Home Қоғам ТҮЛЕКТЕР ТҮГЕЛ ЖҰМЫСҚА ТҰРА АЛА МА?

ТҮЛЕКТЕР ТҮГЕЛ ЖҰМЫСҚА ТҰРА АЛА МА?

Еңбек нарығындағы бәсекелестік заманауи университеттерге жаңа талаптар қояды. Білім беру жүйесі жұмыс берушілердің сұранысына сай түлектер даярлауға қаншалықты дайын? Мақала жазуда біз университет түлектерінің жұмысқа орналасу мәселесін, оның негізгі себептерін және шешу жолдарын қарастырып, үш түрлі тұлғамен – студент, сарапшы және жұмыс берушімен сұхбаттастық. Сонымен қатар, қосымша ретінде кәсіби бағдар берумен айналысатын маманның пікірін де  ұсынып отырмыз.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын 200 мыңға жуық түлек жоғары оқу орындарын тәмамдайды. Алайда олардың тек 68%-ы бірінші жылда тұрақты жұмысқа орналасады, ал 20%-ы еңбек нарығына мүлдем кіре алмайды екен. Сұхбаттасымыз Айжан Ерланқызы, ІТ саласының 4-курс студенті, университетте алған білімі мен жұмысқа орналасу арасындағы байланысты сараптай отырып, өз тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, университетте алған теориялық білім жеткілікті болғанымен, практикалық дағдылардың аздығы айқын сезіледі. Айжан бағдарламалау бойынша оқып жүргенімен, университеттегі ескірген зертханалар мен құрал-жабдықтар жұмыс берушілердің талаптарына сай келмейді. Ол жаңа технологияларды меңгеру үшін қосымша курстарға жазылып, тәжірибе жинақтауға тырысуда. Айжанның сөзінше, ол жақында тәжірибеден өту үшін компания іздегенде, жұмыс берушілер нақты жобаларда жұмыс істеуді талап еткен, бірақ университетте мұндай тәжірибе жинақтау мүмкіндігі болмаған. Бұл жағдайдан ол өзінің жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болатынын түсінді.Кейіпкеріміз оқу бағдарламасын жақсарту үшін практикалық жобалар мен өндірістік тәжірибелерді көбейту қажет деп санайды. Оның пікірінше, студенттерді нақты компанияларға жіберіп, сол жерде тәжірибе жинауға мүмкіндік беру оқудың сапасын арттырып, болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыратын болады. Білім беру саласындағы сарапшылар университеттердің еңбек нарығындағы рөлін қайта қарау қажеттігін жиі айтады.

        Педагогика ғылымдарының докторы, білім беру сарапшысы Жанат Мұратбекұлы еңбек нарығында түлектердің бәсекеге қабілеттілігі мәселесін терең түсіндіре отырып, бұл сұрақта екі жақты жауапкершіліктің бар екенін атап өтті. Біріншіден, университеттер теория мен практиканы ұштастыруға тырысуы керек, ал екіншіден, студенттердің де білім алуға белсенділік танытуы қажеттігін айтты. Қазіргі еңбек нарығында тек диплом жеткіліксіз, жұмыс берушілер нақты дағдылар мен қабілеттерді талап етеді.Жанат Мұратбекұлы оқу бағдарламаларының өзгерістерін де қарастырып, университеттердің жұмыс берушілермен серіктестік орнатып, оқу бағдарламаларын нарық сұранысына сәйкес бейімдеуі қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол дуальды білім беру жүйесін енгізу өте маңызды деп санайды. Бұл жүйе студенттерге теориялық біліммен қатар нақты жұмыс тәжірибесін де жинақтауға мүмкіндік береді. Түлектерге қосымша курстарға жазылып, тәжірибе жинақтап, жеке дағдыларын дамытуға көңіл бөлу қажеттігін айтты. Заманауи мамандар үшін soft skills және digital skills дағдылары міндетті екені де оның маңызды кеңесі болды.

Шымкент қаласындағы халықаралық компанияның HR менеджері Айнұр Қайырбекқызы өз кезегінде университет түлектерінің кәсіби дайындық деңгейін сынға алып, олардың практикалық дағдыларының жетіспейтінін атап өтті. Оның айтуынша, жас мамандардан ең алдымен өз саласын жақсы меңгерген, жауапкершілігі жоғары және командада жұмыс істей алатын мамандар талап етіледі. Сонымен қатар, ІТ саласындағы нақты дағдылар, мысалы бағдарламалау, аналитика, жобаларды басқару өте маңызды. Айнұр Қайырбекқызы жұмыс тәжірибесі жоқ түлектерді үйрету үшін қосымша уақыт пен ресурстар жұмсау қажеттігін алға тартты. Оның пікірінше, түлектердің қарым-қатынас жасау және өзін-өзі ұйымдастыру қабілеттері де әлсіздеу болады. Осы орайда, жұмысқа қабылдаудың басты критерийі дипломнан гөрі нақты тәжірибе, жобалар және шетелдік курстарды аяқтау маңызды екендігін айтты . Тіпті шағын стартаптарда жұмыс істеген тәжірибе де бағаланады. Жалпы, университет түлектерінің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігі – білім беру жүйесінің ғана емес, тұтастай қоғамның ортақ мәселесі болып табылады. Бұл бағытта университеттер, жұмыс берушілер және студенттер арасындағы тығыз байланыс үлкен рөл атқарады.

      «Атамекен RANKING» ұлттық кәсіпкерлік палатасының 2023 жылғы білім беру бағдарламаларының рейтінгісі бойынша жүргізілген статистикалық деректер түлектердің еңбек нарығына бейімделуінің күрделілігін айқын көрсетеді. Орташа есеппен алғанда, диплом алғаннан кейін жұмыс іздеуге 97 күн кетеді. Егер бұл көрсеткішті пайыздық өлшеммен бағалар болсақ, жұмыс іздеуді бірінші айда бастайтын түлектердің саны небәрі 1%-ды құрайды. Ал 39% түлек алғашқы үш айда, 58% үш айдан алты айға дейін жұмыс табуды күтеді. Өкінішке орай, 2% түлектің жұмыспен қамтылуы 6 айдан да ұзаққа созылуы мүмкін. Бұл жағдай еліміздегі еңбек нарығында түлектердің бәсекеге қабілеттілігінің артқанымен, жұмыс берушілердің талаптары мен білім беру бағдарламаларының арасында әлі де біршама алшақтық бар екенін көрсетеді. Сондай-ақ, қызық та маңызды статистикаға назар аударсақ, түлектердің көбі өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Мәселен, денсаулық сақтау саласы бойынша білім алған түлектердің 69%-ы, педагогика саласындағы мамандардың 59,5%-ы, қала құрылысы саласындағы 30,6%-ы және ауыл шаруашылығы саласындағы 19,4%-ы ғана дипломдары бойынша еңбек етуде. Бұл сала түлектерінің қалған бөлігі өз мамандықтары бойынша жұмыс істемей, басқа салаларда қызмет етеді немесе тіпті жұмыссыз қалады.

Бұл деректер еліміздегі білім беру мен еңбек нарығы арасындағы сабақтастықтың әлсіздігін және түлектердің өз салалары бойынша жұмысқа орналасуда кездесетін қиындықтарын айқын көрсетеді. Осы мәселені шешу үшін жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары жаңартылып, жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатылуы тиіс. Сонымен қатар, студенттерге практикалық білім мен дағдыларды дамытуға мүмкіндік беретін тәжірибелік жұмыстарды көбейту керек. Сонда ғана еліміздің түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие, өз мамандықтары бойынша бәсекеге қабілетті мамандарға айналады.

Алайда, бұл мәселенің шешімін табу тек білім беру жүйесінің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Студенттердің білімін жұмыс нарығына сай бейімдеп, жұмыс берушілердің нақты талаптарын ескеретін жүйе құру қажет. Мүмкін, бұл өзгерістер түлектердің тек еңбек нарығына емес, өздеріне де деген сенімін нығайтып, болашақта ел экономикасының өркендеуіне ықпал етер.

Еліміздің өңірлер бойынша түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштеріне қарай жүргізілген талдау да айтарлықтай қызық әрі маңызды нәтижелерге алып келеді. Батыс Қазақстан облысы түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі ең жоғары көрсеткішке ие болып, 86 пайызды құраған. Екінші орында Алматы облысының түлектері 85 пайызды көрсетті, ал үшінші орынды Атырау облысының түлектері 84 пайызбен иеленді. Бұл өңірлерде жұмысқа орналасудың жоғары деңгейі, жалпы алғанда, жергілікті экономика мен кәсіпорындардың дамуын көрсететін индикатор болуы мүмкін. Алайда, ең төмен жұмысқа орналасу деңгейі Қызылорда және Түркістан облыстарында анықталды. Осы өңірлердегі түлектердің тек 73 пайызы ғана еңбек нарығында өз орнын тапқан, бұл жергілікті білім беру жүйесі мен еңбек нарығының арасындағы  бірқатар мәселелерді көрсетуі мүмкін. Мүмкін, бұл облыстарда еңбек ресурстарының тапшылығы немесе жастардың білім алған мамандығы бойынша жұмыс табудағы қиындығы себеп болуы ықтимал.

Жалақы деңгейі де бұл статистикада айқын айырмашылықтарды көрсетеді. Алматы облысының түлектерінің медиандық жалақысы алғашқы жылдары 196 769 теңгені құрап, ең жоғары жалақы деңгейіне жеткен. Бұл көрсеткіш Алматы облысының экономикалық белсенділігі мен жұмыс орындарының сапасын білдіреді, өйткені өңірдің дамуы мен жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес мамандарға жоғары жалақы ұсынылуда.Ал Шымкент қаласы түлектерінің жалақысы салыстырмалы түрде төмен болып шықты – тек 124 895 теңге. Бұл, мүмкін, өңірдегі еңбек нарығындағы бәсекелестіктің жоғары болмауы немесе белгілі бір саладағы мамандарға деген сұраныстың төмендігімен байланысты болуы мүмкін.

Жалпы, өңірлер бойынша жұмысқа орналасу және жалақы көрсеткіштеріндегі айырмашылықтар еліміздің түрлі аймақтарындағы экономикалық жағдайдың, білім беру жүйесінің және жұмыс орындарының әртүрлі деңгейде дамығанын айқын көрсетеді. Осылайша, еңбек нарығында теңгерімсіздіктің алдын алу үшін өңірлердегі жұмыс орындарын ашу, білім беру бағдарламаларын нарыққа сай жаңарту және аймақтар арасындағы кәсіпкерлік белсенділікті арттыру қажеттігі туындайды.

Өзім оқып жүрген Ахмет Ясауи университеті түлектерінің   жұмысқа орналасуы қай деңгейде екенін білуге талаптандық.  Университеттің Мансапты дамыту және жұмыс берушілермен байланыс орталығыныңм басшысы Сәлима Мұхитдинованың берген мәліметтеріне қарағанда биылғы жылы түлектердің  жұмысқа орналасуы нәтижелі болған.

– Қожа Ахмет Ясауи университетінің 2023 жылғы түлектерінің еңбек нарығындағы қадамы  мақтанарлықтай. Білімнің бастауында тұрған бакалавриат түлектерінің 79,1%-ы өз орнын тапса, интернатура (90,7%) және магистратура (91,1%) түлектері болашаққа сенімді қадам басқан. Ал резидентура мен докторантура түлектерінің көрсеткіші – 100%. Бұл деректер университет қабырғасынан түлеп ұшқан жастардың білім мен еңбек жолында қашанда сұранысқа ие екенін айғақтайды, -дейді Сәлима Мұратбекқызы.

2023 жылғы түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші (12 айдағы)

Ал жұмысқа орналасу көрсеткішінде инженерия саласы көш бастап 92,2%-дық көрсеткішке қол жеткізсе, Жаратылыстану (89,1%) және Спорт және өнер (88,7%) бағыттары да еңбек нарығында өз орнын айқын көрсетті. Филология (85%) мен Экономика, басқару және құқық (84,5%) түлектері де жоғары сұранысқа ие. Ал Стоматология (81,5%) мен Теология (79,1%) мамандықтары да тұрақты нәтижелер көрсетіп отыр. Жалпы университет бойынша жұмысқа орналасу деңгейі 86,3%-ды құрап, білім ордасының сапалы кадрлар даярлайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді, дейді бөлім басшысы.

Түйіндей келе, университет түлектерінің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы үшін білім беру жүйесін нарық сұранысына сәйкес бейімдеп, практикалық дағдыларды дамытуға көңіл бөлу қажет. Бұл үшін университеттер мен жұмыс берушілер арасындағы тығыз ынтымақтастық, сондай-ақ студенттерге нақты жұмыс тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік беру маңызды. Сондай-ақ, өңірлер бойынша жұмысқа орналасу деңгейіндегі айырмашылықтарды жою үшін жергілікті экономиканың дамуына назар аударып, білім беру бағдарламаларын жаңарту қажет .

                                                                                       Ақерке Берекешова,

Ахмет Ясауи университеті,

 Журналистика мамандығының 4-курс студенті.