Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін мектебіндегі біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жобалар мен жұмыстар туралы айтар болсам, биылғы оқу жылындағы тәрбие жұмысының ерекшеліктері, тәрбие бағдарламасының өзгерістеріне тоқталғым келеді.
2023-2024 оқу жылы тәрбие жұмысы келесідей 3 құндылықпен тәрбие жұмысын жүргізетін боламыз. Ол құндылықтың негізгі бағыттары яғни, рухани-танымдық тәрбие; құқықтық тәрбие; экономикалық және экологиялық тәрбие; көпмәдениетті және көркем-эстетикалық тәрбие; зияткерлік тәрбие, ақпараттық мәдениетті тәрбиелеу; дене тәрбиесі, салауатты өмір салтын қалыптастыру оған қоса «Тоғыз ай – 9 іс-шара», «4 тоқсан – 4 өнер», Оқуға құштар сынды жоба жұмыстары кіріктірілген 3 құндылыққа шоғырланған жоспарлы жұмыстар қолға алынды.Тәрбие жұмысы біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде адал азаматты тәрбиелеуді көздейді. Тәрбие жұмысының мазмұнында ұлттық мүдде, ар-ұят, алғыс айту, ілтипат, талап сияқты құндылықтар көрініс табу қажет. Тәрбие жұмысын ұйымдастыру кезіндегі басым бағыт – балаға қамқорлық пен құрмет көрсету, сенім арту, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, оларды кемсітуге жол бермеу болып табылады. 2023-2024 оқу жылында ата-аналар қауымдастығымен өзара іс-қимылы негізінде тәрбие міндеттерін іске асыруда жұмыс жүргізу «Ата-аналар академиясын» құру, сондай-ақ «4 тоқсан – 4 өнер» жобалары шеңберінде іс-шаралар өткізу, мерейтойлық күндерге арналған сыныптан тыс іс-шараларды ұйымдастыру маңызды аспектілер болып табылады. Ендеше Біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жобаларға тоқтала өтсек. 2023-2024 оқу жылында «Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесінің ерекшеліктері туралы» нұсқаулық-әдістемелік хат негізінде «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» КЕАҚ ғылыми-әдістемелік кеңесінің шешіміне сәйкес А.Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы, «Даналық мектебі» клубы құрылды. «Даналық мектебі» клубының қызметі білім беру ұйымының позитивті ата-ана мәдениетін қалыптастыру және дамыту жөніндегі жұмысының ажырамас бөлігі болып табылады. «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығы жанынан «Даналық мектебі» де өз жұмысын бастады. Мұның аясында «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қамқорлығы», «Жеңге кеңесі» сынды шаралар ұйымдастырылуда.
«АТА-АНАЛАРДЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚОЛДАУ» ОРТАЛЫҒЫ
Жуырда министрлік жанындағы Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының ғылыми-әдістемелік кеңесінің ұсынысына сәйкес білім ордамызда «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығы ашылды. Орталықтың лентасын ата-аналар комитетінің төрайымы Зоя Маханова ханым мен мектеп директоры Гүлназ Мұратқызы қиды. Директордың бастауыш оқу ісі жөніндегі орынбасары «Отбасы бақыт бесігі» атты тренинг арқылы ата-аналармен кері байланыс жасады. Мектеп директоры Гүлназ Мұратқызы құттықтау сөз сөйлесе, орталық жетекшісі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақбота Төлебайқызы жұмыс барысы және жоспарымен таныстырды. А.Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп КММ-де 2023 жылғы 29 қыркүйек күні «Отбасы құндылығы -сарқылмас қазына» тақырыбында жаңа оқу жылының алғашқы жалпы мектепішілік ата-аналар жиналысы болып өтті. Жиналысты өзім ашып, баланың болашақ жарқын өмірін қалыптастыруда мектеп пен ата-ананың рөлінің маңызды екендігіне тоқталдым. Жаңа оқу жылына сәттілік тілеп, мектеп өмірінен бейнеролик ұсындық. Жиналысқа Сауран аудандық Әкелер мектебінің төрағасы Ж.Бекмурзаев пен қоғам белсендісі Г.Өстемірқызы қатысып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Айтбенбетова «Біртұтас тәрбие» бағдарламасымен таныстырып, ата-аналар мектебін құру және бірлесіп жұмыс жасауға шақырды. Ата-аналарды сергіту, тамаша көңіл-күй сыйлау мақсатында мектеп психологтары А.Алимова мен Б.Камалов «Ата-ананың балаға назар аударуы» тренингін өткізіп, сергіту сәтін жасатты.
Жиын соңында белсенді ата-аналарға мектеп директоры атынан мақтау қағаздары мен сыйлықтар ұсынылды.Ата-аналар бір серпіліп, көтеріңкі көңіл күймен тарасты.
«БАЛА БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН БОЛУЫ- ТӘЛІМДІ ТӘРБИЕДЕН»
атты аудандық семинар өтті.Ұрпақ тәрбиесі – қоғамның болашағы. «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деп халық даналығы айтқандай, бала тәрбиесінің дұрыс жолға түсуі, сөз жоқ әкенің отбасындағы тәлім тәрбиесіне байланысты. Ендеше ұрпақ тәрбиесіне аса зор жауапкершілікпен қарау – әрбір саналы әкенің борышы.
Халқымыздың бойына сіңген атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиесі өзге ұлттардан ерекшеленіп, өздеріне тән қасиеттерді көрсетіп тұратындығын жоққа шығара алмаймыз. Ұлттық тәрбиеміздің халықтың сан ғасырлар тарихымен тығыз байланыста болып, осы уақытқа дейін дәстүрлі тәрбие құндылықтарын жоғалтпай жалғастырып келеді. Халқымыздың ұлттық тәрбиесі негізінен жүйелі болған. Өйткені, тәрбие әке-шеше, отбасынан бастап, ағайын-туыс, көрші-қолаңның бәрі араласып, бәрі де халықтың баласына ортақ қамқорлық жасаған. «Балаңа басқұр қалдырғанша, тозбас дәстүр қалдыр» деген қазақ халқы озық жұрттардың санатында болашақ қамын қатты ойластырған. Сол себепті ұлтымыз «Балаң өзіңе тартса – жұбан, қоғамға тартса – қуан» деп бекер айтпаған.
Тәрбиенiң бiртұтастығын сақтау, ұрпақ тәрбиесі мен ұлт тағдыры әр азаматтың қолында екенін ұмытпаған жөн. Отбасылық құндылықтарды дәріптеу және оны сақтаудың маңыздылығына назар аудару мақсатында А.Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін білім беретін мектебінде «Әкелер мектебі» мен «Даналық мектебінің» жұмыс жоспарына сәйкес «Бала болашағы жарқын болу – тәлімді тәрбиеден» атты аудандық семинар-тренингтер, шеберлік сабақтары өтті.
Аудандық семинарда Сауран аудандық білім бөліміне қарасты директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен «Әкелер мектебінің» мүшелері, Сауран ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ыбыханұлы атамыз, Сауран ауданының Әкелер мектебінің төрағасы Жұмағали Оңдыбайұлы аталарымыз отбасындағы әкелерді отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі–әке екенін ерекше атап өтті.
«ЕҢБЕГІ АДАЛ ЖАС ӨРЕН», «БІЗ БІРГЕМІЗ», «VOLUNTEER» ЖОБАЛАРЫ
Көктемде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық волонтерлер форумына қатысты. Президент форум аясында Қазақстан волонтерлік қозғалысты алдағы уақытта да қолдайтынын айтты. Президент мынадай волонтерлік қозғалысты ұзақмерзімді грант беру арқылы ынталандыру керектігін айтты. «Бұл ретте мемлекеттік және жеке грант берушілер арасында тұрақты серіктестік орнатып, отандық және халықаралық донорлардың бір-бірімен нәтижелі ынтымақтастығын қалыптастыру маңызды», – дейді Тоқаев.
Сондай-ақ ол волонтерлік және қайырымдылық істерді институттық тұрғыда қолдау инфрақұрылымын дамытқан жөн деді. «Ол үшін волонтерлердің ұлттық және аймақтық деңгейдегі фронт-офисінің ұйымдастыру-шылық, техникалық және кадрлық әлеуетін күшейту қажет. Волонтер-лік қызмет саласындағы халықара-лық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ілгерілетуге ерекше назар аудару қажет», – деді Президент. Мемлекет басшысы еріктілер мен қайырымды жандар-дың кең ауқымда ойлап, соған сай әрекет етіп жұмыс істейтін адамдар ұнайтынын және алдағы уақытта да еріктілерді қолдайтынын жеткізді.
«Волонтер болу бұл, ең алдымен, патриотизмнің, яғни отаншылдықтың жарқын көрінісі. Бұл – адамгершілік құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын жандардың өмір салты. Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады. Жанашырлық – қазақтың қанында бар қасиет» », – деп пікірін білдірді Тоқаев.
Міне осыған орай, мектебіміздің белсенді оқушылардан құралған «Біз біргеміз», «VOLUNTEER» топтары жақсы істердің жанынан табылуда белсенді. Ардагер ұстаздарымыз бен қоршаған ортаны таза ұстау мақсатында біршама істер атқарып жүр.Оқушыларды еріктілер қатарына тартудың негізгі мақсаты: Белсенді, шығармашыл оқушыларды біріктіріп, тағдырдың тәлкегіне түскен өзге адамдарға деген мейірімділік пен жанашырлық сезімін ояту, отанға, табиғатқа пайдалы ерікті қызметке қатысуға қызығушылық танытуға ықпал ету. Ерікті болу – ізгіліктің белгісі. Ерікті (волонтер) – латынның «Voluntarius» сөзінен шыққан, адамның өз еркімен, өзінің есебі арқылы қоғамдық жұмыстарға белсенді араласушы деген сөз.
«АДАЛ ҰРПАҚ» ЖОБАСЫ
Мектеп оқушылары арасында сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруды көздеген жоба- Адал ұрпақ» еріктілер клубы. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен, Оқу-ағарту министрлігінің, жергілікті әкімдіктің қолдауымен жүзеге асырылуда. Ұйымның қызметіне келетін болсақ, өзінің жеке жұмыс жоспары, мақсаты, міндеті және ұраны бар және сенім жәшігі, сенім телефоны жұмыс жасайды. Ал, жемқорлыққа қарсы күрес мәдениетін 7 және 11-сынып аралығында жүргізуді жөн көрдік, әрине, сол жас ерекшеліктеріне қарай. Әр оқу жылының басында «Адал ұрпақ» клубының жұмыс жоспары, жауапты тұлғалар тағайындалып, ұжымға таныстырылады, сонымен қатар арнайы білім басқармасының хатына сәйкес әртүрлі қажеттіліктерге ақша жинамау туралы бұйрық шығарылып, мұғалімдер мен ата-аналар танысып, қол қойып, бұйрық фойеге ілінеді. Педагогикалық кеңес отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты және этика кодексі қаралып, бекітілді. Мектеп қызметкерлері мен жұмысшылары қызметтік әдеп кодексімен таныстырылды. Әрбір оқу жылында жаңартылып отыратын «Парасатты азамат» бұрышы жасалып, жауапты адамдар жоспарға сай жұмыстар жүргізді.
Л.САРЫБАЕВА.