Home Қоғам ӨРКЕНДЕЙ БЕР, РЕСПУБЛИКАМ МЕНІҢ!

ӨРКЕНДЕЙ БЕР, РЕСПУБЛИКАМ МЕНІҢ!

Баршаңызды ұлттық мәртебесі бар ең ұлық мерекеміз – Республика күнімен құттықтаймын! Бұл мемлекеттілік дәстүріміз жаңғырған, жер тұтастығы мен ел бірлігі құқықтық негізде бекітілген айтулы күн. 

Мемлекет басшысы Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі екенін айтты. «Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Сондықтан осы мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Қоғам мен мемлекет игілігі үшін жұмыс істейтін «AMANAT» партиясы өзінің саяси тұғырнамасының өзегі ретінде мемлекеттің дербестігі, ұлттың азаттығы, қоғамның еркіндігі – ешқашан, еш нәрсеге айырбасталмайтын ұлы құндылық деп айқындады. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және партиямыздың Төрағасы  Республика күнін қайтарудың елдегі ауқымды саяси өзгерістермен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор екенін атап өтіп,  жаңғырған мерекеміз ұлттық идеологиямыздың темірқазығы боларына сенім білдірді.  

Ортақ құндылықтарды дамуымыздың бағдары етіп белгілеп, ұлттық және мемлекеттік мүдде аясына өңір жұртшылығын жұмылдыруда, арман-тілегі және болашағы бір қоғам қалыптастыруда «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы өз мақсат-міндетіне шеңберінде 83 мыңнан астам азаматты біріктіріп отыр. Аудан, қалаларда 17 партия филиалы қызмет атқарып, 242 бастауыш партия ұйымдары облысымыздағы белсенді қызмет атқаратын қоғамдық-саяси құрылымдар болып түзіліп отыр.

Партияластарымыз Сайлауалды бағдарламамызда қамтылған, сайлаушыларымыздың сұраныстарымен айқындалған міндеттердің орындалуын үйлестіріп, Түркістан облысының орнықты дамуына үлестерін қосуда. Партияның ұйытқы болуымен атқарушы және өкілді мемлекеттік билік тармақтарының облыс тұрғындарымен үйлесімді әрекеттестігі қамтамасыз етіліп, ауыл-аймақтардағы қордаланған әлеуметтік мәселелер шешімдерін тауып келеді.

Партия филиалының алаңы халықтың үніне құлақ асатын, сайлаушылардың талаптарын бұлжытпай іске асыратын өзара тиімді мінберге айналды. Партияның облыстық саяси кеңес бюросында, облыс, аудан, қала мәслихаттарындағы партиялық фракция отырыстарында, партия филиалы жанындағы түрлі салалық бағыттар бойынша жұмыс жүргізетін кеңес мәжілістерінде облысымыздың тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелер талқыланып, қоғам дамуы үшін маңызды шешімдер ұсынатын саяси ұйым болып бекіді.

Тұрғындардың сеніміне ие болған болған партия филиалы қоғамдастықпен кері байланыс орнатуды, әлеумет көтеріп жатқан мәселелердің оңтайлы шешім табуына ұйытқы болуды стратегиялық басымдық ретінде айқындайды. Түркістан облысындағы аманаттық өкілдер жыл басынан бері 14 мыңнан астам азаматтың талап-тілектерін тыңдап, олар бойынша дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдануына жәрдемші болды. Партиямызға үміт артып келген 8690 азаматтың  өтініштері қарастырылып, оң шешімдерін тапты. Мемлекет басшысы айтқан «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидатты осы тәртіпте мықтап орнықтыруға кірістік.

Шалғай елді мекен тұрғындары үшін көшпелі қоғамдық қабылдаулар өткізу үрдісін енгізіп, партияның Түркістан облыстық филиалының ұйытқы болуымен облыстық деңгейдегі  50-ден астам мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, депутаттары, халыққа қызмет көрсетуші ұйымдардың өкілдері, заңгерлер мен адвокаттар 8 ауданның 10 шалғай елді мекендерінде қоғамдық қабылдау жиындарын өткізіп, бұл басқосуларымызда 86 ауылдың мәселелері қаралды.

Халқымыздың ауызбіршілігі жуырда АЭС салу бойынша өткен жалпыхалықтық референдумда айқын көрініс тапты. Түркістан облысында Халықтық штаб өкілдері 700-ден астам кездесулер өткізіп, реформалар арқылы елге жанашыр шынайы азаматтық қоғам тіктеліп жатқанын паш етті. Азаматтарға таңдау еркінің берілуі – Тәуелсіз еліміздің демократиялық принциптерге ден қойған, өзінің саяси-әлеуметтік жүйесі берік орныққан ел екнімізді көрсетіп, жаңа саяси мәдениетті қалыптастырудың басты алғышарты болды.

Мемлекет басшысы жария етіп, табанды түрде іске асырып жатқан түбегейлі саяси реформалардың нәтижелі жүзеге асуын қамтуда «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларын іске асыруда Түркістан облысы жемісті нәтижелер көрсетіп келеді. Сондай-ақ, өңірімізде «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Таза бейсенбі», «Ұлттық мұра» жобаларының игілігін оңтүстік жұртшылығы кеңінен сезініп келеді.

Партияның өңірлік филиалының ұйымдастыруымен облыстағы барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының, Әйелдер қанатының, бастауыш партия ұйымдарының, ауыл әкімдерінің форумдары өткізіліп, мазмұнды диалог алаңдары түзілді.

Облыс тұрғындарының 30 пайызға жуығы жастар өкілдері екенін ескере отырып, олардың зияткерлік рухын шыңдау, бұқаралық спортқа баулуда «Кітап-AMANAT», «AMANAT-AQYLMAN», «Мәслихат-CUP», «Жайдарман» бірегей бастамалары жүзеге асты. Түркістанның жастарды шоғырландыруға қосып жатқан үлесі ескеріліп, біздің облысымызда республикалық жастар саяси лагері ашылып, оның жұмысына Мәжіліс спикері, партиямыздың Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың өзі қатысты.

Бұл соңғы бір жылда біз атқарып жатқан сан қырлы жұмыстың бір бөлшегі  ғана. Партияластарымыз, оның ішінде белсенді мүшелеріміз, депутаттар, партия қызметкерлері, бастауш ұйымдар, партия жанындағы кеңес мүшелері, жастар барлық сала бойынша партияның ықпал арттыратын тетіктерді қалыптастырып, тұтас мемлекеттің дамуына, қоғамның өзгеруіне еңбектерін сіңіріп, үлестерін қосуда. Саяси диалогтың қарқынды дамуында өңірдегі барлық атқарушы және өкілді билік тармақтарымен, құқық қорғау органдарымен, мекемелер мен ұйымдармен ықпалдастық байланысымызды одан әрі арттырып, республикамыздың одан әрі өркендеуіне жағдай жасайтын боламыз.

Бүгінгі мерекеде барша қазақстандық отбасыларға амандық, бақ-береке тілеймін! Қуатты ел, көркейген мемлекет болуымызға қосып жатқан үлестеріңізге шынайы ризашылығымызды білдіре отырып, қастерлі Атамекеніміз – Қазақстан Республикасы бейбіт ел ретінде өсіп-өркендей берсін деген тілегіміді жеткіземін!

Алтынсары Үмбетәлиев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракция жетекшісі