Home Қоғам КЕРЕК ДЕРЕК: ҚАЗАҚ ТІЛІ ӘЛЕМДЕГІ 2000 ТІЛДІҢ ІШІНДЕ 70-ОРЫНДА ТҰР

КЕРЕК ДЕРЕК: ҚАЗАҚ ТІЛІ ӘЛЕМДЕГІ 2000 ТІЛДІҢ ІШІНДЕ 70-ОРЫНДА ТҰР

Бұл сұхбат республикалық «Ардагерлер тынысы» журналында  біраз уақыт бұрын жарық көрген еді. Десек те, бүгінгі күні де күн тәртібінен түспей тұрған тіл мәселесі сөз әңгіме арқауы болған аталмыш сұхбатты ықшамдап оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Біз Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының кеңесшісі, бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Құрмет» «Парасат» ордендерінің иегері, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазымен туған тіліміздің төңірегінде сұхбаттасқан едік.

– Оразкүл апай, Сіз ұзақ жылдар мемлекеттік қызметтің түрлі деңгейінде қызмет еттіңіз. Халық қалаулысы ретінде Парламент мінберінен ұлттың ұпайын түгендеп, елдің мүддесін қорғап жүрген санаулы адамдардың бірі болдыңыз. Елордада өзіңіз де талай жыл Тілдерді дамыту басқармасында қызмет етіп, қазақ тілінің қанат жаюына үлес қостыңыз. (Сіздің, тіпті «қазақ тілінің адвокаты» деген лақабыңыз болыпты). Талай шенеунікті «қамшымен осып жібергендей» өткір тіліп түсер сөздеріңіз елдің есінде. Сіздің осы ұзақ жылдарғы жанқиярлық еңбегіңіз, қоғамға ықпал етудегі әрекеттеріңіз ақталды деп ойлайсыз ба? Тіл жанашыры ретінде, еліміздің қазіргі тілдік ахуалына қандай баға берер едіңіз?

– Әрине, еткен еңбегіміз ақталды деп ойлаймын. Бұрын астананы Ақмолаға көшіргенге дейін көше аттарының барлығы орысша болатын. Бүгінде еліміздің бүкіл қалаларының арасында көше аттары мен нысандарын қазақылауда көш бастап тұрған елордамыз болып саналады. Яғни, 96 пайызы қазақша. Міне, осының бәрі сол атқарылған, жасалған еңбектің өтеуі деп ойлаймын. Сол тұста көтерілген рухтың, жұртты жұмылдырудың, мектеп оқушылары, ЖОО студенттері, зиялы қауыммен, қалың көпшілікпен бәрі-бәрімен дәйекті, жүйелі жүргізілген жұмыстың жемісі. Біз өте ауқымды жұмыс жүргіздік. 1000-ға тарта көшенің аттарын, 700 нысанды қазақшаладық. Атауды өзгертіп қана қоймай, көше мерекесін өткізіп, көшеге есімі берілген тұлғаның кім екенін не болмаса, сөздің қайдан алынғанын таныстыру секілді жұмыстарды ұйымдастырдық. Ол кездерде бұрынғы Мемлекет басшысы жыл сайын Астана қаласы әкімінің активімен кездесіп, елорданы аралап отыратын.

2002 жылғы кездесуде ол кісі сын айтты. «Ел жүрегін арқа төсіне көшірудегі мақса-тымыз, орыстанып бара жатқан солтүстік аймақты қазақыландыру емес пе еді? «Синема сити», «Европа Палас», «Стии маркет» деген атауларға ол кісі шүйлігіп, қатты сын айтты. Әншейінде тіс жармайтын орыс басылымдары, соның ішінде «Казах-станская правда» газеті бұл мәселені көте-ріп сын мақала жариялады. «По Астане как по Бродвею» деген мақала шыққан болатын. Бұл, әрине қуанарлық жағдай болды. Әлгі газеттің он шақты данасын сатып алып, сақтап қойдым. Сонан сол кездегі қала әкімінің орынбасарына барып, Мемлекет басшысының сынына орай, нысандарды қазақшалайық деп едім қолдай қоймады. «Олар көп уақыттан бері солай тұр, маңдай-шалары солай ілініп, имидж қалыптас-тырып қойды. Оларды жазуға, жасатуға біраз қаражаты жұмасалды» деп бұлталақ-тады. Бірақ мен мойымадым, бір сәті түсер, бұл мәселе қалайда шешіледі деген сеніммен әлгі газетті сақтап қойғанмын.

2006 жылы қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы –қалалық ономастикалық комиссия төрағасының орынбасары қызметіне келдім. Сабақты ине сәтімен дегендей әлгі үш мекеменің басшысын шақырып, газеттегі материалды оқыттым. Міне, сіздерге Президент 4 жыл бұрын айтып, ескертті. Тіпті, газет мақаласында сыналдыңдар да, неге өзгертпейсіңдер?–деп едім. Олардың жауабы сол баяғы «имидж қалыптастырып қойып едік. Жарнамаға қаншама ақшамыз кетіп еді» деген болды. Мен: «Сенің жарнамаға бөлген бес-алты мың долларың тәуелсіздіктің құнымен салыстырғанда түкке тұрмайды. Қала Целиноград болып тұрса әңгіме басқа еді, ал қазір жаңа, егемен елдің астанасы болып қалыптасып жатқан қаланы неге тәуелсіздік айшығымен жайнатпаймыз, жарқыратпаймыз?! Сенің әлгі бес мың долларың ештеңе де емес. Егер ел астанасы осында көшіп келмесе, сен қайдан бизнес жасар едің? Бүгін тіл үшін шығарған шығының ертең неше есе болып қайтады, сондықтан бұл атауларды ауыстырасыздар», – деп едім. Жігіттер уәжге тоқтап: ендеше өзіңіз әдемі, айшықты ат қойып беріңіз деді. Сонымен, әлгі нысандардың бәрі қазақша атау алып, «Еуропа палас» – «Ақсұңқар», «Синема Сити» – «Самұрық», «Сити Маркет» – «Қазына» болып өзгертілді. Ол кезде жаңағы аталған нысандар Астанадағы ең беделді, алыс-жақыннан келген қонақ бір соқпай кетпейтін орындар болатын. Ондай жерде қазақша атаудың болуы үлкен жетістік еді. Өйткені, атау, бренд дегеннің өзі идеологияның бір құралы ғой. Сол ірі, бәлен жылдан тұрған үш нысанның қазақшалануын мысалға алып, өзге де нысандарды қазақшалауға кірістік. Елордада сол кезде бас-аяғы 700 нысанның атауын өзгертіп, қазақшаладық. Сосын бір қуанатыным елордадан бастау алған айшықты атаулар өңірлерде де жалғасып жатады. Сол жағалауда Президенттің Іс басқармасы жаңа монша соқты. Жігіттер жаңа моншаның атын қазақша қоюға кеңес сұрады. «Қазақ моншаға түскенде не дейді? Рахат, керемет, ғажап дейді ғой. «Рахат» оң жағалауда бар емес пе? «Керемет» не «Ғажап» деп қойыңыздар дегенмін. Солай бекітілді де. Кейін депутат болып өңірлерді аралағанда қай облыс орталығына барсам да, аудан орталығына барсам да қонақүйінің, я, сауда үйінің аты – «Керемет». Астанадағы қазақылану процесі күллі өңірге әсер етіп жатты, мен соған қуандым, әрине. Ал енді, қазіргі жағдайға келетін болсақ, ілгерілеуден гөрі іркіліс басымырақ па деймін? Кешеуілдетіп алдық, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды кешіктіріп алдық. Үгіт насихат тоқтап қалды. Соңғы жылдары қалаға таза орыс тілді басшылардың келуі де әсер етті. Олар қолдау көрсетпеді.Тіл басқармасының басшысы қанша мықты болса да, қала әкімі қолдамаса болмайды. Менің бағыма сол тұста қала әкімі Ө.Шөкеев, А.Мамин (орыстілді азамат болғанына қарамастан) керемет қолдады. Ал, Иманғали Нұрғалиұлы қала әкімі болған кезінде «ақ дегенім алғыс, қара дегенім қарғыс болды» десем де болады. Осындай басшылардың болмауынан да кейінгі кезде елордада қазақ тілінің өрісі тарылып, деңгейі төмендеді. Сол жылдары таза орыс мектептері аралас мектепке, аралас мектептер қазақ мектебіне айналды. Қазақтар ғана емес өзге ұлттың өкілдері де баласын қазақ мектебіне берген болатын. Сол тұста қазақ тілінің қанат жаюының өрлеу кезі болатын. Соңғы кезде мұндай қарқын жоқ, өкінішке қарай бәсеңсіп барады. Қарқынды үдету үшін халықтың санасы, рухы оянып, қазақ тілін барлық салада қолданысқа енгізуіміз керек.

– «Тілдер туралы» заң ескірді емес пе? Оның үстіне бұл заңда қазақ тілімен қатар орыс тілі қатар қолданылады деп жазы-лып, ана тілімізге айрықша мәр-тебе берілмеген. Солай емес пе?

– Иә, солай. Енді мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдайтын уақыт келді. Оны тіл жанашырлары көптен бері айтып жүр. Оған толық негіз бар. Қазір биліктің алаңдауына еш негіз жоқ. Бұрын біздің демографиямыз келмеді.

Бірінші заң қабылданғанда 40 та 40, екінші заң қабылданғанда қазақтардың үлесі 52 пайыз ғана болды. Қазір, Аллаға шүкір, қазақтың үлесі 70 пайыздан асты. Әлемдік тәжірибеде жергілікті ұлттың үлесі 60 пайыздан асқанда ол мемлекет бір ұлтты мемлекет деп аталады. Жалпы, Қазақстанда бір ұлт, ол мемлекет құраушы қазақ ұлты, қалған 130-ға жуық этностар тұрады. Этностардың тілдері өздерінің тарихи отандарында өрбіп-өркендеп жатыр. Саналы адам бұл мемлекеттік заңға қарсы келмеуі керек. Сондықтан, мемлекеттік Тіл туралы заң қабылдануы тиіс және оны қадағалайтын Президентке бағынатын үлкен ұйым керек.

Парламент қабырғасында қызмет етке-німде де, одан бұрын Тіл басқармасының тізгінін қолыма алған тұста да Алматыдағы, осындағы тіл ғалымдары мен тіл жанашыр-ларының басын қосып, бастама көтеріп бір-неше рет ұсынған болатынмын, бірақ ол кез-де қолдау таппады. Қазір міне, алаңдамай заң қабылданатын уақыт жетті деп ойлаймын. Жуырда «Қазақ тілі» қоғамының президенті Берік Әбдіғали бастаған топ жаңа «Тіл туралы заң» құжатын әзірлеу үстінде. Заң қабылданып, күшіне енетін болса оң өзгерістер болады деген үміт бар.

–Қазір зейнеттесіз. Алайда, қоғамдық бірлестік құрып, «Instagram» әлеуметтік желісінен парақша ашып, жастарға отбасы құндылықтары, әдет-ғұрып, тәрбие жайында мазмұнды-мағыналы әңгімелер айтып дәріс өтіп жүрсіз. Заманауи аудиторияны дер кезінде игеріп алған ілкімділігіңізге, іскерлігіңізге құрметпен қараймыз, әлбетте.

Бүгінгінің виртуал базарына айналған «Instagramда» қоғам қайраткері, қазақтың қайсар рухты қызы Оразкүл Асанғазыны көреміз деп кім ойлаған?! «Instagramды» жүргізудегі мақсатыңыз қандай?

–Тәрбие – талбесіктен деген бар. Бүгінде әлеуметтік желіні пайдаланып, телеарна хабарларынан көптеген психологтеріміз тәрбие тақырыбына жақсы, байыпты әңгі-мелер айтып жүр. Өз басым құптаймын. Бұл мәселе эфирден жиі айтылуы тиіс. Батагөй қарттарымыз, көпті көрген, өсіп-өнген мәуелі бәйтеректей әулеттің отаналары өмірлік тәжірибелерін бөлісіп, жастарға на-сихат айтса артық болмайды деп ойлаймын.

«Instagramда» жеке парақшамды аштым. Басында мен бұл алаңды жеңіл-желпі, әнші-бишінің қызылды-жасылды ортасы, жастар қызықтайтын әлемі деп қабылдағанмын. Депутаттық корпуста жүргенде әлеуметтік желілерден парақша ашып халықпен жақын, етене байланыста болу керектігі тапсырылғанда мен «не қажеті бар соның» деп үрке қараған едім.

Байқасам олай емес екен. Бұл – үлкен аудитория, зор байланыс құралы екен. Аллаға шүкір өмірлік тәжірибем жеткілікті, қызға қыз болып сырласа аламын, ұлға ұлағатты сөзімді арнаймын. Өнегелі отбасына келін болып түстім. Бес бала тәрбиелеп өсірген анамын. Мен бір жаңалық ашпай-ақ қояйын, дегенмен отбасы құндылықтары, шуақ шашқан шаңырақтың жылуы жайында, жалпы өзімнің көрген білгенімді, өмірлік таным-білімімді жастармен бөлісейін дедім. Қазір шүкір, оқырманым артып, күннен күнге аудиториямның арнасы кеңіп келеді. Байқап отырсам тіл туралы лекция-сұхбаттарым да, отбасы құндылығы туралы әңгімелерімді де аудитория қабылдап, бағалауда.

Тікелей эфирлер өткізіп жүрмін. Мен белгілі тележүргізуші Динара Сәтжәнмен тікелей эфир жүргіздім, эфирден кейін Динара бірінші кезекте өзі, сонан соң оның парақшасына жазылған базбір орыстілді отбасылар балаларын қазақ мектебіне бере бастады. Осының өзі – жеңіс. Осының өзі Instagram желісінің күшті құрал екенін көрсетеді. Елжас Ертайұлы деген психолог жігітпен «Балаңды тәрбиелеме – өзіңді тәрбиеле» деген тақырыпта тікелей эфир жүргіздім, Ұлттық арнаның отбасы туралы хабарына спикер болып қатыстық екеуміз. Өте тағылымды әңгіме болды. Тыңдаушыларымыздың реакциясы керемет.

Қыздарымыз өз-өздерін дамытып, өмірлік серігіне жан-жылуын сыйлап, ұл-қыздарына жақсы тәрбие беріп, отбасының берекесін кіргізіп, үлгілі отанасы болуға талпынып жүр. Жігіттеріміз де отбасына қамқор, тіреу бола білуі керек. Әлеуметтік желі, оның ішінде «Instagram» алаңы өте ұнамды дүние деген пікірдемін. Оқырмандарымның керегін алып, қажетіне жаратуы, ізгі тілектері мен пікірлерін білдіру, ақыл-кеңес сұрағаны мені қанаттандырды. Осы әлеуметтік желідегі әңгіме сұхбаттардың әсерінен кейін кейде «тірі», офлайн кездесулерге ұласып жатыр. Статусың жай ғана зейнеткер болғанына қарамай, құрметтеп, бару-келу жол шығыныңды төлеп, өздері ұйымдастырып жатады. Көрсеткен құрмет-қошеметтері депутат кезімнен кем емес. Халқымның алақанына салып аялағанына алғыстан басқа айтарым жоқ, әлбетте.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен:

Әтіргүл ТӘШІМ,

журналист.