Home Қоғам ТҮРКІСТАН: ТІЛ МӘСЕЛЕСІНДЕ ҚАЙТА ӨРЛЕЙТІН КЕЗ КЕЛДІ

ТҮРКІСТАН: ТІЛ МӘСЕЛЕСІНДЕ ҚАЙТА ӨРЛЕЙТІН КЕЗ КЕЛДІ

Бүгінде бұқаралық коммуникация құралдарында жиі көтерілетін тақы­рыптың бірі – мем­ле­кет­тік тіліміздің жай-күйі. Қоғамды тол­ған­ды­ратын осы мәсе­ле­ге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құ­рыл­тайдың отырыс­тарында ұдайы назар ауда­рып, өз пайымын ашық айтып келеді.

Ұлттық құрылтайдың бұрнағы жылы Ұлытауда өткен алғашқы алқалы жиы­нында Мемлекет басшысы: «Қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындап отыр. Шын мәнінде, бұрынғы ахуал мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға келмейді. Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Біздің елде ұлтына, тіліне бола ешбір азаматтың құқы шектелмеуге тиіс. Әйтпесе, қоғамда жанжал тууы мүмкін. Ел ішіне іріткі түскенін қалайтындар осыны тілеп отыр. Сондықтан тіл мәселесі бо­йынша бәріміз ұстамдылық танытуы­мыз керек деп ойлаймын», деген болатын. Ал Ұлттық құрылтайдың былтыр Түркістанда өткен екінші отырысында: «Мемлекеттік тілдің жағ­дайын айтып, шу көтеретін кейбір адамдар бұл мәселені саяси құрал ретінде пайдаланады. Халық арасында дау шығарғысы келеді. Ақырында осындай келеңсіз, ойсыз әрекеттер мемлекетіміздің қауіпсіздігіне зиян келтіреді. Мұны ашық айту керек. Себебі тіл – біздің геосаяси кеңістікте «саяси себеп, саяси сылтауға» айналуда. Ал нақты қазіргі ахуалға қа­райтын болсақ, тілдің жағдайы бұрын­ғыдан әлдеқайда жақсы. Мәселе тілге келгенде дау-дамай, даңғаза жасамай, тілімізді дамыта түсу үшін нақты іс-әрекетке көшуіміз керек», деген еді. Ұлттық құрылтайдың биыл Аты­рау­да болған үшінші отырысында Президент: «Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен са­йын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Ке­йінгі кезде баспагерлердің жаңа буы­ны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітапты шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскер­лік бағыттағы туынды да көп. Мем­ле­кеттік саясаттың мәні – осында. Еш­кімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек», деді. Бұл – кешегі кеңес заманын да, бүгінгі тәуелсіздік кезеңін де бастан өткерген біз, аға ұрпақ өкілдері үшін өте түсінікті әрі қазіргі алмағайып уақыттың сын-қатерлерін ескере ай­тылған пайым.

Шынында да, қазақ тілінің бұрынғы жағдайын бүгінгімен салыстырсақ, сең сөгілгендей серпіліс болғанын аңға­ра­мыз.

Осы орайда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өзінің өңірлік филиал­да­рының жұмысын да жаңаша ұйым­дас­­тыруға жете мән берсе, құба-құп. Әсіресе мемлекеттік тіліміздің қол­даныс аясы мәз емес теріскей облыс­тар­ға баса көңіл аудару қажеттігі айдан анық. Бұл ретте қоғамның СҚО филиа­лының кейінгі жылдардағы ізде­­ністі істері жан-жақты қолдауға және өзге теріскей өңірлерге үлгі етуге лайық. Мәселен, заңды жолын та­уып, жергілікті бюджеттен мемле­кет­тік тап­сырыс алған аталған филиал бел­сенділері осы оқу жылында Пет­ро­павлдағы орыс тілінде білім бере­тін 3 инновациялық мектепте қазақ тілінде оқытатын бірінші сыныптардың ашылуына ұйытқы болды. Оларға оқушы жинау үшін ата-аналармен бірқатар кездесу өткізіп, үгіт-насихат жүргізді.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоға­мы­ның мүшелері 90-жылдары ерекше бел­сенділік танытқаны, әсіресе елі­міз­дің теріскей аймағында қазақ мек­­тептері мен балабақшаларын ашуға, ономастика мәселелерін шешу­ге бас­тамашылық еткені мәлім. Кейін өңір­лерде Тілдерді дамыту бас­қар­­ма­лары құрылуына байланыс­­­ты Халық­аралық «Қазақ тілі» қоғамының филиалдарын жер­­гілікті бюджеттен қаржыландыру мүл­дем тоқтатылған. Мұның аяғы олар­дың көпшілігінің жұмысы қожы­рап кетуіне әкеліп соқты. Енді, міне, Мем­лекет басшысының қол­­дауымен Ха­лықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен оның өңірлік филиал­­­дары қайта дәуірлеп, мемлекеттік тіліміздің шы­­­­найы мәртебесін көтеру жолында пәр­­менді іс-әрекетке көшетін кез келді.