Home Қоғам АГРОӨНЕРКӘСІП: ӨҢІРДЕ ЖЫЛЫЖАЙ ӨНДІРІСІ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

АГРОӨНЕРКӘСІП: ӨҢІРДЕ ЖЫЛЫЖАЙ ӨНДІРІСІ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

Түркістан облысы еліміздегі жылыжайлар көлемі бойынша алдыңғы қатардағы өңір. Осы орайда аймақтағы жылыжайлардың қысқы мерзімге дайындығы пысықталуда. Жуырда ғана көмір отынымен қамтамасыз ету үшін «Turkistan resource» ЖШС құрылып, көмірді өндірушіден тікелей тасымалдау келісім шарты жасалды. Келісімге сәйкес, 2024 жылдан бастап «Шұбаркөл көмір» АҚ-нан жылыжай шаруашылықтарына тікелей 150 мың тонна көмір отыны жеткізілетін болады.

Айта кетейік, облыста 1640 гектар жылыжай бар, оның ішінде 634 гектары – көмірмен жылытылады. Олардың бір жылдағы қажеттілігі – 275 мың тонна, қазіргі таңда 95 мың тонна сатып алынған. Сонымен қатар, облыс әкімдігі тарапынан жылыжай шаруашылықтарының мәселелерін Үкімет деңгейінде көтерудің нәтижесінде шаруашылықтарды қолдаудың жаңа тетіктеріне қол жеткізіп, жылыжайлардың жылыту шығындарын субсидиялау ережесі бекітілді. Нәтижесінде, жылыжайларды жылыту шығындарының 20 пайызы субсидияланатын болды. Оның ішінде, фермерлік жылыжайлардың гектарына – 4,8 млн. теңге, өндірістік жылыжайларға – 8,1 млн. теңге бөлінеді. Бұл мақсатта биыл 500 млн. теңге қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек, облыста фермерлік жылыжайларды «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» акционерлік қоғамы арқылы мемлекеттік стандарттау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күнге жылыжай шаруашылықтары тарапынан 732 өтінім тапсырылып, 531 фермерлік жылыжай сертификатталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға және азық-түлік саласында импортты алмастыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. Жыл өткен сайын облысымыздағы жылыжайлардың көлемі артуда. Бүгінде республикадағы жылыжайлардың 80 пайызы Түркістан облысыныңүлесінде. Бүгінде жеке кәсіп ашамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көп. «2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жоба» шеңберінде мемлекеттік грант алып, өңірлерде кәсібін бастағандар саны күн сайын артып келеді. Соның бірі түлкібастық Әмірхан Айтеков. Ол мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, жылыжайда құлпынай өсіруді қолға алған.

«Қазір кәсіптің көзін тапқандар ауылдық жерлерде өте көп. Мен де өз кәсібімді дамыту үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, құлпынай өсіріп жатырмын. Жылыжайда құлпынайдан бөлек, пияз, сарымсақ және түрлі аскөктерді де егеміз. Қазіргі таңда құлпынайларды әр екі ай сайын жинап алып, аудандағы дүкендерге өткіземіз»,- дейді кәсіпкер.

Сонымен қатар, Түркістан облысында еліміздегі ең ірі жылыжай кешенінің негізі қаланды. Жаңа жоба 500 гектар аумақты қамтиды. Ерекше нысанның ашылуына инвесторлар мен облыс, аудан әкімі, тұрғындар қатысып, кешеннің капсуласы орнатылды.  Келес ауданында 8 мың адамды жұмыспен қамтитын, 500 гектарлық өнеркәсіп алаңы бой көтереді. «ЭКО-культура» компаниясының қолдауымен салынатын еліміздегі ең ірі жылыжай кешенінің капсуласы қойылды. Бірінші кезекте оның 51 гектарына жылыжай салынады.

Бөрібек Нақыпбеков, Келес ауданының тұрғыны: «Істеліп жатқан істің бәрі халықтың игілігі үшін жасалып жатқан шығар. Басшылардың халықтың қамын ойлайды ғой. Аудан әкімі, облыс әкімі, инвесторлар келді. Жобамен таныстырды барлық жағдайды жасаймыз деді. Айлық 200 мыңнан жасаған жұмысына қарай 500 мың теңгеге дейін болатынын айтты. Құдай қаласа, игі іс жүзеге асады деп сенеміз»

Жылыжайлар кешені Голландиялық әдіспен жұмыс істейді. Бұл бастаманы қолға алған инвестор жоба жасақтап біткенше 4 жылдай уақыт кеткенін айтады. Сондықтан екі жақты келісім негізінде жаңа нысанның барлық мүмкіндігі сараланып, нақты жоспар құрылған.

Александр Рудаков, «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингі директорлар кеңесінің төрағасы: «Бұл Қазақстандағы ерекше жобаның бірі. Оның маңыздылығы Түркістаннан облысының экономикалық жағдайын жақсартуға көмектеседі. Халықты тұрақты жұмыспен қамтимыз. Біз сырттан жұмысшы әкелмейміз. Осындағы жақын ауылдың тұрғындарына жұмыс жасауға мүмкіндік береміз. Біз мұнда қызмет ететін адамдар мен ресурс көп екенін білеміз. Сондықтан қолдауды жөн көрдік. Ал жоба проектігі Голландық кешен негізінде құрылды»

Мадияр Әшірбаев, Келес аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы: «Салынатын жылыжай өндірістік. Бұл жәй жылыжай емес өнімділік көп болады. Дегенмен де өнім бағасы азық-түлік бағасын тұрақтандырып, халыққа тиімді бағада ұсынуға өз септігін тигізеді»

Жаңа жоба жүзеге асса аудандағы өндіріс көлемі артады. Сәйкесінше азық-түлік бағасының арзандауына септігін тигізеді. Кешеннің бірінші кезеңі 2024 жылы аяқталады деп жоспарланған. Ал 2027 жылы толығымен ел игілігіне беріледі.

Министрліктің мәліметінше жылыжай шаруашылығы жыл сайын дамып келеді. Статистика дұрыс-ақ. Алайда жылыжай шаруашылығы еліміздің барлық өңірінде дамып жатыр деуге келмейді. Өкініштісі сол… Өйткені жауапты министрліктің мәліметіне қарар болсақ, жылыжай шаруашылығы тек Оңтүстік өңірінде жақсы дамығынан көруге болады. Сандарды сөйлетер болсақ, Түркістан облысында 3 366 жылыжай бар екен. Ол  жылыжайлардың жалпы көлемі 1467,4 гектарды құрап отыр. Бұл еліміздегі барлық жылыжайдың 71 пайызы деген сөз. Алайда, жылыжай шаруашылығы жақсы дамыған Түркістан облысында да жағдай мәз емес екен. Сала мамандарының айтуынша, жылыжайларды жылытуға, жарықтандыруға жұмсалатын шығындардың үлесі өнімнің өзіндік құнының 45 пайызын құрап отырған көрінеді. Ал мұның өнім бағасына тікелей әсер ететін фактор екені түсінікті. Оған қоса, табиғат жағдайына байланысты жергілікті шаруашылық иелері көрші елдерге қарағанда қуат көздерін ұзағырақ пайдаланады екен. Ол аз десеңіз көрші елдермен салыстырғанда, біздің елде электр энергиясының, көмірдің, табиғи газдың бағасы біршама жоғары көрінеді. Сол себепті де біздің шаруалар көрші елдің өндірушілерімен бәсекелесе алмайды. Өйткені көрші елдерде өнімнің өзіндік құны біздегіден әлдеқайда төмен. Негізі жылыжай шаруашылығымен айналысам деушілерге мемлекет тарапынан көмек беріледі. Мәселен жылыжай тұрғызуға жұмсалған шығынның 30 пайызын, көкөністерді сақтауға жұмсалатын шығынының 20 пайызын мемлекет субсидиялайды. Сонымен қоса жылыжай шаруашылығын қолдау мақсатында өсіру шығынына ретінде 500 мыңнан 5,5 млн теңгеге дейін қаржылай қолдау көрсетіледі. Одан бөлек тыңайтқыштарға, гербицидтерге, әр түрлі аурулармен күресетін биогенттерге де мемлекеттен субсидия бөлінеді.

Мамандардың айтуынша, жылыжайда өскен ауыл шаруашылығы дақылдарының біршама артықшылығы бар. Атап айтар болсақ, өнімге қоршаған ортаның зияны тимейді. Ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдардың маңыздылығы еш жойылмайды. Осы ретте айта кету керек, әлем бойынша жылыжай салу жөнінен Қытай алдыңғы орында тұр. Бұл елдің жылыжай алқабы шамамен 1,5 млн. гектарды құрайды. Бұл салада  АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Ресей сынды мемлекеттер де жетекші мемлекеттер болып табылады.

Жылына бірнеше мәрте өнім беретін жылыжай шаруашылығы қай жағынан алсақ та  өте тиімді. Шағын жылыжай бір отбасыны ғана емес, кішігірім бір ауылды да асырауға қауқарлы. Тек істің көзін таба білсеңіз болғаны.