Home Басты жаңалықтар АРЫС: ЖЫЛУ, ЭЛЕКТР, СУ ЖӘНЕ КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ ЖАҢҒЫРТЫЛЫП ЖАТЫР

АРЫС: ЖЫЛУ, ЭЛЕКТР, СУ ЖӘНЕ КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ ЖАҢҒЫРТЫЛЫП ЖАТЫР

Бір айдан бері Арыс қаласын қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар атқарылып жатыр. Құрылыспен және тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсетумен бірге қаланың жылу, су, электр сынды маңызды мәселелері бойынша да бірқатар істер қолға алынған. Төтенше жағдайдан кейін ең алдымен әкімдік тарапынан су және электр жүйелерін қалыпты жұмыс режиміне көшірілді.

Жарылыс кезінде магистралды су құбырларында 4 авариялық жағдай туындап, ол қалпына келтірілді. Жалпы 30 шақырымды құрайтын магистралды су құбырының зақымдалған 7 шақырымын жөндеу мақсатында жобалық-сметалық құжатқа қаржы қарастырылып, жұмыстар басталды.

Қаладағы кәріз жүйесі де реттеліп, ақаулардың 80 пайызы қалпына келді. Бір су сорғы қондырғысы ауыстырылды. Төтенше жағдай болған күннен бастап зақым келген 10 электр желісіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен қалпына келтірілген.

Арыста 4 жылу қазандығы бар. 30 көпқабатты тұрғын үй мен 11 әлеуметтік нысанды жылытатын жылу жүйелерінің ұзындығы – 13 шақырым. Төтенше жағдай кезінде 2 снаряд жарылып, жылу қазандығы ғимараты зақымдалған. Ақау актісі мен жобалық сметасы дайындалып, жөндеу жұмыстары басталып кетті. Ғимараттың есік-терезелері ауыстырылып, қабырғалары жөнделді.

Жалпы Арыстағы инфрақұрылым да толық зерттеліп, жөндеу және жаңарту жұмыстары жалғасады деген жоспар бар.