Бүгін ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев халық алдында есеп берді.
Онда ішкі істер саласында атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты сараланып, жоспарлар кең көлемде таныстырылды.
Жиында Ерлан Тұрғымбаев жұмыстың сервистік моделіне көшкені туралы хабарлады. Халыққа консультациялық көмек көрсету үшін қалалық және аудандық полиция бөлімдерінде азаматтар үшін 251 қабылдау бөлмесі құрылып, «Жолдағы қабылдау» акциясы үнемі өткізіліп тұрады.
Министр өз сөзінде жыл басынан бері полиция органдары басшыларының және учаскелік инспекторлардың тұрғындармен 400 есеп беру кездесулерін өткізу аясында нақты аумақтағы құқықтық тәртіп жағдайын жақсарту бойынша 1 мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін атап өтті.
Сондай-ақ, алдағы уақытта сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу және азаматтардың уақытын үнемдеу мақсатында ІІМ ақпараттық технологияларды белсенді енгізіп, мемлекеттік қызмет көрсетуді электрондық форматқа көшіреді.
Өткен жылы жүргізілген жұмыстың нәтижесінде, мекенжай анықтамаларын беру, елге уақытша келген шетелдіктер үшін тіркеу тоқтатылды. Жалпы 83% қызмет электрондық форматқа ауыстырылды. Жыл соңына дейін көші-қон саласында тағы бірнеше қызмет «онлайн-жүйеге» көшеді.
ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев қызметкерлер мен азаматтар арасындағы тікелей байланысты болдырмау үшін жүргізуші куәліктерін, нөмірлерді, көлікті тіркеу, сынақ тапсыруды жүзеге асыратын тіркеу-емтихан бөлімдері халыққа қызмет көрсету орталықтарына тапсырылатындығын атап өтті.
Елдегі криминогендік жағдай көптеген бағыттар бойынша айтарлықтай жақсарған. Жалпы, жыл басынан бері қылмыс саны 38% -ға қысқарып, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық – 56%, тонау – 53%, ұрлық – 50%, бұзақылық – 45% төмендеген.
Көптеген қылмыстардың ашылу көрсеткіштері жақсарған.
Сондай-ақ, ІІМ басшысы азаматтарды электрондық төлемдермен операциялар жасау кезінде қырағы болуға шақырды.
Себебі, қашықтықтан сатып алу, онлайн-қызметтер тәжірибесін оқшаулау режимінде интернет-алаяқтардың саны (4,2 мыңға дейін) өскен. Ішкі істер министрінің айтуынша, Алматы қаласындағы ІІМ жанындағы киберқылмыспен күрес орталығы жалған-крипто-валюталарды сату арқылы 1,3 млрд.теңгеге 800-ге жуық азаматты алдағандарды анықтады.
Елдің бас полицейі сонымен қатар «Тиімді қарыз», «Гарант 24 Ломбард», «ESTATE Ломбард» шағын несие ұйымдары базасында қаржы пирамидаларының құрылтайшылары мен ұйымдастырушыларын ұстау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Министрдің ақпараты бойынша, компанияның 3 құрылтайшысы және өңірлік филиалдардың 25 басшысы ұсталған (7 – іздестіруде). Аталған қылмыстық іс ІІМ басшысының жеке бақылауында.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев халық алдындағы есептік кездесу аясында азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне балалар суицидімен күресуде күш-жігерін біріктіруге шақырды.
Оның айтуынша, биылғы жылдың өзінде ғана 58 бала өз-өзіне қол жұмсаған. «Мүмкіндікті пайдалана отырып, қоғамдық қозғалыстарды, үкіметтік емес ұйымдарды біздің өсіп келе жатқан ұрпағымызды қорғауды қамтамасыз ету үшін күш біріктіруге, отбасы институтының рөлін арттыруға шақырамын», – деді министр.
Алдағы уақытта балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және болдырмау мақсатында ішкі істер министрлігінің бастамасымен барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйелерімен жарақтандырылмақ.
Халық алдында есеп беру кездесуінде сөйлеген сөзінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жақын арада жүргізушілерге өзімен бірге бірнеше құжатты – жүргізуші куәлігін, техпаспортты, сақтандыру полисін және т.б. алып жүру қажеттілігі болмайтынын айтты.
Сондай-ақ, полиция қызметкерлеріне, еріктілер мен азаматтарға ТЖ кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз еткені үшін алғысын білдірді.