Бірнеше ай бұрын туристер үшін іске қосылған « Amazing Turkistan » қосымшасы, елдегі сынсағатта нағыз қажетті қосымшаға айналған еді. Әсіресе, #ҮйдеҚал деп денсаулыққа кері әсер туғызып, басын қатерге тікпес үшін, дүкен, азық-түлік базарлары, кафе-ресторандарда үйге дейін жеткізіп беру қызметтері жүзеге асқан болатын.
Ал, бүгінде олардың қатарына, қазіргі жағдайды ескере, мобильді қосымша авторлары қала әкімдігімен бірге « Дәріхана » бөлімін қосып отыр. Енді түркістандықтар дәріхананың және дәрінің орналасқан жерін, яғни мекен-жайын, тізімі мен атауын, байланыс нөмірін қосымшадан іздеп, таба алады. Сонда көрсетілген дәріхананы басу арқылы байланыс нөміріне өтіп, байланыс жасап, дәріні таба алады. Қажетті дәрі-дәрмекке анкета толтыру арқылы сұраныс жасап, ал ондағы азамат жайлы мәлімет 48 сағатта жойылатын жүйе де қарастырылған.
Дәрі бағасының негізсіз көтерілуі сынды жағдайлар орын алған болса да, « Шағымдану » бөлімі арқылы шағым жасауға мүмкіндік бар. « Amazing Turkistan » қосымшасына әсіресе, елдегі әр жағдайда қажетті жүйелерді кірістіруге барынша ықпал жасалып, жылдам қолға алынуда.
Жалпы, наурыз айында іске қосылған « Amazing Turkistan » қосымшасын бүгінде 70 мыңға жуық адам пайдаланады. Ал, бір ғана « Дәріхана » бөлімі арқылы қаладағы 136 дәріханамен байланыс жасап, ақпарат алуға жағдай жасалған. Алда да тұрғындарға аса қажет болар бөлімдермен толықтыру көзделген.