Home Білім ТҮРКІСТАН: ҰЛТ ТӘРБИЕСІ САПАЛЫ БІЛІМДЕ ЖАТЫР

ТҮРКІСТАН: ҰЛТ ТӘРБИЕСІ САПАЛЫ БІЛІМДЕ ЖАТЫР

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында өзекті ғылыми бағдарламалар жайлы ойларын айтуда. Осы ретте облыс тұрғындарына Индира Оразғалиқызы Аймбетовамен жүргізілген сұхбаттың жалғасын назарларыңызға ұсынамыз.

– Қазіргі кезде инклюзивті ортадағы балаларды қорғау мен олардың барлық жағдайлармен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүруде. Мысалы, инклюзивті ортаны мектеп жағдайында, үй жағдайында қамтамасыз ету үшін педагогтарға  арнайы төленетін қосымша сағаттар берілуде, ЖОО және мектеп жағдайында бұл топтағы балаларға түрлі психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялық орталықтар ашылуда. Сондықтан, инклюзивті мәдениетті қалыптастыру, инклюзивті практиканы дамыту, инклюзивті саясатты жасау осы күннің өзекті мәселесі.

Біздің елімізде дарынды балаларға өте көп жағдай жасалған. Тіпті педагогтарды бағалауда оқушыларының жетістіктеріне көңіл бөлінеді. Ал инклюзивті топтағы балаларға жұмсалған күш пен еңбек нәтижесі еленбейді. Менің ойымша, педагогтарды бағалау және еңбекақы деңгейіне ЕБҚ балалардың жетістіктерін ескеру маңызды  критерий ретінде қабылданса, осы бағыттағы педагогикалық ізденістер мен нәтижелер ұлғаяр еді.

– Қоғамда туындап жатқан түсінбеушіліктердің алдын алу мақсатында бүгінгі күні әр мектепте Білім министрінің заңды қолдауымен құрылып жатқан қамқоршылық кеңестерге баға берсеңіз.

– Өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа жауапкершіліктің, оқу жоспарындағы жиі өзгеретін білімнің даму тенденциясының, оқу материалдарын цифрландырылуы, өмірдегі интернет пен сандық медианың агрессивті үстемдігінің арқасында оқушылардың білімге деген назарын аудару осы күннің басты мәселесі, бұл ұрпақтың білім алу деңгейіне тікелей қатысты. Сондықтан ата-аналар, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдердің өзара әрекеттесуінің жолдары, деңгейлері мен жұмыс нәтижелері ата-аналарға мектеп ісіне қатысудың маңыздылығын дәлелдейді. Дамыған елдерде міндетті түрде әрбір мектепте түрлі бағыттағы кеңестер бар. Бұл баланың білім алуында ата-ана мен мектеп ұжымының бірлесіп жұмыс атқаруы орасан зор рөл атқаратынын білдіреді. Әр мектепте заңды түрде қамқоршылық кеңес құрылып, іс жүзінде екі жақ бір бағытта жұмыс атқарса, мектеп пен ата-ана арасында қазіргі қоғамда туындап жатқан түсінбеушіліктер саны азаяр еді. Сонымен қатар, бала тәрбиесінде орын алған олқылықтарды шешу үшін көптеген ата-аналар мектеппен бірлесе отырып қосымша икемділіктің қажеттілігін көп ата-анаға, балаға немесе мұғалімге үшжақты түсіндіруге қамқоршылық кеңестердің маңыздылығын ескеру керек. Мектеп мұғалімдерінің тәрбиесіне балаларын «тапсырып», бала тәрбиесіне көңіл аспайтын ата-аналар да жеткілікті. Мектеп деңгейінде балалардың академиялық пәндер үлгерімін меңгеру деңгейіне, тұрақты өмір салты мен іс-әрекетте оқушылардың қалыптасатын ұлт тәрбиесін жақсартуға ата-аналардың үлестері өте төмен деңгейде. Ұйымдастырылып отырған осы қамқоршылық кеңестер «ата-ана – бала – мұғалім» триадасындағы тиімді коммуникациялық механизмдерді дамытуға септігін тигізеді деп ойлаймын.

Осы мақсатта бүгінгі күні әр мектепте Білім министрінің заңды қолдауымен қамқоршылық кеңестер құрылып жатыр. Бұл кеңес – мектептің оқу және тәрбие ісінде қолдау көрсетіп, атсалушы, өзін-өзі басқару жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуші, мұғалім-оқушы-ата-ана үштігінің бірлесе жұмыс жасауына жағдай жасаушы кеңес болып табылады.

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді»,- дегендей, еліміздің елдігін сақтайтын, тәрбиелік өнегелілігінің басты тіреушісі ұлттық тәрбие. Ұлттық тәрбиеге отбасылық және мектептегі адамгершілік мектептері кіреді. Сол адамгершілік пен парасаттылық мектептері ретінде қабылданып отырған қамқоршылық кеңестердің Ережелері немесе саясаты ұлт тәрбиесіне көп көңіл бөлуі міндеттелсе нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, «тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» демекші, тәрбие – парасатты, өнегелі ұрпақтың негізгі іргелі ұстанымы екенін ұмытпау керек.

– ҚР Білім беруді және ғылымды  дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламаның мақсаты – Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту екені мәлім. Осы бойынша қандай шаралар атқарылып жатыр?

– Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ғылым мен технологиялардың, білім беруді дамытудың жаһандық үрдістерін үздіксіз білім беру және ғылым саласына үздіксіз енгізу және жетілдіру жұмыстарын жүргізу аса маңызды. Бұл заманауи технологиялардың, оның ішінде STEAM технологиясының білім-ғылым саласына енгізу арқылы, парасаттылықты дәріптейтін заманауи тенденцияға сай тұлғаны тәрбиелеудің алғышарты. Қазақстандық экономиканың басты тірегі өндіруші ел ретінде табиғи ресурстарды қолданудан түскен қаражат. Ал ғылым технологияларына бөлінетін қаржы көлемі жалпы ішкі өнімнің 0,13% құрайды. Дамыған елдерде 4,8-2,5 пайыз арасында (Корея Республикасы, АҚШ, Швеция). Егер білім мен ғылым деңгейін көтеру үшін ғылымға бөлінетін қаржы көлемі ЖІӨ деңгейі 1%-дан асу қажет.

Осы бағытта жүргізіліп жатқан шаралар ғылымға бөлінетін қаржының көлемін арттыру көзделуде. Ғылыми потенциалды арттыру мақсатында әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымға ғылыми тағылымдамалар ұйымдастырылуда, жас ғалымдар үшін жыл сайынғы «Жас ғалым» жобасы бойынша мыңдаған гранттар бөлінуде; перспективалық ғылыми идеялардың үлкен санына мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ұзақ жылдарға созылатын конкурстар жоспарлануда. «Академиялық артықшылық орталықтары» жобасы аясында еліміздің жиырмадан астам ЖОО материалдық-техникалық базасын жақсартуда қаражат бөлінуде.

Бұл қаражаттың барлығы 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыруды ЖІӨ-нің 1%-ына дейін арттыру мақсатында бөлінуде, бұл отандық ғылымның дамуына үлкен серпін береді.

Қазіргі заманның білімді инновациялық шешімдерін генерациялай алатын ұрпақ тәрбиелеуде ғылым мен білімнің орны ерекше, онда ғылым ұстазының  ақпараттандырылған, IQ деңгейі жоғары, дүниетанымы кең, парасатты  болуы міндетті. Сондықтан оқытудың тиімді әдіс–тәсілдерін, қазіргі заманауи инновациялық технологияларды меңгеруін қамтамасыз етуі мемлекеттік бағдарламалармен қолдау табуда. Мысалы, магистратура, докторантура және резидентура бағдарламалары бойынша жетекші шетелдік жоғары оқу орындарына түсу үшін, ғылыми педагогикалық тағылымдамалардан өту үшін «Болашақ» халықаралық бағдарламасынан стипендиялар бөлінуде. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау процесі іске қосылды. Негізгі назар инженерлік-техникалық кадрларды даярлау болғандықтан, «Болашақ» бағдарламасы бойынша техникалық және IT-мамандықтарға гранттар саны 60% – ға дейін ұлғайды.

Еліміздің білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты тетігі ретінде экономиканың сапалы өсуі бизнес пен адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, технологиялық жаңғыртуға, институционалдық ортаны жетілдіруге Жаңа бағыттағы – Жаңа Қазақстанның жастарына білім беріп, бәсекеге қабілетті маман дайындау сапасына қатысты талаптарды күшейту мемлекеттік маңызды ұстаным деп ойлаймын. Осындай жетістіктерге жету әрине көп күш пен қаражатты қажет етеді, бұл болашақта Қазақстанның білім мен ғылымының жаһандық бәсекеге қабілетті етуінде орны ерекше.

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.