Home Басты жаңалықтар ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: ЕЛІМІЗДІҢ БЮДЖЕТІ ЕКІ НЕГІЗГІ МАҚСАТҚА БАҒЫТТАЛУЫ ТИІС – ЭКОНОМИКАНЫ...

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: ЕЛІМІЗДІҢ БЮДЖЕТІ ЕКІ НЕГІЗГІ МАҚСАТҚА БАҒЫТТАЛУЫ ТИІС – ЭКОНОМИКАНЫ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУ

Әлеуметтік салада мынадай бағыттарға баса мән беру керек.

Бірінші. Білім беру сапасын жақсарту.

Біздің елімізде еңбек ресурстарының балансын  есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ.

Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған.

Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады.

Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде.

Біз оқушылардың қабілетін айқындап,  кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет.

Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс.

Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек.

Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап барады.

Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы

Сондықтан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд.теңгеге жеткізуді тапсырамын.

Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек.  

Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын.

Үкімет пен әкімдер осындай балалардың үйірмелер мен орталықтарға, жазғы лагерьлерге баруы үшін мүмкіндік жасауы керек.

Енді жоғары білімнің сапасына жеке тоқталғым келеді.

Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр.

Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарау керек.

Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміз бар екені де жасырын емес.