Home Білім ТҮРКІСТАН: ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАРСАҢЫНДА ЖАҢА МЕКТЕПТЕР АШЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН: ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАРСАҢЫНДА ЖАҢА МЕКТЕПТЕР АШЫЛДЫ

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Сайрам ауданы, Манкент ауылдық округіндегі “Айнабұлақ” негізгі орта мектебі ел игілігіне пайдалануға берілді. 600 орынға шақталған білім ұясы облыстық бюджет есебінен салынды.

Білім ордасының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды қос мерекемен құттықтап, ұстаздар мен оқушыларға сәттілік тіледі.

Оқу ғимараты 3 қабаттан тұрады. Заманауи үлгіде салынып, материалдық-техникалық базасы талапқа сай жабдықталған. Мектепте

асхана, оқу және зертхана бөлмелері, спорт залдары соңғы үлгіде жасалған. Ұлдар мен қыздарға арналған шеберханасы мен арнайы дәрігерлік кабинет қарастырылған. Информатика мен робототехника сыныптары ба бар.

Сондай-ақ, Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы, Сауран ауданында жаңа мектеп есігін айқара ашты. Нысан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған. Еңбекші диқан ауылында орналасқан білім ордасы 600 орынға шақталған.

Мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, оқушылар мен ұстаздар қауымын құттықтады. Өңір басшысы оқушыларға оқуда озат болуын тілеп, ұлттық жобаның маңыздылығына тоқталып өтті.

«Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінгі таңда елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданып, заманауи, озық үлгідегі білім ошақтары салынуда. Бұл бастама апатты және үш ауысымдық мектептер мәселесін шешіп, оқушы орындарының тапшылығын жояды. Биыл облысымызда жалпы қуаттылығы 17800 орынды құрайтын 29 жайлы мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Біз білім саласына қолдауды жалғастырамыз», деді Дархан Сатыбалды.

Оқу ұясының жабдықталуы мен қауіпсіздік деңгейі заман талабына жауап береді. Бастама еліміздегі апаттық, үш ауысымды мектептер мен орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Білім ордасы жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынды. Мектеп физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталған.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысында 50 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтерген. Бұған дейін де осы жоба арқылы Түркістанда бір мектеп тапсырылған.Бүгінде білім беру сапасы мен оқыту қызметінің тиімділігін бағалау және бақылау бойынша облыс мектептерін тиімділігі жоғары, орташа тиімді және тиімділігі төмен санаттарға іріктеу жұмыстары жүргізілуде.

«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде  өңірімізде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орынды 63 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Биыл 29 мектеп (жалпы жобалық қуаттылығы 22 900 орын) пайдалануға берілсе, келер жылы тағы да 34 мектеп (36 100 орын) пайдалануға берілмек.

Сонымен қатар, облыстағы мектеп тапшылығын шешуге жеке кәсіпкерлер де ниет білдіруде. Өңірімізде алты мыңнан астам оқушыға орын жетіспейді. Жеке кәсіпкерлер 2024-2026 жылдары облыста орын тапшылығын, апат алдындағы (саман, каркас, кірпіш), үш ауысымды мектептердің мәселесін жою және ғимараты ыңғайластырылған мектептердің орнына 23 мектептің құрылысын жүргізуді (жаңа мектептің құрылысы немесе қосымша оқу корпустарын салу) қолға алды.

Заманауи жабдықталған кабинет – оқушының сапалы білім алуына көмек берері сөзсіз.  Мемлекет басшысының білім ұйымдарын заманауи стандарттар бойынша жасақтау жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында былтыр 240 пәндік кабинетке облыстық бюджеттен қаржы қаралып (64 физика, 48  химия,  64 биология, 64 STEАM), мектептердегі мұндай арнайы кабинеттердің саны  1565-ке жетті. Сондай-ақ, биыл 305  пәндік кабинетке облыстық бюджеттен қаржы қаралып (61  физика, 61  химия, 61  биология, 61  STEAM, 61 робототехника), конкурстық шаралар басталды. Бұл бастама келер жылы да жалғасын табады. Нақтырақ айтсақ, 220  пәндік  кабинет (44 физика, 44  химия, 44  биология, 44 STEAM, 44 робототехника) жасақтау жоспарлануда.

Облыстағы орта білім ұйымдарында 64 983 педагог қызмет етеді. Олардың 2 447-сі магистратура, 59 538-і жоғары оқу орнын, 887-сі техникалық және кәсіптік оқу орындарын бітіргендер. Педагогтардың 65,2 пайызының тиісті санаттары бар.

Ал, мектепке дейінгі ұйымдарда 13701 педагог жұмыс істейді. Олардың 128-і магистратура, 8080-і жоғары оқу орнын бітіргендер, 3014-і мектепке дейінгі жоғары білімі бар, 2032-і техникалық және кәсіптік орта білім беру ұйымдарын бітіргендер. Балабақшаларда  11 педагог-шебер, 60 педагог-зерттеуші,  121 педагог-сарапшы, 306 педагог-модератор еңбек етеді.Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігінің білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы жобасына өңірдің 26 педагогы қатысып, бүгінде олардың 17-сі конкурссыз мектеп директоры лауазымына тағайындалды (9-ы тұрғылықты жерлері алшақта болуына байланысты бас тартты).

Осы жылы жобаға 568 үміткердің біліктілік талаптарға сәйкестігі қаралып, іріктеу жұмыстары жүргізілуде. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынып жатқан жаңа мектептерді білікті басшылармен қамтамасыз ету ең бастысы, жаңа үлгідегі көшбасшылардың кадрлық резервін, білім берудегі өзгерістің көшбасшыларын қалыптастыруға ықпал етеді.Педагогтарды аттестаттаудың жаңа ережелері бойынша  Өрлеу біліктілікті арттыру орталығымен бірлесіп түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілді. Облыс бойынша бес тестілеу пункті (Түркістан, Созақ, Сайрам, Сарыағаш, Жетісай) жұмыс істейді. Қазіргі таңда педагогтардың  83%-ы тестілеуге тіркелді. Өңірде білікті мектеп директорларының ортасын құруға бағытталған «Көшбасшы» өңірлік мектеп директорлар ассоциациясы мен «Жас көшбасшы» жаңадан тағайындалған директорлар мектебі құрылды.