Home Қоғам «Айқын мақсат болса, алынбас шың жоқ»

«Айқын мақсат болса, алынбас шың жоқ»

“Nur Otan” партиясының праймеризіне үміткер

ХУДИЯРОВ Галымжан Батырханович

Ө М І Р Б А Я Н
Худияров Галымжан Батырханович 1983 жылы қыркүйек айының 27-ші жұлдызы күні Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында дүниеге келді. 1996 жылы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің күрес бөліміне келіп, спорт жолын бастады. 1999 жылы ҚР жеңімпазы, самбо және қазақ күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері. Халықаралық, Республикалық жарыстардың жеңімпазы және жүлдегері.
2000 жылы Түркістан қаласында № А.Байтұрсынов атындағы 1-ші орта мектепті бітірді. 2000 жылы Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің дене шынықтыру мамандығына оқуға кабылданып, 2000 жылы самбо күресінен Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өткен Азия біріншілігінде қола жүлдегері атанды. 2001 жылы Молдова Республикасының Кишинев қаласында өткен Әлем біріншілігінде күміс жүлдеге қол жеткізді. 2001 жылы Түркістан қаласының «Жыл адамы» атағын алды. 2001-2003 жылдары ХҚТУ әскери кафедрасында оқып офицер шенін алды. 2004 жылы өз мамандығын бітіріп шықты.
2004 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің педагогика және психология мамандығына магистратура бөліміне оқуға түсіп, 2006 жылы бітірді. Еңбек жолын 2005 жылы облыстық балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық ізбасарлар мектебінен бастады. 2006 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Спорт және өнер» факультетінің дене шынықтыру және спорт кафедрасына жұмысқа кабылданды.
2006 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың спорт және туризм академиясына ғылыми ізденуші ретінде тіркеліп, 2010 жылы қазан айының 30-шы жұлдызында, «Спорт мектептеріндегі бастапқы дайындық топтарында жаттығушылардың спорт түрлеріне бейімділігін анықтау» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. ХҚТУ жас ғалымдар кеңесінің төрағасы.
2012-2014 жылдар аралығында «Спорт және өнер» факультетінің ғылым және тәрбие ісі жөніндегі декан орынбасары қызметін атқарды.
2014-2019 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Түркістан орталық су спорт кешеніне меңгеруші қызметіне тағайындалды.
2019 жылдың 26-шы желтоқсаннан Түркістан облысы «Орталық су спорт кешенінің» директоры қызметіне тағайындалды.
2 монография, 32-ден аса ғылыми еңбектері жарық көрген.
Жанұялы, 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеуде.

ТҰҒЫРНАМАСЫ
Қымбатты жерлестер!
Мен түркілердің түпкі отаны, рухани ордасы Түркістан төрінде туып-өстім. Тәуелсіздік таңымен сан түлеген киелі қаланың тарихы, тынысы, тіршілігі мен үшін ерекше қымбат. Осы қалада орта және жоғары білім ордаларында дәріс алып, оны ғылыммен ұштастырып бойымдағы бар қажыр-қайратым мен алған білімімді ұрпақ тәрбиесіне арнай отырып қаланың жарқын өмірінің қайнаған ортасында келемін.
Өзімнің кәсіби қызметімді өзім мүше болып табылатын көшбасшы «Nur Otan» партиясының озық идеяларымен ұштастыра отырып жүргізудемін. Өйткені ел азаматы ретіндегі менің мақсатым, ұстанымым партияның бағытымен әрқашан үйлесімін тауып келеді.
Менің кәсіби қызметім спорт саласымен байланысты болғандықтан бағдарламамда негізгі басымдықты осы саладағы өзекті мәселелерді шешуге бағыттай отырып қоғамдағы тағы басқа да шешімін күткен мәселелерге белсене атсалысуды мақсат етемін.
Қадірлі ағайын!
Спорт – елдің елдігін, ердің ерлігін, рухтың биіктігін көрсететер бейбіт бәсеке. Спорт – өнердің жоғары сатысы. Ой еңбегімен қатар дене еңбегін де қажет ететін қабілет. Ал ең бастысы спорт – бұл денсаулық, ұрпақ амандығы, саламатты ұрпақ. Сондықтан елде спортты дамытудың маңызы да, мәні де өте өзекті. Айқын мақсат болса, алынбас шың жоқ. Сондықтан келесідей бағдарлама тұжырымын ұсынуды жөн көрдім.
Б А Ғ Д А Р Л А М А
Түркістан қаласында спорт түрлерін насихаттау: спорттық шараларды көптеп ұйымдастыру, білім беру мекемелеріне спорт түрлерін енгізуді қолға алу. Аудан-ауданда, мектеп-мектепте, ұйым-мекемелерде жарыстар, спартакиада, универсиадалар ұйымдастыру . Бір мезгілдік шара күйінде қалдырмай, жүйелі, тұрақты, жыл сайын өтетін дәстүрге айналдыру;
Спортшыларға қолдау көрсету: қазіргі таңда спортшыларымызды мемлекеттік деңгейде қолдау мен қорғаудың арнайы тетігін жасауға ұсыныстар енгізу; әлемдік жарыстардан орын алып, елінің абыройын асқақтатып қайтқан спортшыларымыздың жалақы деңгейіне талдау жасау, қолдау шараларына ұсыныс енгізу; ата-аналардың балаларын спортқа баулуда сенімін нығайту;
Қалада халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етілу деңгейін және денешынықтырумен, спортпен шұғылданатын азаматтардың үлесін көбейту мақсатындағы құрылыс жұмыстарына атсалысу;
Қаланың экологиялық ахуалын үнемі бақылауда ұстау, қоршаған ортаның ластану жағдайларын болдырмау шараларын күшейтуге атсалысу;
Денсаулық сақтау саласында өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарына үнемі талдау жасап отыру, материалдық-техникалық тұрғыда жеткілікті қамтылу деңгейіне ұсыныстар енгізу; мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобалардың да санын көбейту; Түркістан аумағы – демографиялық жағдайы жоғары аймақ ретінде халық санының өсуіне байланысты медициналық кешенді дамыту;
Білім саласында сапалы білімге қол жеткізу бағытындағы материалдық-техникалық жабдықталу деңгейін үнемі назарда ұстау, ұсыныстар енгізу;
Қала жастарын тиісті салалармен бірлесіп жұмыспен қамту, шағын және орта кәсіпкерлікке тарту, шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі дамытуына жағдай жасауға қатысу;
Түркістанды қала халқына, қонақтарына тартымды, «Қауіпсіз қалаға» айналдыруға арналған жобалардың сапалы жүзеге асуына ықпал етемін.
Аса қадірлі әлеумет!
Мен бағдарламамда «Nur Otan» партиясының бағдарын негізге алып, туған қаламның өркендеуі үшін бар күшімді, ерік-жігерімді, кәсіби мүмкіндіктерімді арнауға бекіндім. Бұл жоспарымның жүзеге асуы Сіздердің үлкен қолдауларыңызбен іске асатынына сенім білдіремін.. Алдағы сайлауда мені халық үмітін арқалаған, ел сенімінің үдесінен шығар әріптестеріңіз ретінде қабыл алып, меже биігінен бірге көрінеміз деп ойлаймын!