Home Білім ТҮРКІСТАН: ТҮЛЕКТЕРДІҢ ЖЕТІСТІГІ – МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕГІ

ТҮРКІСТАН: ТҮЛЕКТЕРДІҢ ЖЕТІСТІГІ – МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕГІ

Дәл қазіргі таңда грантқа оқуға түсу – әр талапкердің басты арманына айналған, олардың ата-анасы мен мұғалімдеріне шексіз қуаныш сыйлайтын негізгі себеп болып тұрғаны белгілі. Аталмыш «аламан бәйгеде» күндіз-түні көз майын тауысып кітаптан бас көтермеген, таңға дейін талаптанып дайындалған балалардың еңбегі ерекшеленеді. Бұл олардың екі-үш жылдап үздіксіз әзірленген жұмыстарының нәтижесі паш етілетін сәт. Осы ретте Түркістан қаласындағы 10-11 сыныпты оқытатын «Бастау» оқу орталығының талапкерлерді дайындауда атқарып жатқан қызметтері орасан, орайын тауып мектептің ұйымдастырушы- менеджері Жанболат Омарұлымен әңгімелесуді жөн көрдік.

– Жанболат Омарұлы, қазіргі таңда мектеп бітірушілердің уайымға салынатын кезеңі – ҰБТ тапсыруы, жыл бойғы еңбегін дәлелдеуі, ата-ана мен мұғалімнің бала үшін қуануы немесе мұңаюы, осы сәтті бастан өткеріп жүргеніміз белгілі. Осынау сезімдер арпалысқан тұста «Бастау» жоғарғы мектебінің ұстаздарына артылған жауапкершілік пен сенім аз емес. Елдің сол сенімінен шығып жүрсіздер ме, көрсеткіш қалай болып жатыр, жалпы білім ұясымен таныстыра кетсеңіз.

– Расында, зор жауапкершілікті ту еткен білім ордасы жайлы кеңірек айта кетсек, «Бастау Түркістан мектебі» 2017 жылдың 12 қарашасынан 2022 жылға дейін Бастау білім беру орталығы болып Түркістан қаласының жастарын ҰБТ-ға дайындап, үміт артқан қаншама жандардың сенімін ақтап келді. Осы аралықта мұғалімнің үздіксіз ізденуінің, өз білімін жетілдіріп отыруының, ҰБТ-ға жан-жақты дайындалуының арқасында үміткерлердің ойдағыдай ұпай жинауына септігін тигізгенін мақтана айтамыз.

Ал 2022 жылы 19 қыркүйекте ресми түрде «Бастау» мектебі болып ашылды. Сол ашылған 2022-23 оқу жылы мектеп қабырғасында 170 түлек білім алды. Қуана жеткізетін жаңалық, осы 2023 жылы 2-ші Бастау мектебінің негізі қаланды. 2023-24 оқу жылы «Бастаудың» 2-мектебінен 314 түлек бітіріп шықты. Бұл дегеніміз Түркістан қаласындағы оқушылардың 15%-ы «Бастау» мектебінен аттестат алды. Толығырақ атап өтсек, 11 сыныпты 314 оқушы бітірсе, қызыл аттестатқа 21 оқушы, алтын белгіге 31 оқушы ие болды.  Ұлттық біріңғай тестілеуді 314 оқушының барлығы тапсырды. Білім алушыларымыз ең жоғарғы көрсеткіш мүмкін болған 140 баллдың 136-сына қол жеткізіп, ұстаздары мен ата-анасының мерейін асқақтата түсті. Осы уақытқа дейін оқу орнымыз 10 мыңнан астам оқушыны ҰБТ-ға дайындап, жоғары оқу орнына түсуіне ықпалын тигізді.

– Бізде кейде «неге осы оқу орталықтарына жүгінбей-ақ, өздерінің оқып жатқан жалпы білім беру мектептерінде оқи бермейді» деген сұрақ туындайды. Шынымен де өз мектебінде оқып жүріп, өздігінен дайындалуға болмас па?  

– Бүгінде өзгерістер мен жаңартуларға толы кезеңде әр күніміз қарбалас, әр күні жаңаша дүниені үйреніп, жетістікке қол жеткізуге талпынасың. Біздің өміріміздің және білім беру саласының да заман ағымына сай түрленуі заңдылық. Әлбетте, өздігінен оқып дайындалып жүрсе болады. Бірақ уақыт көшінен қалмай, биікке жетуге талпыну артықтық етпейді. Айта кетсек, оқу орталығымызда білікті мамандар тест тапсыруға сәйкес әрекет етеді, яғни тек тақырыпты түсіндіріп қана қоймай, оқушының жібірген қателерімен жұмыс жасап, оларға алда жол бермеудің жолдарын қарастырады. Құпияларымен бөлісіп, мотивация береді. Оқушылар әр ай сайын сынақ тестілеуін тапсырып отырады. Ұстаздар оқушылардың білім деңгейін анықтап, бағдарлама арқылы бақылап отырады. Оқушылар тапсырмаларды мұқият орындап, есептерді шығарып, жаңа тақырыпты өтіп, күрделі тақырыпшаларды талдайды. Ұстаздар тақырыпты түсіндіріп, жауаптарын табуға көмектесумен қатар, уақытты тиімді пайдалануды үйретеді, ҰБТ-ны тапсыру жолындағы басқа да құпиялармен бөлісіп отырады.

– Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуде елеулі жаңалықтар болды ма? Үміткер­лердің басым бөлігі қай мамандыққа көбірек бет бұрды?

– Байқағанымыздай, 2024 жылғы ҰБТ форматында айтарлықтай өзгеріс болмады, тек ішінара өзгерістер кездесті. Мысалы, сұрақтардың са­нында өзгерістер бар, бұ­рын оқу сауаттылығы мен мате­мати­калық сауаттылық бойын­ша 15 сұрақ болса, биыл оның саны 10 сұраққа қыс­қар­ды. Ал сол екі пәннің әрқай­сысынан алынған 5 тапсырма бейін­ді пәндерге берілді. Себебі та­лапкер­ге оқуға түскенде бірінші ке­зек­­­те өзінің мамандығына не­гіз бола­тын бейінді пәндер бойын­­ша білім қажет.

Ұлттық тестілеу орталы­ғының мәліметтеріне ден қойсақ, үміткер­лердің көбісі «физика-математиканы» таң­дауға бейім болған. Ал мұның себебін әрине грант­қа түсу мүмкіндігінің көптігімен байланыстыруға бо­ла­ды. Грант  бө­­лу саясаты бойынша тегін жо­ға­ры білім алуға берілетін тапсы­рыстың 60 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінгені белгілі. Өйтке­ні елімізде техникалық мамандар жетіс­пейді. Сондықтан ата-аналардың да, талапкерлердің де кейде осы жағынан қателесетіні аңғарылады. Себебі біз «грант қай­салада көп, соған тапсыр» дегенді жиі естиміз. Бұл дегеніміз, техникалық мамандыққа грант­тың көп бөлінуі барлығы соған барсын деген сөз емес, оны да өзі қалаған, соған бейім талапкерлердің таңда­ғаны абзал. Яғни болашағынан зор үміт күткен әрбір жас өзінің ұнайтын, өзінің қабілеті бар мамандығын таңдаса өмірде де қиналмас еді деген ойымызды білдіргіміз келеді. Сондай-ақ нарықта сұранысқа ие, болашағы бар мамандықтар туралы ата-ана, бала, мұғалім жан-жақты талқылап барып таңдау жасалса артық болмас еді.

– Үлкен өмірге қадам басып жатқан әр баланың жанына терең үңіліп, тығыз  қарым-қатынаста жұмыс істегеннен кейін оларға тестке дайындалу барысында айта кетер қандай ақыл-кеңестеріңіз, құпияларыңыз, тілектеріңіз бар?

– Иә, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап»  деп Абай атамыз айтқандай әр адамда өзіне деген таудай сенім, мол үміт және мықты талпыныс болуы қажет деп ойлаймын. Сондай-ақ әр тақырыпқа жүйелі дайындалу,  жоспар құру артықтық етпейді. Ешқашан өзін саспай, дүрлікпей, қорықпай ұстаған жөн. Қорқыныш азайған сайын мидың жұмыс істеуі жақсарады. Сондықтан дайындықты қаншалықты ерте бастасаңыз, соншалықты жақсы. Тестілеу жақындаған сайын адамда қорқыныш күшейеді. Дайындалып үлгермей қаламын ба деп қорыққан сайын мидың жұмысы бәсеңдейді. Жақсылыққа сенім артыңыз.

Айналасына, өзіне күшті мотивация беру. Адам мотивацияны өзінен, өзінің бітірген ісінен алуы қажет. Мотивацияны сырттан емес, әр әрекетіңізден табыңыз. Бағдарлама бойынша мақсат еткен бір кітапшаны бітірсеңіз, міне, мотивация осы. Нақты жоспармен, күнделікті сабақ кестесімен жүрсеңіз, өзіңізге қатаң тәртіп қойсаңыз, нәтижені байқауға әбден болады.

Сондай-ақ, «досыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтайын» дегендей, достарыңыздың, ортаңыздың қолайлы болғанының маңызы зор. ҰБТ-ға күндіз-түні барынша дайындалып жүрген құрбы-достарыңыздан ажырамаңыз. «Болса болар, болмаса ақылы бөлімге түсермін» деп енжарлық танытып, ҰБТ-ға бейжай қарайтын кертартпа достарыңыз болса, сізге де кесірі тиюі мүмкін. Ортаңызды дұрыстаңыз, жауапкершілігі мол ізденімпаз адамдармен, кітаппен дос болыңыз. Ең үлкен қауіп телефоннан келетінін ұмытпаңыз!

Өздеріңізге деген сенімділікті жоғалпаңыз. Тынымсыз еңбек қана мақсат-мұраттарға жетелейді. Барша үміткерлерге сәттілік тілеймін!

  • Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Несібелі Иманқұлова