Home Білім ТҮРКІСТАН: БІЛІМГЕРДІҢ АДАЛДЫҒЫ МЕН ӘДІЛДІГІ МАҢЫЗДЫ

ТҮРКІСТАН: БІЛІМГЕРДІҢ АДАЛДЫҒЫ МЕН ӘДІЛДІГІ МАҢЫЗДЫ

Адалдық пен әділдік, заң үстемдігі мәселесі қоғамдық ғылым саласында, құқық философиясында өзекті тақырыптардың бірі. 

Дегенмен, адалдық пен әділдіктің, заңның қозғаушы күші, қуаты не деген сауалдардың да шешімі оп-оңай табыла кетпейді.

Адамзатты бала күннен бастап әділдікке, жақсылыққа үйрету керек, идеология деген мәселе өте маңызды деп жатамыз. Бірақ, саналы адам өз баласын әдепсіз болсын, ат жалын тартып мінген уақытта озбыр, ынсапсыз, мейірімсіз атансын, елдің наласына қалсын, заң бұзсын деп тәрбиелемейтіні тағы белгілі. 

Хакім Абай «Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» дейді. Яғни басты құндылық шен алу емес, білім үйрену екенін айтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Түркістанда өткен ұлттық Құрылтайда «Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттердің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады» деді. Сол арқылы Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құратынын баса айтты. 

Мәселен, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде халықтың 99%-дан  астамы сауатты, ал, интернет жүйесінен алынған кейбір мәлімет бойынша жұмыс істейтін азаматтардың 92,4%-ның кәсіби білімі бар, олардың 40,5%-ында жоғары оқу орындарының дипломы бары көрсетілген. 

Сонымен қатар, елімізде мемлекеттік қызметшілердің 93%-дан астамы жоғары білімді. 2017-2021 жылдар аралығында «Болашақ» бағдарламасымен бітірген түлектердің саны 6%-ға, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алғандар – 20%-ға, шетелдік жоғары оқу орындарын аяқтаған қызметшілердің саны 2 есеге ұлғайған.

Десе де, жалпы қоғамның әртүрлі саласында еңбек етіп жүрген азаматтар арасында түрлі әкімшілік, қылмыстық, тәртіптік жауапкершілікке тартылғандардың да, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығып жатқандардың бар екенін жоққа шығара алмаймыз.

Сонда, мемлекеттік қызметте жүрген кейбір адамдардың жоғары білімдері болуына қарамастан әртүрлі заң бұзушылықтарға баратындары, әдеп кодексін сақтамайтындары, сыбайлас жемқорлыққа жол беретіндердің кездесуі, білім қуатының адамды тәрбиелеудегі күшінің жеткіліксіздігінен болса керек. 

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «елге қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дейтіні осыған келіп саятындай.

Бүгінгі таңда жалпы республика бойынша мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдеп нормаларын бұзу, әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылу деректері азайып келе жатқаны қуантады. Мысалы, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің жанындағы Әдеп кеңесінде 2020 жылы – 65, 2021 жылы – 59, 2022 жылы 39 тәртіптік іс қаралып, әдеп нормаларын бұзу дерегі 2022 жылы 14%-ға азайған. Ал, Әдеп кеңесінде қаралатын мәселелердің 50%-ға жуығы профилактикалық мәселелерге арналып отыр.

Осы орайда, мемлекеттік қызметшілер тарапынан заңнаманың, Әдеп кодексі нормаларының бұзылуына жол бермеу үшін агенттіктің профилактикалық жұмыстарды күшейтіп отырғанын айта кетуге болады. Оның ішінде Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында, оның облыстардағы филиалдарында әдеп семинарларын ұйымдастыру қолға алынған. Бұдан бөлек, агенттіктің аумақтық департаменттері аудан, ауыл деңгейінде мемлекеттік қызметшілермен, қоғам белсенділерімен кездесулерді тұрақты өткізуде.

Бүгінде мемлекеттік қызметте өз ісіне адал, әдептен озбайтын, отаншыл, сыбайлас жемқорлыққа ойымен де, ісімен де қарсы азаматтардың көп екеніне күмәнданбаймыз. Мәселе – сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттік қызметшілер арасында кездесуін болдырмау және адалдық пен әділдіктің, қарапайымдылықтың негізгі құндылыққа айналуы үшін қандай идея, қандай қуат керек екендігінде. Мәселе тек қатаң жазалаумен шешілсе, жазаның ең ауыр түрі бар елдерде қылмыс атаулы мүлде болмаған болар еді.

Аталған сауал Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анық» шығармасы мен шағын ғана «Ұждан» атты әңгімесін оқып отырғанда  сананы мазалай бастады.

Расында күрделі сауал.

Шәкәрім атамыз «Үш анық» шығармасында ынсап, әділет, мейірім қосылып «ұжданды» құрайтынын айтады. 

Егер осы ұжданды құрайтын үш ұғымға зер салсақ, ынсап – қанағатшылдықты көрсетсе, әділет – адалдық пен шыншылдықты, мейірім – адамға, еліңе деген сүйіспеншілікті бейнелейді.

Демек, ұждан адамның  жасаған жақсылығы мен тигізген залалын тізіп тұратын, санадан өшпейтін ішкі дауыс, адамның өзгеден жасырғанымен өзіне әрдайым белгілі  болып тұратын істері, әрекеті.

Ұжданға нанбаған кісі өзінің жасаған қиянатының ізін білдірмеудің айласын тауып, өзін алдап өмір сүрсе керек.

Тілімізде «күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылу» деген тіркес бар. Оны ішкі дауыстың айқайы, оның істеген ісі үшін жоғарыда айтқан ұжданның мазалауы ретінде қабылдасақ қателеспейміз. 

Шәкәрім қажының екі дүниеге де керекті іс ұждан дейтіні де осыдан.

Ойшылдың «Ұждан» дейтін еңбегі арқылы бүтін бір қауымның ұйқысыздық дертіне шалдығып, оның емін табудағы ізденісін суреттеудегі шеберлігіне таң қалмасқа амалың жоқ.

Бұл әңгімесінде ойшыл ұжданның адамға ұйқы бермейтінін, ұйқыдан айырылу дерті қаншалықты қиын екенін суреттей келе, ұждан мазалаған қауымның байы мен кедейінің ұйқысы қашып, тыныштығы бұзылатынын, ұйқысыздықтан өлетін болдым деген бай мен кедейдің ішкі арпалысын баяндайды.

Тіпті, ел ішіне ұйқысыздық дертінен бай ақылынан адасып, жынданып кетіп, жинаған мал-мүлкін таратып бермекші екен деген әңгіме тарай бастайды.

Шәкәрім қажы бұл еңбегінде заң жазып, әркімнің не істейтінін, нені істемейтінін қағазға түсіру арқылы және халыққа сол заңды түсіндіріп, оқыту, заңмен өмір сүру нәтижесінде ғана адамға маза бермейтін ұжданның жалғыз емін табуға болатынын көрсетеді. 

Заңмен өмір сүргенде ғана ұждан ұйқыңды бұзғанына қарамастан, «не жасасам да заң жолымен жасадым» деп ұйқысыздық дертінен айығуға болатынын түсіндіреді. 

Шағын әңгіменің арқауы болған ұждан адамды заңмен өмір сүруге бастайтын қуатқа айналып отыр. 

Ел Президентінің де «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген халық даналығындағы мазмұнды сөзге тоқталуынан ұждан қуатын айтып отырғанын түсінуге болады. 

ХХ ғасырдың алғашқы жартысында-ақ, Шәкәрім Құдайбердіұлы «Ұждан» әңгімесі арқылы артық байлық жинауға заңмен шектеу қойылғанын, әр адам малын сақтауға міндетті екенін, яғни меншік иесі болатынын, мүлікті мирасқорлықпен беру қажеттігін, ысырап қылу заңға қарсылық болатынын әдемі ишаралайды. 

Бұл әңгімеде ұжданның өмірді өзгертетін қуаты терең сыр болып айтылады.

Ұждан, «совесть» жанның тілегі екеніне нанған кісі қиянат қылғанына қатты кейіп, жақсылық қылғанына жете қуанса керек. Ұжданға нана алмаған кісінің жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір жол, заң тазарта алмайтынын айтқан ойшыл адам бойында сенімнің болуы ұжданға бастайтын жол екенін санаға құяды.  

Заңның қуаты және әдепке бастайтын жол – білім, ғылым, өнер ғана емес, ұждан екенін тамаша түсіндірген Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармасының өзегін саралай келе, әр азамат өз ісінде ұжданға бағынса, әділет пен ынсап, мейірімді өміріне арқау етсе, ешқашан заң бұзуға бармайтынына көз жеткіземіз.

Заң қуаты, әділдік пен адалдықтың негізі – ұждан деген ой осыдан шығады. 

Өркен БАЛАЖАНОВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Түркістан облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.