Home Білім ТҮРКІСТАН: «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ – БАСТЫ НАЗАРДА

ТҮРКІСТАН: «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ – БАСТЫ НАЗАРДА

 «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын іске асыруға отандық өндірушілерді тарту мәселесі бүгін Мәжілістегі «АMANAT» депутаттық фракциясының кеңейтілген жиынында талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының қолға алынатынын жария етті. Жобаны іске асыру барысы туралы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы алдында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан баяндама жасады. Ол соңғы 10 жылда елімізде оқушылар саны 1 млн-ға артып, 3,7 млн-ға жеткенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта 270 мың оқушы орны тапшы. Егер тиісті шара қабылданбаса, 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 1 млн-нан асады.

«Сондықтан Ұлттық жоба аясында 2026 жылға дейін 800 мыңға жуық оқушы орынын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл мектептер оқушылар мен педагогтарға жайлы жағдай жасау үшін қажетті заманауи құрал-жабдықтармен, жиһаздармен, интернет желісімен қамтамасыз етіледі. Әрбір оқушы үшін жеке шкаф, трансформер парта орнатылып, мектептің әр қабатында оқуға және демалуға арналған коворкинг бөлме, интерактивті құрылғы, TOUCH/LED-экран, әмбебап шеберхана және т.б. болады», – деді Еділ Оспан.

Сондай-ақ вице-министр 2026 жылға дейін Ұлттық жобадан тыс шамамен 600 мың оқушы орнын пайдалануға беру, ауылдарда, шағын қалаларда және аудан орталықтарында 3 мыңнан астам мектепті жаңғырту жоспарланғанын атап өтті. Жаратылыстану-математика бағытында білім беруді жақсарту мақсатында 2029 жылға дейін мектептерде жергілікті бюджет есебінен 7 мың заманауи робототехника, химия, физика, биология, STEM кабинеттерін ашу көзделген.

Салынатын мектептердің негізгі міндеттері мынадай болмақ. Құзыретті тұлғаны қалыптастыруға және дамытуға бағытталған білім беру бағдарламаларын меңгеру арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдай жасау және білім алушылардың тиісті мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында көзделген базистік ғылым негіздерін алуын қамтамасыз ету. Сондай-ақ,  тұлғаның шығармашылық, рухани және физикалық мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру мен азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны – Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік тілді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге, Конституцияға қарсы және қоғамға қарсы кез келген көріністерге төзбеуге тәрбиелеу. Бұдан бөлек, белсенді азаматтық ұстанымы бар тұлғаны тәрбиелеу, республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне араласу қажеттігін, жеке адамның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыру және отандық және әлемдік мәдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ халқының және Қазақстан Республикасында тұратын басқа да ұлттардың тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу.

Фракция басшысы, партияның Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев мектептер салу кезінде Қазақстанда өндірілген материалдар пайдаланылуы тиіс екенін атап өтті.

«Елімізде кез келген ауқымды инфрақұрылымдық құрылыс кезінде барынша отандық өндіріс материалдары пайдаланылуы тиіс. «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыруға 2,6 трлн. теңге бөлінді. Бұл қаражат оқушы орындарының жетіспеушілігін шешіп қана қоймай, отандық өндірісті дамытуға бағытталуы тиіс. Конкурстық құжаттаманы рәсімдеу кезеңінен-ақ отандық кәсіпкерді қолдау шаралары белгіленуі тиіс еді. Алайда, жобалау кезеңінің өзінде импорттық материалдарды пайдалану көзделіп, отандық тауарлар ысырылып қалып жатыр. Осыған байланысты тапсырыс алып, жұмысы жүретініне сеніп қалған салалық қауымдастықтардан түрлі шағым келіп түсуде. Сондай-ақ, материалдар, жиһаздар мен жабдықтар бойынша барлық сатып алу рәсімі құрылыс компанияларының құзыретіне берілген. Ал ірі бизнес өз пайдасын ғана ойлап отыр. Құрылыс материалдарын, шыны, жиһаз, техника өндіретін біздің кәсіпорындар жобаға қатысуы тиіс. Өзге елдің экономикасын жарылқай беруді доғару керек», – деді ол.

Өз кезегінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов компания бірыңғай стандарт бойынша ғимараттардың типтік жобасын әзірлеп жатқанын айтты. Бұлар – 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 және 2500 оқушы орнына арналған екі ауысымды мектептер.

«Біз 5 климаттық аймаққа арналған 7 жобалық қуат бойынша 35 жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатырмыз. 2026 жылға дейін барлығы 401 мектеп салынады. Жалпы қызметтерді пайдалану ауқымы бойынша қазақстандық өнімнің үлесі шамамен 70-80%-ды құрауы тиіс. Мәселен, жиһаз жасайтын отандық компаниялардың 90%-ы тиісті техникалық сипаттама алған жағдайда мектеп жиһаздарын шығара алады. Біз құрылыс компанияларына уақтылы келісімшарттар жасасу және жиһазға тапсырыс беру бойынша талаптар қоямыз. Қызметті жеткізушілерден: 3 жылдан 5 жылға дейін қызмет көрсету туралы кепілдік және CT KZ сертификатының болуы талап етіледі», – деп атап өтті ол.

Фракцияның мүшесі Жанарбек Әшімжанов мектеп құрылысының барысына және бюджет қаражатының игерілуіне қоғамдық бақылау жүргізу тақырыбын қозғады.

«Бұған дейін құрылыс барысын бақылайтын ақпараттық-цифрлық платформа жұмыс істейтіні айтылды. Бұл электрондық жүйе ашық қоғамдық бақылау жүргізуге арналған. Сондай-ақ, бізге мектептер саны қысқарғаны туралы бейресми мәлімет жетіп отыр. Егер бұл дерек шындыққа сәйкес келсе, онда қаржыландыру көлемі де қысқаруы керек. Тараптар бюджет қаражатын игеру кезінде үнемшілдік танытуы тиіс», – деді ол.

Фракция жиналысының қорытындысы бойынша Елнұр Бейсенбаев депутаттардың жұмысын күшейту бойынша бірқатар тапсырма берді. Ол «Жайлы мектеп» жобасын тұрақты бақылауда ұстау маңызды екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының жайлы мектептер салу жөніндегі игі бастамасын жүйелі жүзеге асыруымыз керек. Бұл іске қоғам болып жұмылу қажет. Әрбір қазақстандық бала заманауи мектепте білім алуға толық құқылы. Отандық тауар өндірушілерге айтарым, басты мақсат – табыс табу емес, жайлы мектеп тұрғызу. Жас ұрпақ сіздер өндірген жиһаздарды пайдаланып, 11 жыл білім алады. Бақай есеп үшін емес, заманауи мектеп салу үшін жұмыс істеуміз керек. AMANAT» фракциясы әрдайым осындай маңызды мәселелердің көшбасында жүруге дайын. Біз бұл мәселені бақылауда ұстаймыз», – деп түйіндеді Елнұр Бейсенбаев.

«Жайлы мектептің» айырмашылығына тоқталып өтсек. Біріншіден, мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған. Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады. Сондай-ақ, спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1200 орындық мектептерде  тек  бір ғана спорт зал бар. Ал таңғы сағат 8-ден кешке дейін денешынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады. Сондай-ақ мұғалімдерге де жағдайлар жасалады.

Екіншіден, құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Үшіншіден, мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Төртіншіден, ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешілуі керек.

Бесіншіден, жайлы мектептер салуда ашықтық барынша сақталуға тиіс. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады. Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, күтіп ұстау, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің дербес жауапкершілігін бекітуді көздейді, яғни «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру 842 мың жаңа жайлы  орын құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді.

Жоғарыда аталған Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында Мемлекет басшысы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ны мектеп құрылысы бойынша бірыңғай тапсырыс беруші ретінде айқындау туралы Үкіметтің ұсынысын қолдаған болатын. Мектептерді жабдықтауға арналған оқу, корпустық және жұмсақ жиһаздардың алдын ала тізімі анықталып, «Атамекен» ҰКП және ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының қауымдастығы арқылы отандық тауар өндірушілерді тарту бойынша келіссөздер жүргізілген.