Home Білім ТҮРКІСТАН: «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 63 МЕКТЕП САЛУ ЖОСПАРЛАНҒАН

ТҮРКІСТАН: «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 63 МЕКТЕП САЛУ ЖОСПАРЛАНҒАН

Түркістан облысындағы үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешу мақсатында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында заманауи мектептер бой көтеруде. 2025 жылға дейін 49 мың бала білім алатын 63 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Жайлы мектептердің құрылысы Сауран ауданында да жүріп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен салынатын бұл білім ұялары өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін түбегейлі шешуге серпін береді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына жұмыс сапарымен барып, білім ұясының құрылыс барысын бақылады. Мердігерлермен кездесіп, нақты тапсырмалар міндеттеді. Сапаны қатаң бақылап, ғимаратты мерзімінде тапсыруды ескертті.

Сауран ауданы, Иассы ауылдық округі, Еңбекші Дихан елді мекенінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен 600 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы жүруде. Құрылыс жұмыстарын «Ныш-Ер» ЖШС 2023 жылдың тамыз айында бастады. Жаңа ғимаратты биыл білім күніне дейін тапсыру көзделген. Жоба құны – 4,267 млн теңге. Жалпы ауданы 2,8 гектар жерді құрайды. Ал, ғимараттың жалпы ауданы – 8 419,71 м2.

Сауран ауданында жалпы 53 мектеп жұмыс бар. Оқушылар саны 25 мыңнан асады. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында ауданда 5 мектеп жоспарланып, үшеуінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Оранғай ауылдық округінен 150 орындық жаңа мектеп құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер есебінен 5 мектептің құрылысы жүруде.

Айта кетейік, аталған ауқымды құрылысқа байланысты облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ұлттық жобаны жүзеге асыру жөніндегі алгоритм әзірленген болатын. Алгоритмге сәйкес облыс көлемінде арнайы жұмыс тобы құрылып, құрамына облыс әкімінің орынбасарлары, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері, басқарма басшылары, депутаттар, білім саласы және инфрақұрылымға қатысты мекеме өкілдері енгізілді. Жұмысшы топтың отырысы айына кемінде 1 рет өткізіліп, өзекті мәселелер талқыланып жатыр. Әрбір білім ұясының құрылысы қатаң бақылауға алынады. Инфрақұрылымы, инженерлік жүйелері, жері, суы мен газы, электр жүйесі, жалпы әрбір өзекті мәселесін шешу жолдары жоспарланып, нақты жұмыс жүріп жатыр.Оқушылардың саны зерделеніп, қауіпсіздігі де басты назарға алынған. Сонымен бірге мектептердің жобасы, қолданылатын құрылыс материалдары мен жиһаздары бойынша да ортақ стандарт қабылданған. Ол мердігерлерге ұсынылды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің (жобалық қуаттылығы – 57300 орын) құрылысын салу жоспарланған. Оның ішінде, 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 16 мектеп, 900 орындық 17 мектеп, 1200 орындық 8 мектеп, 1500 орындық 5 мектеп, 2000 орындық 6 мектеп салынбақ. Ал 2024 жылы жалпы 29 мектептің, 2025 жылы 34 мектептің құрылысын аяқтау межеленген. Білім нысандарының құрылысы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ бірыңғай операторы арқылы жүзеге асырылады.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы алдымен Мемлекет басшысының Жолдауында айтылды.  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» делінген Жолдауда.

Президенттің төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесте қаралған «Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасын іске асыру мәселесі бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды салаға жауапты басшылардың басын қосып, нақты тапсырмалар берген. Жаңа үлгідегі мектептер салу үшін жер телімдерін бөлу, инженерлік жүйелерін жүргізу, педагогтермен қамту және уақытында құрылысын аяқтау сынды тапсырмалар міндеттелді. Осы арқылы үш ауысымды, апатты, ескірген мектептер санын жою жоспарға қойылған. Сондай-ақ, аталған нысандарға қажетті жерді, инфрақұрылымды, газ, электр, су мәселелерін жедел шешіп, құрылысқа дайындықты бастау жөнінде тапсырма берген болатын.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын айтты.

«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айыр­машылығын едәуір азайтады. Жалпы мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жолдауда айтылған мәселелер жүзеге асуы үшін тиісті жұмыс жасалуда. Осыған орай жақында  Үкімет «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын мақұлдады. Бұл жобаның аясында 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарты бойынша 840 мың орынға шақталған мектеп салу көзделген. Осы жұмыстар нәтижелі іске асса, мұғалім тапшылығы мен апатттық жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептер мәселесі шешіледі деп күтілуде.

Республика Премьер-Министрінің төраға­лығымен өткен Үкімет оты­ры­сында «Жайлы мектеп» ұлттық жоба­сын іске асыру мен көші-қон саясатын жүр­гізу мәселелері қаралды.

Онда Премьер-Министр 2023-2025 жыл­дары елімізде 401 жайлы мектеп салу жоспарланғанын айт­ты. Сонымен қатар оқу-ағарту ми­нистрлігіне мүд­делі мемлекеттік органдармен және әкім­діктермен бірлесіп, жобадағы іс-шара­лардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

– Біздің басты міндетіміз – бала­бақшадан бастап, білім бе­ру­дің барлық деңгейінде халық­тың сапалы білімге қол жет­кізуін қамтамасыз ету. Бұл ба­ғытта ауқымды жұмыстар жүр­гізілуде. 2021 жылдан бері 674 балабақша ашылды. 326 жаңа мектеп пайдалануға бе­рілді. Сондай-ақ 1436 мектеп жаң­ғыртылды. Жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 4 фи­лиалы ашыл­ды. Инновациялық бағыттар бойынша шетелдерден 400 оқы­тушы тар­тылды. Жалпы білім беру сапасын жақсарту бойынша жүйелі шаралар іске асырылып келеді, – деді.

Үкімет басшысының сөзіне сүйенсек, жастарды кәсіптік-техникалық біліммен қамту үшін бюджеттен мемлекеттік тап­сы­рыс бойынша қосымша 45 мың орын бөлінген. Еңбек нарығының сұранысына сай кадр даярлау үшін 500-ге жуық кәсіп­орын кол­ледждерді қамқорлыққа алған. Яғни өңірлерде жобаны жү­зеге асыру бойынша жұмыстар басталып кеткен. Демек, «Жайлы мектеп» жобасы – бала­лар­дың мәселесін түпкілікті шешеді де­генге сенім бар.

Ұлттық білім беру жүйесіндегі страте­гиялық бағыт, қағидалар мен тұжырымдар, кешегісі, бүгінгісі және ертеңгі мақсаты – ұрпақ үшін қасиетті қазына.

– Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесте 2023 жылы басталуы тиіс мектептер үшін жер учаскесін бөлу және қажетті инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселені бір ай ішінде шешуге тапсырма берді. Мәселенің маңыздылығын ескере отырып, барлық аудан, қала басшыларына шұғыл түрде жаңа мектептердің жер телімін заңдастыруды тапсырамын. Екіншіден, құрылысы кешеуілдеп жатқан білім ұяларын қадағалауға алып, жұмысын жандандырыңыздар. Әрбір мердігер мектептерді уақтылы әрі сапалы тапсырулары керек. Сонымен бірге білім сапасын арттыру мәселесі де назарда тұруы тиіс,– деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында осы мақсатта 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи пән кабинеттерімен, зертханалармен толық қамтамасыз етіледі. Түркістан облысында 900, 1200 және 2000 оқушы орындық мектептер салу жоспарланған. Бекітілген 86 мектепте 60 мыңнан астам баланың білім алуына барлық мүмкіндік жасалады. Жобаның мақсаты – қалалар мен қарқынды дамып келе жатқан (перспективалы) елді мекендерде жаңа үлгідегі, бірыңғай стандарттағы жабдықталған мектептер салу. Оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және  білім беру қызметінің сапасын арттыру.

Түркістан облысында жалпы 983 (оның ішінде 75 жекеменшік) мектеп бар. Соңғы жылдары 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді, ал қазір 59 мектеп салынып жатыр. Түркістан облысында жалпы орта білім беретін 910 (10 жеке меншік) ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 97 бастауыш, 57 негізгі, 756 орта мектеп. 78 қалада, 832-ауылдық елді мекендерде орналасқан.