Home Қоғам ТҮРКІСТАН: АНА ТІЛІ – АРЫҢ БҰЛ…

ТҮРКІСТАН: АНА ТІЛІ – АРЫҢ БҰЛ…

Қанымызға сіңісті, жанымызға жұғысты, ой-санамызға нұрлы шуақ сыйлап, сілкіндіріп серпілтетін, марқайтып қанаттандыратын өзіміздің мемлекеттік тіліміз. Тіл қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат десек, жаңыла қоймаспыз. Тілсіз қоғамның қандай түрі болса да өмір сүре алмайды, ол тілдің өзі қоғам бар жерде ғана пайда болып, өмір сүреді. Демек, қоғамнан тыс, бөлек тіл жоқ. Тіл – қоғамның жемісі. Тіл әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы — әрбір елдің ұлттық мақтанышы.
Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра.

Тәуелсіздіктің негізгі  тірегі – ұлттың тілі, діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған  сыйы да  — тіл. Ол- қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай.  Тіл – ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры – баршамыздың қолымызда. Бабалардың қанымен, аналардың көз жасымен келген қазақ тілін тәуелсіздік алған 30 жылда қандай деңгейде білеміз? Қазақстанда тұратын қазақстандықтардың қазақшасы қалай? – деген заңды сұрақ туындайды. Ұлттың ең бірінші, ең қасиетті сипаты – оның ана тілі. Ұлт анасы тіл болып есептеледі. Сонымен бірге ұлттың өмір сүруінің бірінші шарты.  Себебі, ұлттың болашағы, елдіктің ертеңі, ұрпақтың келешегін ойлаған әрбір саналы азамат бұл жайдан сырт қалмас.

Егемендігімізді алғаннан кейін мәдениетімізге, әдебиетімізге, салт-дәстүрімізге, тілімізге айрықша мән беретін күн туды. Отанға деген құрмет пен сүйіспеншілік – ана тілден бастау алады. Қазіргі өмірде елімізде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге де, мемлекеттік тілді дамыта түсуге ешқандай кедергі жоқ. Азаматтардың құқықтары мен заңнамалық негізі бар. Кез келген тілді меңгеру мәселесіндегі басты шарт – адамның өзінің ішкі ой-ниеті мен қажеттілігі. Жетпей тұрғаны – адамдардың ықыласының аздығы. Осы ықыласты оятып, қазақ тілін қоғамдағы бірінші қажеттілікке айналдыру керек. Енді өз тілімізбен өмір сүретін уақыт жетті. Тіл жанашыры М.Шаханов:

Өз тіліңді менсінбеуің,

Өз тіліңді жерсінбеуің,

Қай дәуірде болып еді тапқырлық?

Ол – рухи мүгедектік, әрі ұлттық сатқындық, — дейді.

Әрине, ХХІ ғасырда Қазақстанда «қазақ тілін дамыту» көңілге кірбің ұялатады. Қазақ тілін «орта деңгейде білем» деген қызметшінің өзі: «не етіп, неден, не істеп келе жатырмын», — дейді. Бұл – жалпақ жұртқа топырақ шашқандық емес. Бұл – күнделікті тұрмыста көзге сүйелдей көрінетін дәлел. Оңды-солды аударудың салдарынан жұрттың қылжағына айналған сөздер көбейіп, кейде өз сөзімізді өзіміз түсінбей жататын жағдайға жеттік. Мысалы: «Қылтимаға шығып, төңірекке қарадым» деген сөзге қалай күлмейсіз. Мұндай мүлдем түсініксіз тәржімелерді өздеріңіз де кездестіріп жүрген шығарсыздар. Газетті – «жариядат», минералды – «арасан», энциклопедияны – «мағлұтнама», технологты – «жасалымгер», таблетканы – «түймедақ», дражені – «қаптама» десем, қайсыңыз түсінер едіңіз. Қазіргі кезде осындай келеңсіз тенденция бар. Терминологиялық электрондық қор жасау жөніндегі әңгіме де шешімін таппады. Әлі күнге дейін осындай қордың болмауынан бір терминнің алты рет қабылданған кезі де болыпты.

Әрбір мекемеде аудармашының орнын «корректор» алмастырғанымен, одан ешқандай айырмашылық жоқ. Бір мекеменің барлық құжаттарын жалғыз корректор аударып отыр. Қазір еліміздегі қай қалада болсын көшелері жарнамадан көз ашпайды. Үлкен кермелерде көздің жауын алған жарнамаларды ілушілер нені насихаттаса да, зиян көрмейтіні анық. Халық көп жүретін ортада жасалған жарнама нәтижесін сол затты немесе қызметті тұтынушылар мен пайдаланушылар санының артқанынан білуге болады.  Көрер көздің назарын өзіне аударатын сансыз жарнамаларда екі тілде жазылатын нұсқалары да баршылық.

Бірақ, қазақ тілінің ойран-топырын шығарып, сансыз қателердің орын алғанын көргенде, орыс тіліндегі сөздерді оқып-ақ өте бергің келеді. Мемлекеттік тілдің абыройын асқақтату – әрбір қазақстандықтың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекетік тілдің атқаратын қызметі орасан зор. Тіл – таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Дегенмен, алдымен туған еліңнің не тұрып жатқан еліңнің мемлекеттік тілін білуге міндеттісің.

Қазақ тілі — өте бай тіл. Ол шаруашылықтың бар саласын өркендете түсуге себепші күш, халқымыздың мәдени дәрежесін көтере беруші пәрменді құрал, жұртшылықты жаппай отаншылдық рухта тәрбиелеудің құралы, қуатты қаруы. Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Ұлт мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы ана тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюімен тығыз байланысты.         

Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан –ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Азаматтың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі. Қазақтың біртуар ақыны М.Жұмабаев: “Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады” — деген. Тіл байлығы — әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тілін, көзінің қарашығындай қарауы және ана тілінің орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті.  Амал не, туған тілімізді шұбарлап, аралас сөйлейтіндерді жиі кездестіреміз. Басқа халықты айтпағанда, өз ішіміздегі шала қазақтарды таза қазақ қылатын кез болды.

Бүгінде де кейбіреулердің қазақ тілін білмеуі, білсе де сөйлемеуі – қазақ тілін жақсартып, биік белестерге көтермеуіміздің қатерлі дерті болып табылады. Туған тілден безінген азаматтарды көргенде Паустовскийдің “Туған тіліне жаны ашымаған адам жәндік” -деп ашына айтқаны ойға оралады. Елінің болашағын ойлаған әр азамат ана тілінің болашағын да қолынан келген көмегін    аямауы тиіс. Өкінішке орай, соңғы кезде көптеген қазақ жастары өз ана тілін бұрмалап сөйлеуді әдетке айналдырған. Ата-ананы қадірлеу қалай керек болса, өз ана тілімізді қадірлеуді, қастерлеуді, аялауды қолға алайық. Төл тілінде сөйлеуден безу – ана сүтін беріп өсірген анаңды ұмытумен бірдей. Әбіш Кекілбаев үш жүздің билері жайлы: «Бірі бастап берген әңгімені екіншісі қостай жөнелегенде тотықұстың қауырсынындай құлпырып, аяқ астынан ажарланып жүре беруші еді. Сол үшеуінің ауызының дуасындай бірлік бергенде қазақтың жұлдызы қалай-қалай жарқырар еді! Қандай қиын түйінде де Әйтеке бауыздап, Қазыбек ұшалап, Төле мүшелеп берер еді! Қандай қиқар даукесің де Әйтеке айтқанда құлақ аспасқа, Қазыбек айтқанда құптамасқа, Төле айтқанда «төресі осы» — деп жығыла кетпеске жағдайы жоқ-ты. Әйтеке жарып айтады, Қазыбек қазып айтып, Төле тауып айтады деген сөз де содан қалған-ды. Үш арыс қазақ оларды сөйлетіп қойып, қақаған қаңтарда арқар сорпасын ішкендей бусанып, тал бойы түгел еріп, балбырап отырар еді-ау!» — деген.

Олай болса, неге біздер Төле, Қазыбек, Әйтеке билер билік айтқан тілден безінеміз? Әлде, өз тілімізді өгейсітіп жүргендер тілдің киесінен қорықпай ма? Б.Момышұлының аталы сөзі ауызға оралады. Мал екеш мал да, өз «тілінде» сөйлейді. Яғни, жылқы мөңіреп, сиыр кісінемейді. Демек, қазақ тілін менсінбей жүргендер қатарын өзгенің тілімен ойлап, біреуді сомдап жүргендер деуге ауыз да бармайды. Тіл халықпен бірге өмір сүріп, дамиды, яғни, тіл — әрбір халықтың дербес ұлт екендігінің анық куәсі.

Себебі, әр ұлттың тілі – сол ұлттың болашағының мықты діңгегі. Сонда біздің «шала қазақтарымыз» өз бақытынан өзі жеріп жүрген жандар ма? Ағартушы, ғалым А.Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалғанның өзі жоғалады» деген сөзінде терең астар, үлкен мән жатыр. Тіл байлығы – елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелі, мөлшері. Бұрынғы даналардан қалған: «Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген сөз бар. Әрине, құптарға боларлық ой, бірақ, өзге тілді білемін деп жүргенде өз тілімізден көз жазып қалмайық! Қазақстандықтардың бәріне жуығы көпұлтты ортада өмірге келген. Қазақстанның көпұлтты болуы – ешкімнің қолдан жасаған әрекетінің нәтижесі емес, тарихи даму жолымен солай қалыптасты. Және бұл біздің еліміздің кемшілігі емес, басқалардан артықшылығы. Өйткені, көптүрлі мәдениеттің, діннің, дәстүрдің, білімнің, т.б. арасынан шыққан жақсылықтарды бойымызға сіңіре аламыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсам, тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.