Home Әлеумет «ТІЛ ТУРАЛЫ ЕҢ МЫҚТЫ ЗАҢ – ФРАНЦИЯНІКІ, АЛ ПОСТКЕҢЕСТІК КЕҢІСТІКТЕ – ГРУЗИЯНІКІ»

«ТІЛ ТУРАЛЫ ЕҢ МЫҚТЫ ЗАҢ – ФРАНЦИЯНІКІ, АЛ ПОСТКЕҢЕСТІК КЕҢІСТІКТЕ – ГРУЗИЯНІКІ»

Қазақ әліпбиі, мемлекеттік тіл мәселесі ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі екені жасырын емес. Ең қиыны «аққу көкке, шортан көлге, шаян шөлге» тартып, әркім тек өз сөзін сөйлеп, өзгенің пікіріне құлақ аспайтын болып алды ма деген қауіп қылаң беріп қалып жүр. Ендеше, мұндай күрделі мәселеде нақты соңғы сөзді кім айтуы керек деген ой да көпшіліктің көкейінде тұратыны рас. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөздің жетегімен, тіл туралы іргелі зерттеулер жүргізіп жүрген мекеме басшысы, латыннегізді қазақ әліпбиі туралы бірнеше пікірсайыстарда соңғы жобаны ұсынып, оның оңы мен солын ажыратып беріп жүрген маман, филология ғылымының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанмен сұхбаттасқан едік.

Әліпбиге әркімнің-ақ бар таласы…

– Латыннегізді қазақ әліпбиінің дауы әлі де тоқтар емес. Бұл дау ұзаққа созылып, ақыр соңында әліпбисіз қаламыз ба деген қауіп байқалмай ма?

– Осы бір күдік, шынында да, көп адамды мазалайды. Бұл бекер емес. Қоғам қатты алаңдайды. Ол ненің көрінісі? Ол қазақ қоғамы латыннегізді қазақ әліпбиін қоғамдық сананың жаңғыруы ретінде күтіп жүргенінің белгісі. Ұлттық сананың жаңғыруының көрінісі. Ол ұлттық бірегейліктің тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта біршама нығайғанының бір дәлелі. Бұл, бір жағынан, бізді қуантады. Бірақ күдік бізде де бар. Себебін жасырмай айтуға тура келеді. 2019 жылдың қазанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әліпбиді ғалымдар жетілдірсін» деген тапсырма берді. Сол кезде қатты қуандық. Алдында да ғалымдар процеске араласып жүр еді, тіпті оны бастаған да ғалымдар ғой. 1991 жылдан бері көтеріп, айтып жүр. Қоғамның көзқарасын өзгерту оңай шаруа емес. Отыз жыл бойы қоғамның көз­­қарасын эволюциялық жолмен өзгертуде тіл­танушы ғалымдар зор еңбек сіңірді десем, артық болмас.

Енді біз неден қауіптенеміз?

«Әліпбиді ғалымдар жасасын» дегеннен кейін ғалымдар барын салып, бұл шаруаға білек сыбанып кірісті десем, ол да өтірік емес. Қаншама тал­қы­лаулардан өткіздік. Әліпби ісінде екі бағытта жұмыс істедік. Бірінші, таза теория­лық бағытта. Әлемдегі латынды қолданған тәжірибелерді саралап, зерттедік. Өзіміздің де қоржынымыз бос емес, толы. Қазақ тілтанымындағы жазу мәселесін зерттейтін, әлем лингвистикасымен деңгейлес сала грамматология саласы, жазу теориясы немесе жазу кодификациясы дейді. Осы мәселеде кенжелеп қалып отырған жоқпыз. Керісінше, түркітілдес елдер ішінде мектебіміз бар екенін мақтанып айта аламын. Оның басында Ахмет Байтұрсынұлы тұрса, бертінде тілтанымды лайықты түрде дамытқан Рәбиға Сыздықова бар. Осы күні кирилл әліпбиімен жазып-сызуда қазақ жастары, ересектері қате жібермейді.

Оны мен арнайы гранттық жоба аясында зерттегенмін. Жастардың фонологиялық ойлау деңгейі деген жоба. Абай атындағы Қазақ педагогикалық ұлттық университетінің 450 студентінен диктант алдық. Қазақ тілінде жазылған диктанттың сауаттылығы орыс тілінде алынған диктанттан әлдеқайда жоғары болып шықты. Ол ненің көрінісі? Ол Рәбиға апайларымыз қалыптастырып кеткен қазақ жазу теориясының, қазақ жазу кодификациясының (әріптерді таңбалау, емле ережелері, орфографиялық сөздікке сүйеніп жазу) дұрыс қалыптасқаны дер едім. Иә, бірлі-жарым мәселе бар да шығар.

Хош, Президентіміз тапсырғаннан кейін, халқымыз күтіп отырған соң, өзіміз 1991 жылдан бері бастамашы болып келе жатқандықтан, бұл істі үлкен жауапкершілікпен атқарып шықтық. Алайда жазудың екінші жағы бар. Ол – жазудың практикалық жағы. Математика, химия, физика ғылымын мысалға алайық. Сол салада ойлап табылған ғылыми өнім жұртшылықтың талқысына түсе алмайды да, талқыланбайды да. Ал жазу жалпақ жұртшылықтың талқысына түсуі де, талқылануы да керек. Әліпби мен емле ғылыми ойдың өнімі бола тұра, ол халықтың игілігіне жұмсалатын құрал. Профессор Құралай Күдеринова әліпбиді «жазу индустриясының өнімі» дейді. Сондықтан әліпби қолына қалам ұстаған бес жасар баладан бастап, зейнетке шыққан қарияға дейінгі тұтас халықтың ортақ құралы. Сондықтан халық ол әліпбиді қабылдауы, түсінуі, жазып-сызудың ыңғайлы екенін мойындауы керек. Бәлкім, сіз жасаған дүние теориялық тұрғыдан әбден икемді, дұрыс болып көрінер, ал қолданыста ол жарамай қалуы да мүмкін.

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, бізде әліпбиге әркімнің де таласы бар болып отырғаны да осы себепті болса керек. Осындай жағдайда біз не істедік? Барлық ұсыныстарға жауап беруге тырыстық. Қазақ қоғамы өз тілінің, ұлтының тағдырына бейжай қарамайтынын ұғып, қуандық. Сол үшін әрбір ұсынысқа жауап беруге ұмтылдық. Бесінші сыныптың оқушысынан бастап тоқсанға келген қарияларымызға дейін өз жобаларын тоқтамай ұсынды. Әлі күнге дейін ұсынып жатыр. Солардың барлығына сараптама жасап, ғалымдарымыз жауап беріп отыр. Ол кісілер бізге хатпен жазса, хатпен, БАҚ арқылы шықса, БАҚ арқылы, әлеуметтік желілерде парақшалар ашып, сонда келіп түскен сұрақтарға да шама-шарқымызша жауап беріп отырмыз.

Қоғамда «Ғалымдардың көзқарасы ортақ болмайынша, әліпби бекімейді» деген көзқарас қалыптасқаны бізді қынжылтады. Бұл уто­пиялық көзқарас. Ғалымдардың бір ғана ойды қуаттағанын қашан көрдіңіз? Ғалым жүрген жерде бір ғана ой, бір ғана идея, бір ғана өнім болмайды. Ғалым жүрген жерде ой, идея алуан түрлі болады. Ол сонысымен ізденіс ортасы. Сондықтан «ғалымдар бірауызды болмайынша әліпби бекімейді» деген көзқарастан арылуымыз керек. Бұлай ойласақ, шынымен де, әліпби бекімейді. Талас-тартыс тоқтамайды, оны мойындайық. Ал соңғы, жетілдірілген әліпби ­жобасы ғалымдардың жетпіс пайыздан астамының қолдауымен жоғары жаққа кетіп отыр. Табан тірейтін мәселе осы. ҚР Үкіметі жанынан Ұлттық комиссия құрылды. Ұлттық комиссия төрт жұмыс тобы арқылы бұл мәселелерді реттеді.

Төрт жұмыс тобының құрамындағы барлық мамандардың жетпіс пайыздан астамы осы жоба дұрыс деп қол қойды. Келіспеген өзге жиырмадан аса пайыз ғалымдардың көзқарасы алуан түрлі. «Сіздердің әліпбидің кейбір таңбаларына қатысты ұсыныс айтып жүрген беделді ғалымдар да бар ғой» дейді. Иә, беделді ғалымдар да бар. Профессор Әлімхан Жүнісбек, профессор Ерден Қажыбек. Екеуі де біздің институттың беделді мамандары. Екеуі де жеке ғалым ретінде, осы латын туралы пікір білдіріп жүрген маман-ғалым ретінде де танымал тұлғалар. Көпшілік қолдауымен ұсынылған нұсқаны негіздеушілер ішінде де беделді тұлғалардың бар екенін, олардың саны неғұрлым көп екенін ұмытпайық.

Тіл ғылымының әр саласының маманы жазудан өз дүниесін іздейді. Ол факті. Жазудан фонетист дыбыстары мен фонемаларын іздейді. Морфолог морфема, жалғау, жұрнақ, түбірді іздейді. Меніңше, ол дұрыс емес. Жазу, иә, дыбыстық жүйеге табан тірейді. Әліпбидегі әріптер жеке дыбыстарды таңбалайды. Бірақ жеке дыбыстарды ғана емес, кейде дыбыс тіркесін таңбалайтын да әріп болады ғой. Жазудың қызметі – қоғамда коммуникацияға қатысып отырғандардың ойын неғұрлым аз таңбаларға сыйғызып, соғұрлым жеңіл, ықшам түрде жеткізе қою. Жазуға ойыңызды сыйғыздыңыз ба, ол ойды оқып отырған оқырман ауыздан шыққан сөздегі әрбір дыбыстың ізін іздеп, таңбасын тауып отырмайды, қармап-қармап оқиды. Сөздің графикалық образы сурет сияқты жатталады. Адамның келбетін жаттап алғанымыз сияқты әр сөздің графикалық образын санаға сақтап аламыз, солай оқимыз. Әр сөздің құрамындағы жеке дыбыстың жеке таңбасын жаттап алып, оқитын болсақ, ол өте ұзақ, ыңғайсыз процесс болады.

Әліпби – неғұрлым аз таңбалармен, солғұрлым көп ақпаратты түсінікті жеткізудің құралы. Осы тұрғыдан келгенде, 70 пайыздан аса ғалымымыз жетілдірілген әліпбиді қолдап отыр.

Енді сіздің күдігіңізге келейік. Шын мәнінде, қоғамда әліпби қабылданбай қалмай ма деген күдік бар. Оны сейілту үшін ғалымдардың көпшілігі қолдаған жобаға басымдық берсек, меніңше, ұтылмаймыз. Сондықтан әліпбиді тезірек бекітуіміз керек.

– Соңғы әліпбиді жасап, сынап көруге үш мыңнан аса ғалым қатысты деп айттыңыздар. Ал қатыспағандар ше? Олар кім?

– Үш мыңның ішінде ғалым ғана емес, мұғалімдер, магистранттар, докторанттар, ішінара жоғары сынып оқушылары, министрлік қызметкерлері бар. Әліпби – жазу индустриясының құралы деп айтып кеттім ғой. Мысалы, сіз жазумен наныңызды тауып отырсыз. Біз өз кәсіби өмірінде жазумен айналысатындарға осы әліпби қаншалықты ыңғайлы екен, тексеріп көрсек дедік. Арнайы түрлі сауалнама өткіздік. Ең көп сауалнамамыз осы үш мың адаммен өткен сауалнама. Ол бір деңіз. Одан басқа ЖОО-ның елу филология кафедрасына соңғы әліпбидің емле ережелерін жіберіп, олардың пікірін жинап алып, емле ережелерін жетілдірдік.

Оның сыртында «Тіл-Қазына» орталығы жалпыхалықтық талқылау өткізіп, Нұр-Сұлтандағы жазуға тікелей қатысы бар кәсіби мамандарды, оның ішінде астанадағы барлық ЖОО-ның филология факультетінің мұғалімдерін, мектеп мұғалімдерін, тіл үйрету орталықтарының мұғалімдерін жинап, ашық талқылауға салғанда да осы жоба тағы да көпшіліктің көңілінен шықты. Соңғы кезде жетілдірілген әліпби жобасына байланысты бірнеше ұсыныс келіп түсті. Сондықтан осы жобаны бекіту үдерісі кішкене кешігіп қалды. Ұсыныстар кейбір таңбаларға қатысты екен. Ғалымдар қауымдастығы, әсіресе институт ғалымдары ешқашан айтылған ұсынысқа немқұрайлы қарамайды. Ол ұсыныстарды да тексеріп көрдік. Теориялық тұрғыдан қолайсыздығын анықтадық. Практикалық жағын қарау үшін 740 адамнан тұратын, жоғары курс студенттері, магистранттар, жоғары сынып оқушылары, мектеп мұғалімдері құралған топтан сауалнама алдық. Сауалнамаға қатысушылардың 63 пайызы Ү-ұрпағының өкілдері. Яғни 2001 жылдан бергі уақытта өмірге келгендер. Егер әліпби бекіп жатса, осы жазуды олар өз кәсіби өмірінде міндетті түрде қолданады. Олардың пікірі біз үшін маңызды болды. Ү-ұрпақ ағылшын тілін жақсы біледі, жаһанияттың бүкіл жетістігін қолданып жүр. Сауалнамадағы 740 адамның 70 пайызға жуығы тағы да жетілдірілген әліпби қолайлы деп көрсетті.

Жақында жетілдірілген әліпбиге қатысты ұсыныстар бойынша іс-шара өткіздік. Оған Zoom-да бес жүз адам жиналды. Барлығы өз саласындағы нағыз мамандар. Сол іс-шара соңында 240 адам қатысқан сауалнамада тағы да 68 пайыз респондент осы жобаны қолдап шықты.

– Ал жекелеген әріптерге қатысты сын-пікірді ескердіңіздер ме?

– Жетілдірілген әліпбиде ы дыбысын у таңбасымен берген едік. Осы ыңғайсыз деп жатыр. Себебі қазақ тілінде ы дыбысының жиілігі өте жоғары. «У-мен жазған сайын, жолдың астына түсіп отырады, сонда қазақ жазуы сопақ жазу болып көрініп тұрады» деген сын айтылды. Иә, ол шынында да солай. Көзшалымға кішкене қолайсыз. Бірақ латын әліпбиіндегі таңбалар жүйесінен басқа ыңғайлы таңба көріп тұрған жоқпыз. Түріктерде ыдыс дегендегі ы-ны ноқатсыз таяқшамен (ı) алған. Ал біздің, мысалы, «іні» дегендегі і әрпін ноқатты таяқшамен қалдырған. Оларда і дыбысы жоқ. Бәрін и-мен сөйлейді. Біз демейді, биз дейді. Сондықтан да оларда ноқатты і таңбасы и-ге де, и боп кеткен і-ге де жарай береді. Оларда екілік жүйе, ι және і (и). Ал бізде үштік жүйе. И бөлек, і бөлек, ы бөлек. Дауыссыз й-ді түріктер сияқты у таңбасымен берейік дейді ұсыныс айтушылар. Оны да қарап көрдік. Мысалы, кейбір түркі тілінде у (й) – мен келетін сөз, қазақ тілінде ж әрпі арқылы айтылады, жазылады: йахшы – жақсы, йемек – жемек. Сондықтан біз әріптерді басқа түркілер қалай алса, дәл солай ала алмаймыз. Біздің дыбыстық жүйе басқашалау. Бізде қазақ тілінде и деген дыбыс дауыссыз. Мысалы, ит дегенде [ійт] деген үш дыбыс бар. Сондықтан әліпбиімізде дауыссыз и-ге бір ғана ноқатты таяқша /і/ таңбасын алдық. Ал и-ді таратып жазсақ, тағы да ұтыламыз. Мысалы, итжидек дегенде ійтжійдек деп екі әріпті артық жазамыз. Жарайды, оған да жұртты үйреттік делік. Онда тарихи деген сөзді қалай аламыз: тарыйхый ма, тарійхій ме? Оқұйды, оқыйды ма? Ыйса ма, Ійса ма?

Назыйра ма, Назійра ма? Қарапайым жазарман осы жерге келгенде шатасады. Сол кезде қате көбейеді. Кейбір ғалымдарымыз, и мен і-ні бірге таңбалай берейік, оқырман ініні іні деп, ал институтты інстітут деп оқи береді дейді. Солай оқыса мейлі ғой. Институтты институт деп, ал ініні ини деп оқыса қайтпекпіз? Түріктер дәл осылай өзінің і дыбысынан айырылған жоқ па? Сол себепті біз бұл ұсынысты қолдай алмай тұрмыз. Ал ң-ның таңбасын ñ түрінде алуға қатысты ұсынысты ғалымдарымыз қабылдап келісті.

Сұқбаттың толық мәтінімен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар: http://anatili.kazgazeta.kz/news/59246