Home Білім ТҮРКІСТАН: БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА

ТҮРКІСТАН: БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі заңға қол қойды. Біріншісі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы», екіншісі – «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы.

Бұл заңға Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату жөніндегі тапсырмасы негізін болған еді. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кеткеніне алаңдайтынын білдірген болатын.

«Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керек. Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Тағы да ескертемін, біз қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады. Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет», -деді Президент Қ.Тоқаев.

Жаңа заң қабылданғаннан кейін еліміздің құқық қорғау органдарына бірқатар міндет жүктеледі. Сонымен заң күшіне енгеннен кейін әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғау барынша күшейтіледі, балаларды жыныстық зорлық-зомбылықтан қорғау шаралары күшейтіледі, өз-өзіне қол жұмсау және жыныстық зорлық-зомбылық жағдайлары азайтылады, қиын өмірлік жағдайларға тап болған отбасылардың жағдайы жақсарады, арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы жақсарады, неке және отбасы институты нығайтылады деп күтіледі.

Осы ретте, жуырда  Түркістан облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының кезекті мәжілісі өтті.

-Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында балаларға жағдай жасау, олардың сапалы білім алуына қолдау көрсету туралы үнемі айтып келеді. Бүгінгі бала – елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Айта кетейік, облыс халқының 38%-ы балалар, олардың 155-мыңнан астамы балабақшада, 520 мыңы мектепте білім алуда. Бұл республикадағы ең үлкен көрсеткіш. Өңірде балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасалуда. Балабақша, мектеп, « Оқушылар сарайы », түрлі өнер және спорт үйірмелері жұмыс істеп тұр. Балаларға жағдай жасаумен қатар олардың құқығын қорғап, құрметпен қарауымыз қажет. Өкінішке орай, балалар құқығы мен қауіпсіздігі  қоғамдық орындарда ғана емес, өз отбасында да құқығы тапталып жатады, деді жиынға төрағалық еткен облыс әкімі Д.Сатыбалды.

Әрбір бала өз отбасында тәрбиеленіп, өсуге құқылы. Баланың өз ата-анасының отбасында және өзге де туысқандарымен тұруына, олармен қарым-қатынас жасауға қақысы бар. Осы мәселеге қатысты  Түркістан облысында бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 180 қолайсыз отбасы ішкі істер органның есебіне алынды. Бұл туралы жуырда кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында талқыланды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев төрағалық еткен жиынға Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Б.Ахметов, ТО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Б. Айтбаев, Облыстық Білім беру  басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ж.Маханбетовтің және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары С. Жабағиева қатысты.

– Балалардың құқығын қорғау, олардың қауіпсіздігін сақтау, алаңсыз білім алуларына бәріміз жауаптымыз. Бұл ретте, әсіресе, ата-аналардың қосар үлесі мен жауапкершілігі айрықша. Полиция өкілдері атап өткендей, қылмысты көбінесе бақылаусыз қалған балалар жасайды. Мектептерде де профилактикалық жұмыстарды жандандыру керек. Осы комиссия мүшелері өз құзіреті шеңберінде жауапкершілікпен жұмыс істеуі тиіс. Балалардың спорт, өнер үйірмелеріне, мектептердегі қосымша үйірмелерге қатысуына жағдай жасалуда. Сол жұмыстарды жанашырлықпен, адалдықпен үйлестіру де маңызды. Балалар арасында қылмысты, балаларға қатысты құқықбұзушылықтарды азайту үшін олардың бос уақытын тиімді дүниелермен толықтырған жөн, – деген Бейсен Дәулетұлы жауапты басқарма басшылығы мен сала мамандарына тапсырмалар жүктеді.

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында «Құқықтық тәртіп», «Жасөспірім» және «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шаралары өткізілді. Нәтижесінде 180 қолайсыз отбасы анықталып, 228 кәмелетке толмаған баламен профилактикалық жұмыс жүргізілген. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 39 жасөспірім орналастырылды, түнгі уақытта ойын — сауық орындарында 104 кәмелетке толмаған бала анықталған. Кәмелет жасына толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол берген 42 мекеме иелері жауапкершілікке тартылған. Бүгінде 2 мыңнан астам бала түн ішінде бейсауыт жүру барысында ұсталып, ата-аналарымен тиісті жұмыс жүргізілді. Комиссия отырысына онлайн режимде қатысқан аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен білім бөлімінің басшыларына балалар тәрбиесіне қатысты нақты тапсырмалар берілді.

Облыста ата-аналармен кездесу айлығы басталды. Бір ай бойы арнайы топ барлық ауданда ата-аналармен кездесу өткізеді. Облыс әкімінің орынбасары полицияның түнгі рейдтеріне комиссия мүшелеріне де бірге шығуды тапсырды.

Биыл бірінші тоқсанда кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар өсіп, 44-ке жеткен. Ол қылмыстарға кәмелеттік жасқа толмаған 38 бала қатысқан. Қылмыстың 41 пайызы – бөтеннің мүлкін ұрлау. Саралау нәтижесі көрсеткендей, қылмыс жасаған кәмелетке толмағандардың ата-аналары жұмыссыз, әлеуметтік жағдайлары нашар отбасылар немесе толық емес отбасынан шыққан жасөспірімдер. Сондықтан ата-аналардың жауапкершілігін және әлеуметтік жағдайын көтеру де маңызды. Тәртіп сақшылары «білім беру мекемелері құқықбұзушылыққа бейім оқушылар анықталған жағдайда, тізімдерін жасырмай, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларына ұсынып отырса», деген ұсыныстарын айтты. Осы арқылы қылмыстың алдын алуға болады.

Кәмелетке толмағандарға қарсы құқықбұзушылықтар да тіркелген. Жыныстық сипаттағы әрекеттер, бұзақылық, тонау және өзге де іс-әрекеттер байқалған. Қылмыстарды жасаушылар арасында жақын адамдар да кездесетіндіктен кейбір ата-аналар бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарламайды. Сол себепті қылмыстарды дәлелдеуде қиындықтар кездеседі.

Зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларды тұрақты зерделеп, тиісті көмек көрсету үшін облыстық прокуратурамен бірге «Саналы болашақ» платформасы іске қосылады. Құзырлы мемлекеттік органдар аталған платформа арқылы тиісті мәліметтерге қол жеткізіп, прокуратура, ішкі істер, білім, денсаулық басқармалары бірлесе әрекет етеді. Сонымен бірге аудандарға психологтар тобы аттанып, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының қолдауымен «Бестерек» жобасын жүргізеді. Бұл бағытта қылмысқа, суицидке бейім немесе зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар анықталады.

Жиында ерте жүктіліктің алдын алу, балалардың денсаулығын сақтау, оқушыларға психологиялық көмек көрсету мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жандандыру тапсырылды. Балардың қауіпсіздігін сақтау, төтенше жағдайлардан мәселен өрттен қорғау, сәбилерді қараусыз қалдырмау, суға кету деректерін азайту бойынша алдын ала профилактикалық іс-шараларды сапалы атқару керектігі айтылды. Балаларға жолда жүру, тауға шығу, суға түсу ережелері тұрақты түсіндірілуі керек.