Мемлекет тарапынан берілген атаулы әлеуметтік көмектің арқасында қалаға қарасты Шаға ауылдық округінде тұратын көпбалалы ана Баян Ратаева 80 тауық пен екі сиыр алған. Қазіргі кезде шағын шаруа атанып, өз кәсібінен нәсіп тауып отыр. « 80 тауық 40 жұмыртқа береді. Оны Түркістан базарына алып барып сатамын. Екі сиырды сауып отырмыз. Балаларымыз айран-сүт ішіп отыр. Артылғанын ауыл тұрғындарына сатып жатырмыз. Күнделікті кірісіміз бар. Барша жағдайды жасап отырған мемлекет басшылығына рахметімді айтамын », – дейді ол. Баян Ратаеваның 5 баласы бар. Олар да шаруашылық жұмыстарына қолғабыс етіп отырады. Жолдасы мен өзі жұмыссыз. Кәсібінен несібесін тауып отырған отбасы мүшелері алдағы уақытта кәсіптерін ұлғайтуды жоспарлап отыр. « Алғашқы алған қаржымызға тауық алсақ, келесісіне қора жайларды реттейміз », – дейді көп балалы ана. Бүгінде Шаға ауылында 500 жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат тапсырса, оның 400 жуығы қаржы алып, түрлі кәсіптерді бастапты.