Түркістан облысында орналасқан күн электр стансасы – еліміздегі күн энергетикасы секторындағы «Eni» халықаралық энергетикалық компаниясының алғашқы ірі инвестициясы. Инвестициялық жобаның жалпы құны 12 млрд. теңгені құрайды. Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылының маңында қуаттылығы 50 МВт күн электр стансасының құрылысы бойынша жұмыстар басталды. Салтанатты рәсімге Италиядан арнайы келген делегация мен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев қатысты.
«Энергияның баламалы түрлерін дамытуға, күн мен жел энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізу үшін барлық мүмкіндік бар.
Осы орайда, электр энергиясы көздерін қайта жаңғырту – облыс экономикасының басым бағыттарының бірі. Түркістан облысында 320 МВт электр қуатының жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан, облыстағы қажеттілікті қанағаттандыру үшін бүгінде, күн және су электр станцияларын салу бойынша 10 инвестициялық жобалар іске асырылған», – деді облыс әкімінің орынбасары.
«Eni» халықаралық компаниясы жергілікті еншілес «Arm Wind» ЖШС арқылы салып жатқан электр стансасы 100 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда 100 мыңнан астам фотоэлектрлі панельдер, қосалқы станция мен ұзындығы 8 шақырым болатын әуе электр беру желісі салынатын болады. Еліміздегі күн энергетикасы саласындағы «Eni» тарапынан қолға алынған алғашқы ірі инвестициялық жобасы алғашқы электр энергиясын биылғы жылдың 4-тоқсанында береді. 2022 жылдың басында толық аяқталып, елдің энергетикалық секторын біртіндеп декарбонизациялауға, яғни көмірқышқыл газын азайтуға өз үлесін қосады. Күн электр стансасының ең бір тиімділігі – ауаны ластамайды, экологиялық тиімді.
Түркістан облысында «ArmWind» ЖШС, «Hevel Казахстан» ЖШС, «KZT Solar» ЖШС сияқты 9 ірі күн электр станциясы және 6 су электр станцияларының құрылысы жүргізілуде. Биыл Түркістан облысында 52 млрд. теңгеге 120 МВт күн сәулесінен шығатын станцияларды салу жоспарланған.