезінде 80-жылдары белгілі қаламгер Шона Смаханұлы үй-үйді аралап, қазақ баласының қазақ мектебіне бару керектігін насихаттағаны ел есінде. Соның нәтижесінде қаншама қазақ мектептері мен сыныптары ашылған еді. Ал бүгінгі заман басқа. Тәуелсіздігімізді алғанымызға 22 жылдың жүзі болса да, барлық қазақ балалары ана тілінде әріп танып, алғашқы сөздерін қазақша жазады дей алмаймыз. Шындығын айтқанда, бүгінгі жаһандану дәуірінде әр халық өз ана тілін, ұлттық болмысын сақтап қалуға тырысуда. Сондықтан жүрегі «қазағым», «елім» деп соғатын, ұлтына жанашыр азамат тәрбиелеуді ойласақ, балаларымыз қазақ мектебінде білім алу керек. Есік, тереземізді тастай жауып алған мемлекет емеспіз. Бүгінде басқа тілдерді үйренуге барлық жағдай жасалған. Сондықтан орыс тілінде былай да сайрап жүрген қазақ баласы ағылшын, одан да өзге тілдерді тез меңгеріп кететініне күмән жоқ. Әр қазақ баласы қазақ мектебінде білім нәрімен сусындауы ел болашағы үшін маңызды. Себебі тек қазақ тілі бала бойында ар, намыс, мейірім, ізгілік, Отанға құрмет қалыптастыратыны анық. Сонда ғана біз еліне, жеріне, тіпті ата-анасы мен бауырларына жаны ашитын ұрпақ тәрбиелей аламыз.