Home Білім ТҮРКІСТАН: «…КҮННЕН КҮНГЕ МӘРТЕБЕҢ КЕЛЕДІ АРТЫП, ТҮРКІСТАН»

ТҮРКІСТАН: «…КҮННЕН КҮНГЕ МӘРТЕБЕҢ КЕЛЕДІ АРТЫП, ТҮРКІСТАН»

Мұратбек Дүйсембеков! Түркістан руханиятында, қала берді Қазақ елі қаламгерлері арасында есімі елеулі еді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында кісі қызығарлықтай іс тындырып, із қалдырған Мұратбек ағамыздың өмір жолы журналистикаға келуіне себепкер болған еді.

«Гүл бағыңда мәуелі тасып толдым, Түркістан,

Бір қызыңа әдемі ғашық болдым, Түркістан.

Күннен-күнге мәртебең келеді артып, Түркістан,

Барлық жерден өзіңді көрем артық, Түркістан» деп жырлаған Мұратбек Дүйсембековті біздер, Түркістан педучилищесінің студенттері әдеби жиындардан, поэзия кештерінен жиі көретінбіз. Мұратбек ағамның ақылымен училище студент қыздарының әдеби клубын құрып, оған ертеректе өткен талантты ақын Зияш Қалауованың есімін бергеніміз де есімде. Жалын атқан жасын ғұмыр… Жарқ етіп өте шыққан жарық жұлдыз ерте сөнді… Мұратбек Дүйсембектің өмірден өткеніне 30 жыл өтіпті. Біз қаламгердің артында қалған аяулы жары, кезінде «Коммунистік еңбектің» тілшісі болған, журналист Гүлжан Әбілдаевамен сыр-сұхбат құрған едік.

– Мұратбек ағамен таныстығыңыз қалай болып еді, қашан бас құрадыңыздар?

– Қазақстан бойынша жалғыз факультет – журналистиканы таңдағандар қатары жыл сайын аз болмайтын. Оның өзі қазақтың қара шаңырағы атанған Мемлекеттік университетте. Еліміздің барлық қиырынан қолына қалам ұстап, жазуға қабілеті бар жанның көбі осы факультетке түскісі келетін. Қазақ әдебиетінің классиктері саналған қазіргі атағы дардай атақты ақындарымыздың да, жазушыларымыздың да дені осы жылына 50 студент ғана қабылдайтын факультеттің түлектері екені рас. Қазақ баспасөзінің айтулы майталмандары – қаламы мұқалмаған журналистеріміз қаншама. Бізбен қатарлас оқыған, бірге оқыған журфактың студенттері – бүгінде алды министр болған, президент аппаратында қызмет еткен белгілі қоғам қайраткерлері, қазақ баспасөзінің әр саласына еңбегін сіңірген, тәуелсіздігіміздің қалыптасуына үлес қосқан азаматтар.

Бізді таныстырған осы КазГу ғой. «КазГу. КазГуград» деген сөздер жанымызға тым жақын. Әлі күнге дейін тым ыстық. Бізге дәріс берген ұстаздарымызды айтсаңызшы?! Аттары аңызға айналған профессорлар Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Файзулла Оразаев, Зейнолла Қабдолов, Намазәлі Омашев, Марат Барманқұлов… Ләтифа апай, Тұрымтай апай, Раушан апай…

…Иә, мен де алып-ұшып Алматыға келдім. Туған әпкем Гүлзәкира оқитын КазГу-ге түсу менің де арманым болды. Жазғы каникулда КазГу қалашығының құрылысында жұмыс істеуге қалғандардың қатарында әпкем де бар. Брезент палаткалар құрылып, темір кереуеттер қойылған қыздар «бөлмесінде» кілең дарынды жастар. Өлеңдерін оқып, әп-сәтте «жыр кешін» ұйымдастырып жібереді. Мұндайда қыз-жігіттер жинала қалады. Осындай сәттерде күн құрғатпай келіп тұратын түркістандық екі жігіт бар. Олардың бірі бүгінде Қазақ баспасөзіне еңбегі сіңген, талай республикалық басылымның басшысы болған Шамшиддин Паттеев еді. Ал қасындағысы Мұратбек болатын. Мен секілді абитуриент. Міне, таныстық осыдан басталды. Сол «Абитуриент-78»-дің қатарын толықтырған жылы біріміз күндізгі, екіншіміз сыртқы, енді біріміз дайындық бөлімінің студенті атандық. Сол таныстықтан кейін етене араласпасақ та, көрген кезде сәлеміміз түзу болды. Соңғы курста мемлекеттік емтиханнан «бес» алып, мәз болып келе жатсам, алдымнан Мұратбек шықты. Әрине, мақтандым. Ол мені гүл базарына ертіп барып, әдемі бір гүл шоғын сыйлағаны бар… Қазір ойласам, менің аз ғана «жетістігіме» шын қуанған екен ғой. Аға ретінде ме, адам ретінде ме, бір жылылық ескендей…

«Ордабасы оттары» аталатын аудандық газетте жұмыс істеп жүргенімде, Темірланға жиі келіп тұрды. Газет тігіндісімен танысып жүретін Мұратбек Бас редакторымыз Нармахан Бегалиевке де кіріп, әңгімесін айтып шығатын. Ол кісі Мұратбекті қызметке шақырғаны да бар.Әрине, үйлену мәселесі кейіндеу шешілді. Мұратбек марқұм жеңгеме «Гүлжанды тоғыз жылдан бері танимын» деудің орнына, «тоғыз жылдан бері жүремін» деген екен. Таныстығымыз тоғыз жылға ұласса да, әбден ақыл тоқтатып, бір-бірімізді түсінісіп барып үйленгеніміз рас.

– Мұратбек аға өмірде жақсы адам, дарынды азамат екенін көбі біледі. Отбасында қандай еді? Қандай жар, қандай әке болды?

– Жүрегі тым нәзік еді. Аңғалдығы да бар. Күнделікті келетін газет-журналды жиып алып, ортасында отыратын. Өте білімді болатын. Кез келген ортада, кез келген тақырыпта әңгімесін айтып, мәселе көтеріп, ойын ашық жеткізетін. Ал енді үй шаруасына мүлдем жоқ, отын жарып берсе, қолдары күлдіреп шыға келетін. Күрек ұстаса да сол. Шағын ғана тақтайшаны бір-екіге бөледі де: «Бүгінге осы жетеді ғой» деп тұратын.

Ұлы өмірге келгенде қатты толқыды. Жұмыстан келе сала құшырлана иіскейтін. Нәрестенің жұпар иісінен қуат алғандай көрінетін сол кезде. «Шаршағаным басылып қалды ғой» деп қоятын. Оған арнап талай өлең шығарды. Қызын да керемет жақсы көрді. Шығарған өлеңін құлағына сыбырлап, жаттатып жүретін. Үйге келе мойнына асыла кететін қос құлыншағына мейірімін төккен болды. Бірақ, үнемі көзінде мұң тұратын. Осылардың ер жеткенін көре алмайтынын іштей сезетін сияқты. Сөз арасында да осылардың есейгенін көру, оқуға түсіру, үйлендіру, немере сүю секілді тақырыптар айтылмайтын. Қазір ойлап тұрсам, бойында көріпкелдік қасиеті бардай, айтқанының бәрі орындалып жатады. «Әулие болған екен ғой» дейтін кездерім жиілеп барады…

Өте сабырлы еді, бала-шағасының қылықтарына жымиып қана отыратын. Қолында қаламсап пен шимайланған ақ қағаз. Жазуы өте майда, құмырсқаның тізбегіндей көрінетін. Үйде болғанда көбіне анасының мақта салынған масаты нымшасын киіп алатын. Қайда барып, кімге не айтқанына дейін анасына сыр қылып ақтаратын. Ақкөңіл апасының ұлының әңгімесіне қарқылдап күліп алатыны бар. Ана мен бала арасындағы шынайы махаббатты осылардан көрдім. Жаны таза, жаратылысы бөлек ол жақсы жар, қамқор әке болды. Бірақ мұндай бақытты шақтың ұзаққа созылмағаны белгілі. Небәрі жеті жыл жеті ай ғана… 87-нің наурызынан 94-тің қазанына дейін.

– Арманы үлкен еді-ау, ағамыздың. Сол заманда Алматыда қызметте қалу қиын кезде, ол кісі қалды. Бірақ қызмет қумаған. Неге?

– Орынды сұрақ. 1983 жылы университетті бітірісімен “Қазақ әдебиеті”, “Жаңа фильм” газет-журналында журналистік қызметін бастады. Ол кезде сыртында «Пресса» деген жазуы бар қызыл куәлік берілетін баспасөз қызметкеріне. «Бас редактор Шерхан Мұртазаев» деп қол қойылған сондай куәлік Мұратбекке де берілген-ді. Сол кісінің қарамағында жұмыс істегенін үлкен абырой санағаны білініп тұратын. Қазір қоғам қайраткері болып еліне көп қызмет жасаған Алтыншаш Жағанованың (кезінде «Жаңа фильмнің» бас редакторы болған) семьясымен қоян-қолтық араласқанын да мақтаныш тұтатын. Ол кісінің анасы Түркістанға келіп, Мұратбектің апасымен бір түн, бір күн сырласқаны да бар. Белгілі сыншы Әшірбек Сығай, сатирик Көпен Әмірбек сынды ағаларымен араласатын.

Алматыдағы сол қызметтерді тастап, 1985 жылы туған жерге оралғаны, отбасылық жағдайына байланысты еді. Сол баяғы анасына деген сүйіспеншілігі, бауырларына деген қамқорлығы.Елге оралып, Ахмет Ясауи кесенесіне ғылыми қызметкер болып орналасқанда да осы музейдің сол кездегі жай-күйін айтып, баспасөз бетінде шырылдаған жанның бірі болды. «Тайқазанды қайтару» мәселесі де сол жылдары қатты көтерілді. Мәскеу асқан Тайқазанды т.б. музей жәдігерлерін қайтаруға ықпал жасаса екен деп Мәскеуде тұратын түркістандық қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновқа әріптесі Марат Тұяқбаев екеуі хат жазғаны да осы кез. Қаланың кез келген іс-шарасы Мұратбексіз өтпейтін. Осындағы қолына қалам ұстағанның бәрі Мұратбектің айналасында жүретін. Жергілікті ақындар Өмірбай Сәуірбаев, Қаныбек Сарыбаев, Нұрмахан Назаров, Мария Мерешова, Ұлдан Жақыпова, Түгелбай Ботақараев, Елтай Бимағанбетов және т.б. қоян-қолтық араласып жүрді.

ЖАЛҒАСЫ БАР…

ТҮРКІСТАН: «…КҮННЕН КҮНГЕ МӘРТЕБЕҢ КЕЛЕДІ АРТЫП, ТҮРКІСТАН» – 2

Мұратбек Дүйсембеков! Түркістан руханиятында, қала берді Қазақ елі қаламгерлері арасында есімі елеулі еді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында кісі қызығарлықтай іс тындырып, із қалдырған Мұратбек ағамыздың өмір жолы журналистикаға келуіне себепкер болған еді.

«Гүл бағыңда мәуелі тасып толдым, Түркістан,

Бір қызыңа әдемі ғашық болдым, Түркістан.

Күннен-күнге мәртебең келеді артып, Түркістан,

Барлық жерден өзіңді көрем артық, Түркістан» деп жырлаған Мұратбек Дүйсембековтің артында қалған аяулы жары, кезінде «Коммунистік еңбектің» тілшісі болған, журналист Гүлжан Әбілдаевамен Әтіргүл Тәшімнің сыр-сұхбаттың жалғасын оқырман назарына ұсынамыз.

-…Көп жылдар мектеп директоры болған саурандық жазушы Ілияс Қожабаевты үйге ертіп келді бірде. Ымырт үйіріліп, айналаны қараңғылық басқан. Үйде жарық сөніп қалыпты. Сырттан дабырлаған дыбыс шықты. Сүрініп-қабынып, бір-бірінің қолын ұстасып кіріп келді. Менімен таныстырып, «Мықты жазушы, осы кісімен әңгімелесіп, газетке мақала жазшы. Он баласы он түрлі мамандықтың иесі. Бұл отбасынан дәрігер де, архитектор де, мектеп мұғалімі де, тіпті журналист те шыққан» дейді. Ілияс атамыздың көп балалы екеніне, ұл-қызының барлығы жоғары білімді маман екеніне риясыз қуанып тұрғанын байқағанмын сонда. Шынымен де сол жолы І.Қожабаев туралы мақала жазып, өзім қызмет істеген Түркістан қалалық «Коммунистік еңбек» газетіне шығарғаным бар.

Қызмет дегенде сол Мұратбек облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне арнайы шақырылды. Ол кезде бұл басылымға бас сұғу оңай емес еді. Түркістанда жүріп республикалық мерзімді басылымдардан мақаласы түспейтін оның үйленгеннен кейінгі тұрақты жұмыс орны осы болды. Нағыз шығармашылық ортада өзін журналист ретінде танытқан уақыты. Шымкентке көшкенде бір ұлымыз бар еді. Сосын қызымыз келді өмірге.

Анасының қасында бізден бұрын шаңырақ көтерген інісі қалды. Одан екі сәби сүйген Айна келін де өте бір инабатты, жақсы жан. Серік марқұмнан қалған сол екі қыз да бүгінде Алматыда, үлкені Жансая – PhD доктор, кішісі Жәния – банк қызметкері. Үйлі-баранды болып, аналарын алақанына салып отыр.

Жүрегі сезді ме, Шымкентте жүргенімізде Түркістанға қарай алып-ұшып тұратын. Бауыры темір торға тоғытылғанда, келін екі сәбиімен төркінге біржолата кетті. Сонымен ана байғұс жалғыз қалды деп шырылдады үлкен ұл. Университеттің ашылғаны да себеп болды. Осында қызмет істейміз деп мені сендірді. Келді. Өзі ойлағандай оқу орнының редакциялық-баспа бөлімінің меңгерушісі болды. Сол кездегі басшы Мұрат Жұрыновқа еркін кіріп, өз идеяларын айтып шығатын. Ректордан бірнеше сұхбат алып, мерзімді басылымдарға шығарды, теледидардан көрсетті. «Ясауи университеті» газетін ақпарат министрлігіне тіркетіп, куәлігін алып келді. «Хабаршы» ғылыми журналын шығару идеясы да айтыла бастаған-ды.

Бір басында бірнеше қызметтің жүгі бар еді. Белгілі жазушы Қалтай Мұхамеджанов Халықаралық «Түркістан» газетіне аттай қалап, Мұратбекті тілші етіп қабылдады, Шымкенттегі Байдулла Қонысбеков облыстық телерадио корпорациясының Түркістандағы меншікті тілшісі етті. Университет ректоры М.Жұрынов «Үлгерсең, он жұмысты да істей бер» деген.

Осылайша, «Күннен-күнге мәртебең келеді артып, Түркістан, Барлық жерден өзіңді көрем артық, Түркістан» деп жырлаған Мұратбек Дүйсембеков 1994-тің 2-қазанында жүрегіне түскен салмақтарды көтере алмады ма, өзі аузынан тастамайтын бас дәрігер Тыныбек Нышановтың (кезінде жақсы сыйласқан секілді) ауруханасында көз жұмды.

– Аққан жұлдыздай жасын ғұмыр, келте ғұмырында көп іс тындырған секілді. Артында қалған мұраларының жайы қалай болды?

– Иә, бірін айтып, біріне кетесің. 2018 жылы курстастары Шымкенттің «Бүргілігінде» бас қосты. Марқұм болғандардың жұбайларын да шақыруды ұмытпаған. Алды министр болып, ең қарапайымы бір газеттің басын ұстаған достар емес пе?! «…Көп жыл өтті. Алматымды қайтып бер!» атты 25 баспа табақтық кітап шығарыпты. Оқуға түскендеріне 40 жыл, оқуды бітіргендеріне 35 жыл толған. Алатаудың баурайын, КазГу-дің қалашығын сағынғандардың сырға толы естеліктерін оқып, бей-жәй қала алмайсың.

«Дүйсенбеков Мұратбек. Нағыз тума талант. Әдемі әжуасы, ойлы юморы, ащы сатирасын оқырмандары ұмыта қойған жоқ. Табан астынан суырып салатын өнеріне курстастары тәнті болатын. Аласа бойлы, маңдайы кереқарыс, «картөшке» мұрынның үстіне көзілдірігі ілініп тұрады. Жаңа тебіндеген мұрты бар.

Жалпы, жұлдыздар із тастап ағады. Жастай өмірден өтсе де, соңында мол әдеби мұрасы қалды. Көңілге демеу де осы». Курстастары осылай депті.

Мен қолда бар дүниелерін жинақтап, 2007 жылы бір кітабын шығарған болдым. Аз таралыммен. Ғұмырының бес жылын «Оңтүстік Қазақстанда» өткізген оның сол басылымдағы шыққан мақала, фельетон, шымшыма секілді туындылары сол газетте ғана қалды. Және ол ендігі мұрағаттың сөресінде жатқан шығар. Әзірге мұрағатқа барған ешкім жоқ.Оны аршып алу ісі қашан орындалатыны белгісіз.

Немерелері әріп танығанша шығарып үлгерермін дейтінмін. Міне, «Мұратбек» деген сөзді естісе, «ол мен ғой» дейтін Бекасылымыз бірінші сыныпқа барды. Фамилиясымен тақтаға шақырады ғой, шамасы. Айтпақшы, алтыдан асқан ол: «Мені өзімнің атамның басына апарыңдаршы» деп таң қалдырғаны бар. Әкесі ертіп алып «Құшатаға» барып келді.

«Түркістаным» деп өткен оның жүрегі де тек «елім» деп соққан еді. Өлді. Өшті. Тағы бір өкініштісі, Мұратбекпен қатарлас жүрген достарының да, сыйласқан ағаларының да қатары сиреп қалды. Бұл енді өмір заңы.

– «Орнында бар оңалар» деген сөз бар. Мұратбек ағамыздың ұрпақтары, ізін жалғаған, сөнбес шырақтары жайлы айта кетсеңіз.

– Ұлымыз – Зерек Сәтбаев университетін бітірген білікті бағдарламашы, Шымкентте қызметте. Қызымыз Зерде – Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінен кейін Түркияның Гази университетінде магистратураны және докторантураны ойдағыдай бітіріп келді. Қазір ХҚТУ-дің аға оқытушысы, PhD доктор. «Болашақ» бағдарламасы конкурсының жеңімпазы ретінде АҚШ-тың Мичиган университетінде 1 жыл тағылымдамадан өтіп келді, жуықта ғана. Ал, аталарынан аумай қалған Бекасыл мен Кемел күн санап өсіп келеді. Аллаға шүкір…

– Мұратбек аға жайлы аз-кем әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан:

Әтіргүл ТӘШІМ.