Елордамыз – Nur-Sultan қаласының ұлан байтақ қазақ жерінің төріне айналып, Ұлы даласына сән беріп тұрғанына 23 жыл толып отыр.
1994 жылы 6 шілдеде Мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы ұсынысы қолдау тауып, 1997 жылы қазан айында жарлыққа қол қойылды.
Сол жылдары 300 мыңға да жетпеген қала халқының саны бүгінде 4 есеге артып, миллионнан асып отыр. Бұл – Еуропа жүрегіне айналған бас қаламыздың әлеуеті артқанының бірден бір дәлелі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ел газеті «Егемен Қазақстанда» жариялаған «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласында Елбасының сонау тәуелсіздік алған жылдардағы толғанысын нақты атап өткен.
Мақалада әуелі «Қазақстан қандай ел болады? Азия мен Еуропаның арасына көпір бола ма? Немесе «Солтүстік – Оңтүстік» осіне айнала ма?» деп ойлаған Ұлт Көшбасшысы Ақмола қаласын Ел астанасы ету туралы ұсынысымен жас мемлекеттің әлемдік геосаясаттағы орнын анықтап ала алғанын баяндаған.
«Астананы көшіру идеясы елді біріктіруші факторға айналды. Бүгінде елордамыз – халқымыздың мақтанышы һәм сүйікті шаһары» деген Мемлекет басшысының сөзімен сабақтай отырып, Елорда күнімен барша қазақстандықтарды құттықтаймын.
Сонымен қатар, осынау идея авторы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты бүгінгі 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық тілеймін.
Елдігіміздің жемісі – Nur-Sultan қаласы Еуропаның жүрегі ғана емес, бүкіл әлем саяхатшыларының көруге құштар, сәулетті мегаполисіне айналатынына сенемін!
Еліміз – Елордамен бірге дамып, жеріміз – гүлденіп, көркейе берсін!
Құрметпен Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков