Home Қоғам ТҮРКІСТАН:  «АУЫЛ АМАНАТЫ» АЛТЫ БАҒЫТТЫ АЛҒА АПАРАДЫ

ТҮРКІСТАН:  «АУЫЛ АМАНАТЫ» АЛТЫ БАҒЫТТЫ АЛҒА АПАРАДЫ

«Ауыл аманаты» жобасы Қазақстан Республикасының Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы №1 «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту. Өзін-өзі қамтушыларды заңдастыру. Ауылдық елді-мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

Жоба – халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер береді. Бағдарламаны жүзеге асыруға 2023 жылы Республикалық бюджеттен 11,0 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бұған қосымша 8,7 млрд. теңге бөлініп отыр. Жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілуде.

Несиелендіру алты бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығын дамыту, құс шаруашылығын дамыту, балық шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашуына мүмкіндік жасау ретінде шешіледі. Несиенің ең жоғарғы сомасы – кооперацияны дамыту үшін 27600000 теңгеге дейін (8000 АЕК); жеке қосалқы шаруашылығын дамыту үшін – 8625000 теңгеге дейін (2500 АЕК). Қаржыландырудың ең аз мерзімі – 12 ай; ең ұзақ мерзімі – 84 ай. Борышты өтеу бойынша 12 айға дейін жеңілдікті кезең қарастырылған. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасына қатысушы ретінде Сауран ауданына қарасты Қарашық және Оранғай ауылдық округтері таңдалып отыр. Қосымша тағы екі ауылдық округті таңдау үшін қазіргі таңда ауылдық округтерде скрининг жұмыстары жүргізілуде. Майдантал және Ескі Иқан ауылдық округтері енгізілді.

«Ауыл аманаты» жобасымен несие алуға 274 адам құжат тапсырды. Олардың тапсырысы шамамен 1 494 млн. теңге құрайды. Оның ішінде, 191 жобаға 1267 млн.теңгеге қаржыландырылды. Мал шаруашылығы бағытында – 165 жоба; (құны 1005 млн. теңге болса, өсімдік шаруашылығы – 9 жоба, балық шаруашылығы – 2 жоба, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері – 5 жоба болып отыр. Өз кәсібін ашуға құны 68 миллион теңге болатын он жоба мақұлданды. Бүгінгі күні аудан бойынша 160 шаруа өзге облыстан 3175 мал сатып алды. Сонымен қатар 9 шаруа жылыжай салды.

«Ауыл аманаты» қанатқақты жобасы бойынша ауыл халқының кірістерін арттыру және ауқымды түрде қолдану үшін ауылдарға микрокредиттер беру бағдарламасы аясында Түркістан облысы бойынша 2024 жылға 13,2 млрд. теңге қаржы бағытталды. Осы жобаға қатысушы ретінде Үшқайық, Иассы, Жаңа Иқан, Шаға ауылдық округтері таңдалды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жүзеге асырылып жатыр. Оның басты мақсаты − еліміздің барлық өңірлерінде ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Ауыл тұрғындарына микрокредиттер жылдық 2,5%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен беріледі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бағдарлама аясында 12,2 млрд теңгеге 75,5 мың шағын несие беріліп, 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Түркістан облысына келетін болсақ, өткен жылды мұнда 3 256 млрд теңгеге 19,8 жоба қаржыландырылды, 3 413 жұмыс орны ашылды. Кооперативтер негізінде жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуға басымдық берілді.

Еске салсақ, «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған.

Жан-жақты зерделенген жобада жеңілдіктер де жоқ емес. Мәселен, ауыл азаматтары кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала отырып, техниканы лизингке рәсімдеуге мүмкіндік алады. Несие немесе микронесиенің мерзімі – 5 жыл болса, мал және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобаларға 7 жылға дейін беріледі. Несиенің ең жоғары соммасы қолданыстағы заңнама бойынша анықталады.

Жобаға қызығушылық танытқан ауыл тұрғындары толық ақпаратты аудандық «Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарына» жүгініп, нақтылай алады.

Айта кету керек, бағдарлама арқылы жүзеге асқан барлық жобалар тұрғындардың табысын арттырып қана қоймай, жалпы өңірге оң әсер етіп, ауыл шаруашылығын дамытуға септігін тигізеді.

ЖЫЛЫЖАЙЛАР ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКІЗЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек.

Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн,-деген болатын.

Осы орайда жаңа өнімдерді басқалардан ерте нарыққа шығару үшін Сауран ауданының диқандары жылыжай шаруашылығын мықтап қолға алуда. Қазіргі таңда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тапсырмасына сәйкес, жылыжай шаруашылықтарын дамыту бойынша 12 гектар құрылыс салынып, меже 100 % орындалды. Ауданда орналасқан жылыту жүйелерімен қамтамасыз етілген фермерлік жылыжайлар «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» акционерлік қоғамы тарапынан сәйкестікті бағалау бойынша өтінім тапсырып, жылыжай кешеніне сертификат алады. Жылыжай кешендерінде өндірілген өнімді субсидиялаудың –қайтарымсыз қаржыландырудың ережелері мен субсидиялау құны қаралды. Шаруалар «Gosagro.kz» электронды порталы арқылы электронды цифрлық қолтаңба қолдану арқылы субсидияға өтінім тапсырады. Бүгінгі күнге бес фермерлік жылыжай «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» акционерлік қоғамы Шымкент филиалының сертификатын алды. 14 агроқұрылымда қосымша 110 гектарға тамшылатып суғару әдісі енгізіліп, тапсырма 110 %-ға орындалды. Жоспар 100 гектар болатын.

Ескендір ЕРТАЙ.